Тәуелсіздік — 30

Жылыжайы бар мектеп

Ақтөбе қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектептің ұжымы биыл өз күштерімен жылыжай салып алды.  Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту болмақ.

Жылыжайдың аумағы — 24 шаршы метр. Жылу жүйесімен қамтылған. Мектеп ауласынан салынған жылыжайдың ішіне ақпан айының соңына таман алғашқы тұқым себілді. Қияр, қызанақ, асқабақ, тәтті бұрыш,  сәбіз, қызылша, баялды, шалқан көкөністерінің өскіндері отырғызылған болатын. Сонымен бірге бірнеше гүлдердің  түрі егілді. Ерте гүлдеген бақша дақылдарының  барлығы да бой көтеріп, бүгінгі күні қияр бере бастады.  Бәрінен бұрын тез шығатын,  жаз маусымында 3 рет өнім беретін шалқанның алғашқы өнімі жиналып алынған.

Жылыжайда мұғалімдер мен оқушылар биология сабағынан өсімдіктер бөлімі бойынша практикалық жұмыстар жүргізеді. Ал мектеп ауласы, бөлмелері мен дәліздері мұнда өсірілген гүлдермен көмкеріліп, безендірілмек.

Біз бұл бастамамызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаймыз. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Осы ісімізбен елімізде жүргізіліп жатқан көгалдандыру науқанына тамшыдай болса да үн қоссақ дейміз. Әрі жылыжай мектеп оқушылары үшін де өте пайдалы. Өз қолымызбен өсірілген бақша өнімдері мектеп асханасына тапсырылып, тамақтың мәзіріне қосылады. Мектепті таза көкөністермен қамтамасыз етуді жоспарлап қойдық. Жылыжайдың ауқымын кеңейтуді көздеп жүрміз, — дейді мектеп директоры Сәбит Шүйтенов.

Айта кетсе, Сәбит Жексенбайұлы біраздан бері гүл егумен айналысады. Бұл — оның — хоббиы.  Өз қолымен отырғызылған хош иісті гүлдері мектептің барлық бөлмесінде қысы-жазы жайқалып тұрады.

Мектеп ауласында алма бағы да бар. Биылғы түлектер тағы да алмұрт, алма ағашын  егіпті. Мектеп директорының айтуынша, биыл мектеп ауласында Ойыл ауданының Барқын құмында өсетін биік қарағайлар бой көтермек.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button