Жаңалықтар

Екпе алдыңыз ба?

Облыста тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Ақпан айынан бастап осы күнге дейін өңірге «Спутник V»  вакцинасының 45 400 дозасы жеткізілді. Екпенің бірінші  компонентін 26 214 адам алса, екінші компонентімен  5 950  адам егілген.

Қазір қала тұрғындары өзі тіркелген емханаға барып, екпе алып жатыр. Вакцина салдырған тұрғындарды сөйлетсек…

Салтанат Ерланқызы, «Керек.info» газетінің тілшісі:

— Бастапқыда екпе салдырудан қорқып жүрдім. Себебі әлеуметтік желіде оның зияны туралы көп айтылды.  Кейін сенімді ақпарат көздерінен оқып, екпенің маңызын түсіндім. Анам емханада жұмыс жасайды. Күн сайын жүздеген адам келеді. Анам да екпенің індетті тоқтатудың жалғыз жолы екенін айтты. Өзі де екпе алды.  Осыдан кейін көп ойланғаным жоқ. Әріптестеріммен бірге екпе алуға бардым. Вакцина салғаннан кейін алғашқы күні өзімді жайсыз сезіндім. Ауырсыну сезімі болды. Ұйқым келді, тамаққа тәбетім болмады. Әлсіреп, дәм сезбедім. Ащы тағам жегім келді. Екі-үш күннен кейін бәрі басылды. Қазір өзімді жақсы сезінемін.

Былтыр жазда жағдайдың қалай болғанын бәріміз білеміз. Індет жас, кәрі деп талғамады. Дем жетпей қаншама адам өмірімен қош айтысты. Қанша адамның өкпесі қабынып, аурудан әрең бас көтерді. Сондықтан екпе алып, аурудың алдын алған дұрыс. Отбасымыздың, жақындарымыздың амандығы үшін вакцина алу керек.

Әсел Мұстафина, Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық филиалының жетекшісі:

— 17 наурыз күні «Спутник V»  вакцинасының бірінші компонентін алдым. Екпе салмас бұрын дәрігер қабылдап, бірнеше сұрақ қойды. Қан қысымымды өлшеді. Ешқандай қарсы көрсетілім болмағасын егілу бөлмесіне жіберді. Вакцинаны алғаннан кейін отыз минут дәрігердің бақылауында болдым. Екі-үш күн жанама әсері болды. Әлсіздік байқалды. Бұндай жанама әсердің болуы қалыпты құбылыс екен. Дәрігер екпеден кейін тәтті жеуге, салқын тигізуге, дәрі-дәрмек қабылдауға болмайтынын айтты. Бас ауырып, жайсыз сезінетінімді де ескертті. Бірақ айтарлықтай қызу көтеріліп, ауырғаным жоқ. Жиырма бір күннен кейін екінші дозаны алдым. Бұл жолы ешқандай кері әсер байқалған жоқ. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жалпы, екпеге мені ешкім үгіттемеді. Өз еркіммен бардым. Себебі былтырғы жаздағы жағдайды бәріміз білеміз.

Вакцина – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Кейбір таныстарым «сен бірінші ал, сосын мен аламын» дейді. Әзіл болса да ол адамның вакцинадан қорқатынын, «не болса да бірінші басқа адамда болсын» деген көзқарасты байқайсың. Тұрғындарға айтарым, екпеден қорқып, қашудың қажеті жоқ. Өкпе қабынып, аппаратқа таңылып жатқан адамдар бар. Сондай күйге түспес үшін вакцина салдыру керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button