Жаңалықтар

Кәсіпкерге арбитр не үшін қажет?

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері Арбитраж орталығының қызметі туралы ақпараттандырылды. Онлайн режимде ұйымдастырылған өңірлік кеңестің кезекті отырысы кеңес төрағасы Асхат Айтжанов пен өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Сұлупан Шынтасованың қатысуымен өтті.

Арбитраж орталығы — Ұлттық палатаның еншілес ұйымы, дауларды соттан тыс қарау саясатын іске асырады.

Онлайн кеңес барысында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Арбитаж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев төрелікте дауларды шешудің артықшылықтары туралы айтып берді, онда тараптар құзыретіне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейі мен беделіне сүйене отырып, тәуелсіз төрешілерді өздері таңдайды.

— Арбитраж шешімдері әлемнің 160-тан астам елінде орындалады, ал алым сомасы талап ету сомасының 0,5%-ын құрайды, бұл сот инстанцияларындағы алымдарға қарағанда шамамен 6 есе арзан. Бұл ретте төрелік шешімдер құпия болып табылады және дауды шешу фактісінің өзі сияқты жария етілмейді. Сонымен қатар барлық сот шешімдері ашық түрде жарияланады, бұл процесс тараптарының коммерциялық құрамдасына да, олардың беделіне де әсер етуі мүмкін, —  деді Арбитраж орталығының атқарушы директоры.

Оның айтуынша, егер сотта дауларды қарау бір жылға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін болса, Арбитраж орталығында оларды қарау үшін бірнеше ай ғана  қажет. Өйткені мұнда тек бір ғана инстанция бар, ал апелляция мен кассациялық қарау жоқ.

Сондай-ақ өңірлік кеңес барысында Байғанин және Темір аудандарының Кәсіпкерлер палатасы филиалдары директорларының есептері тыңдалып, ауылдағы бизнестің өзекті мәселелері қаралды.

Есеп беру қорытындысы бойынша бизнес құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді анықтау және бизнес пен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты жандандыру бойынша ұсынымдар берілді.

Отырыс соңында палатаның Мәртөк ауданындағы филиалының директоры тағайындалды. Кеңес мүшелерінің келісімімен бұл қызметке Райгүл Қарылғашева тағайындалды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button