«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Тал егу маусымы басталды

Сенбі күні Триатлон саябағында қала бойынша тал отырғызу маусымы ашылды. Осы маусымда аталған саябақта 2500-ден астам жас көшет егіледі. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров айтты.

Соңғы жылдары қалада жасыл желек азайып кетті. Осыған байланысты былтыр қала әкімдігі волонтерлермен бірігіп, тал кесуге тыйым салған болатын.

— Бұдан былай суару жүйесі жүргізілген жерлерге ғана тал егуге рұқсат беріледі. Сондай-ақ біз ағаш кесуге тыйым саламыз және ірі өндірістік  компаниялардан компенсациялық ағаш отырғызуды талап ететін боламыз. Биыл 45 мың шаршы метрге жасыл желек егіледі. Оның 28 мыңы — көпжылдық өсімдік. Енді жыл сайын қаражат шығындамас үшін көпжылдық гүлдерге көңіл бөлетін боламыз. Сондай-ақ осы жұмысты міндетіне алатын компаниялармен үш жылға келісімшарт жасалады. Бұл ол компаниялардың жауапкершілігін арттырады, — дейді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Ақтөбені жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен әкім өзі бастап тал екті. Тал егуге мемлекеттік қызметкерлер, қалалық мәслихат депутаттары, қала тұрғындары белсене атсалысты. Солардың бірі — «Актобе, дыши» қозғалысының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчук.

— Алдыңғы күні шабдалы мен аққайың көшеттерін ектік. Бүгін үйеңкі мен терек егіп жатырмыз. Сондай-ақ бүгін жоспардан тыс екі мың көшет тегін таратылды. Әрине, қала тұрғындары егеміз деп алып жатыр. Адамдар өз істеріне, яғни еккен талдарына жауапкершілікпен қарайды деп үміттенемін. Әйтпесе жаңадан егілген көп талды бақылау да мүмкін емес қой. Алайда біздің мақсат — тек тал егіп қана қоймай, қаламызда бір әдемі саябақтың пайда болуына үлес қосу, — дейді ол.

Былтыр Ақтөбеде бірнеше гүлзар жөнделді. Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл тағы сондай 14 демалыс аймағы абаттандырылады. Әсіресе Нұр-Ақтөбе» секілді қаланың шет аудандарына, елді мекендерге басымдық беріледі.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button