Жаңалықтар

Ауылдастары пошташыға велосипед мінгізді 

Рамазан айында жақсылық жасап, пейілдің кеңдігін көрсету — сауапты іс. Темір ауданының белсенді жастары осыны іспен дәлелдеп, пошташыны тосын сыйымен қуантты. 

Темір аудандық жастар саясаты және дін істері орталығы қасиетті айда «Халық алғысы» акциясын бастады. Аталған жобаның негізгі мақсаты — ел аузында жүрген қарапайым еңбек адамдарын өзгелерге үлгі ету, оларға қолдау көрсету.

Бастамашыл топ «Қазпошта» мекемесінің аудандағы қызметкері Эльмира Нұрмұханованы бірінші кейіпкер етіп таңдап алды. Ауыл-аймақтағы жұртшылыққа хат, газет-журнал жеткізетін пошташының еңбегі ерен. Ауа райының қолайсыздығы, көшедегі hәм жолдағы қауіп-қатерге қарамастан, қысы-жазы өз міндетін адал атқаратын оны тұрғындар асыға күтеді. Жаhандану заманында қанша жерден ғаламтор төрге озды десек те, бәрібір үйге «өз аяғымен» келетін хат-хабарлардың жөні бөлек. Екі жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан Эльмираны жерлестері сол үшін жақсы көреді.

Пошта қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, олардың қызметін жеңілдетуді және тұрғындардың алғысын жеткізуді  көздеген белсенділер «Зере» сауда үйінің қолдауымен Эльмира Рашидқызына «Халық алғысы» логотипі бар жаңа велосипедті сыйға тартты. Енді ол қашық жерге қиындықсыз жетіп, өз қызметін мүлтіксіз орындайтын болды.

36 жастағы пошташы өзіне жасалған осынау құрметке ризашылығын білдіріп, игі істі ұйымдастырушыларға жақсылық тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ, 

Темір ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button