Денсаулық

Оқушылар арасында індет жұқтыру дерегі жиі тіркелді

Брифинг

Облыста соңғы 7 күннің ішінде коронавирус инфекциясы бойынша 981 жағдай тіркелген. Ал 18 сәуір күні 206 адам қауіпті індет жұқтырған. Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 646 адам ем алуда. Оның 429-ы Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 206 адамның 146-сында ауру белгілері байқалған, қалған 60-ы симптомсыз тіркелген. Аурушаңдықтың   өсу  деңгейі — 2,8 пайыз.

— Соңғы уақытта 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру жұқтыру дерегі жиі тіркеліп отыр. Мәселен, 1 қыркүйектен бастап 18 жасқа дейінгі 617 бала, соңғы тәулікте 22 оқушы вирусқа шалдыққаны белгілі болды. Сондай-ақ 18 сәуір күні мұғалімдер арасында — 4, медицина қызметкерлері арасында 4 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда үй карантиніне 4982  адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Мұхтар Сербаев. 

Оның айтуынша, облыста соңғы тәулікте пневмония бойынша 15 жағдай анықталған. Атап айтсақ, Хромтауда — 5, Темірде — 4, Алға және Мұғалжар аудандарында 3 жағдайдан тіркелген.

Бүгінде облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. Былтырғы жылдың 6 қазанынан бастап Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 39 405 адам, Мәртөктегі «Жайсаң» пункті арқылы 74 552 адам өткен. Келген адамдардың жалпы санынан 78 адамда коронавирус инфекциясы анықталған.

— Мобильді мониторингтік топ өкілдерінен және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес анықталған құқықбұзушылықтар үшін 31 миллионнан астам теңге көлемінде 225 айыппұл салынды. Бүгінгі күні Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 28 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 28 объектіге 3 жарым миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салынды.

Соңғы кезде коронавирус инфекциясының «британдық» жаңа штамы пайда болғанын білесіздер. Осыған байланысты инфекцияның тез таралуын байқап отырмыз. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз, — деді Мұхтар Сербаев.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жалпы пандемия басталғалы індетпен ауырған 5646 науқас емделіп, жазылып шыққан. Бүгінде карантиндік стационарларда 26 адам бақылауға алынса, жансақтау бөлімшесінде 46 науқас ем қабылдауда.

Ақпан айынан бастап облысқа 45 400 доза вакцина жеткізілген. Осы күнге дейін 32 164 адам екпе алған.

Брифинг соңында әлеуметтік желі арқылы түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button