Білім

Заң қалай орындалып жатыр?

Брифинг

«ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының іске асырылуы туралы». Өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта  брифинг өтті.  Шараға облыстық білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева және аталған департамент жанындағы консультативтік кеңестің мүшесі Марта Малайдар қатысты.

Өткен жылдың қаңтар айынан бастап биылғы сәуір айына дейін облыстық білім саласындағы сапаны бақылау департаментіне  «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарын бұзу бойынша 195 өтініш түскен. Барлық өтініштер дер уақытында қаралыпты. Департамент басшысының айтуынша, өтініштердің басым бөлігі жалақы есептеу, төлеу және қосымша төлемдер мәселелеріне қатысты болған.

Осы өтініштерге байланысты жоспардан тыс  7 тексеру жүргізілді. Қорытындысында анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша нұсқамалар берілді. 

Жұмысқа маман емес педагогті, яғни сабақ берген пәнінің маманы емес маманды  қабылдағаны үшін мектеп басшысына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ директордың мұғалімдерді мектептің жөндеу жұмыстарына тартқаны расталып, мектеп директорына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалып, ескерту берілді. Мұғалімдерден артық есептілік талап еткені үшін аудандық білім бөлімінің әдістеме кабинетінің меңгерушісіне де ескерту берілді.                                

Сондай-ақ педагогке былапыт сөйлеген жеке тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (83 340  теңге) айыппұл салынды, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан педагогикалық әдеп және педагог құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңес органы құрылған. Қысқа мерзім ішінде консультативтік кеңестің  мүшелері педагогикалық этиканы бұзу бойынша 2 өтініш қарап, қорытындысында анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар берген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button