Жаңалықтар

Тағы да жер мәселесі: бөлім басшысы қызметінен кетті

Мүдделер қақтығысына жол берген бірнеше шенеунік тәртіптік жазаға тартылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық Әдеп жөніндегі кеңесінің Zoom платформасы арқылы өткен кезекті  отырысында мүдделер қақтығысына жол беріп, жер телімдерін беру бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу барысында жер заңнамасын бұзып, кейбір әлеуетті қатысушылардың өтінімдеріне бас тарту арқылы ашық кедергі жасаған жер комиссиясы мүшелері Байғанин ауданы әкімінің орынбасарына, Байғанин аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына, Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы-заңгеріне, Қарауылкелді, Ащы, Көлтабан, Қызылбұлақ, Миялы, Жаңажол, Жарқамыс ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты тәртіптік іс қаралды.

— Байғанин ауданы әкімінің орынбасары баласының атындағы «Абдулла» шаруақожалығына ауданға қарасты қосалқы жер қорынан жайылымдық мақсатқа 2400 гектар жер берген. Ал аталған шаруа қожалығындағы мал саны 15 қана. Конкурс комиссиясының бұл шешімінен кейін өтінімі қанағаттандырусыз қалған «Шаттық» шаруа қожалығының иесі аудан әкімдігіне шағымданады. Аудан әкімінің орынбасары комиссия төрағасы бола тұра мүдделер қақтығысына жол берген. Дегенмен ол кеңес кезінде жер комиссиясының мүшелерінің барлығы үшін жауап бере алмайтындығын, әр комиссия мүшесінің кімге дауыс беретіндігін өзі шешетіндігін айтты, — делінген департаменттің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Сондай-ақ «Райса», «Төре» және «Нұр» шаруақожалықтарының жеке қаражаттарының инвестицияға жатпайтындығын алға тартып, берген өтінімдері комиссия мүшелерінің ашық дауысына салынбай заңсыз алынып тасталған. Шешіммен келіспеген жер комиссиясы мүшелері жазбаша пікірін білдіру құқығын пайдаланбаған. Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес кәсiпкерлiк қызмет үшiн инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi  инвестициялар болып табылатындығына қарамастан, шаруақожалықтарға жеңімпаз атануға мүмкіндік бермеген. Дегенмен Жаңажол ауылдық округінің әкімі өзінің дауысқа салуды ұсынғанын, шаруақожалықтарының құжаттары толық емес болғандықтан ғана қайтарылғандығын айтты.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Байғанин аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының бір жыл ішінде қайталап теріс қылық жасауына байланысты атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, қалған қызметкерлерге қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button