Денсаулық

Сұрақтар мен жауаптар

Қазір елімізде індет өршіп тұр. Өкінішке қарай, бірнеше облыс қызыл аймақ қатарына кірді. Осы орайда қазір қазақстандықтарды жиі толғандыратын бірқатар сауалдар мен жауаптарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

— Коронавирус инфекциясымен күресу үшін Қазақстанда медициналық кадрлар жеткілікті ме?

— Біздің елімізде мейірбикелерге тапшылық жоқ. Бүгінде денсаулық сақтау саласында 108 мың маман жұмыс істеп жатыр. Аймақтардағы маман жетіспеушілігін алдын алу мақсатында медициналық колледж бен медициналық жоғары оқу орындарының түлектері тартылатын болады. Жыл сайын медицина мамандарын даярлайтын оқу орындарын 7-8 мың мейірбике бітіруде. Биылдың өзінде техникалық және кәсіби деңгейдегі білімі бар 7,8 мың, магистратура бітірген 141 маман еңбек етуде. Дегенмен дәрігерлер жетіспеушілігі бар. Мамандар тапшылығы Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 616 анестезиолог-реаниматолог, 158 инфекционист, 60 эпидемиолог, 166 кардиолог, 68 пульманолог, 84 реабилитолог қажет. Бұл проблеманы шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық жұмылдырылған медициналық кадрлар бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастырмақ. Бұл аса мұқтаж өңірлерге консультациялық және практикалық көмек көрсететін 40 мыңнан астам маманды қамтиды. Қазірдің өзінде жеке сектордың 60%-дан астамы жұмысқа тартылған. Олармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалып жатыр.

— Пандемиямен күрес үшін қанша қаражат бөлінді, оның қаншасы Үкімет резервіне тиесілі? Бұл қаржы қалай бөлінді?

— Денсаулық сақтау министрлігі 114 826,1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты екі тараптан алды: Үкімет резервінен және республикалық бюджет қорынан. Үкіметтен алынған 40 058,6 миллион теңге бірінші кезектегі қажеттіліктерге, соның ішінде медициналық қызметкерлерді қорғауға жұмсалды. 21 184 миллион теңгеге коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған барлық мамандар үшін жеке басты қорғайтын заттар алынды. Дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды сатып алуға 2 030,8 миллион теңге, зертханалық құрылғылар мен коронавирусты анықтайтын тест жүйесіне 2 503,3 миллион теңге, коронавирусты анықтайтын реагенттерді әзірлеу және шығару үшін 100,0 миллион теңге жұмсалды. ПТР әдісі арқылы зертханалық зерттеу қызметіне 13 799,4 миллион теңге бөлінді. Тағы 310,0 миллион теңге жедел медициналық жәрдем автокөліктерін жабдықтау үшін отандық өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға және 131,1 миллион теңге азаматтарды эвакуациялауға бағытталды. 2020 жылға арналған республикалық бюджет қаражатынан 74 767,5 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 19 509,6 миллион теңгесі медициналық ұйымдардың инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларында көрсетілетін медициналық қызметтерге, 40 457,9 миллион теңгесі карантиндік іс-шараларды өткізуге тартылған қызметкерлерді ынталандыруға және тағы 14 800 миллион теңге Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларындағы инфекциялық ауруханаларды орналастыру үшін тез салынатын кешендер құруға жұмсалды.

— Эпидемияға дейін елімізде өкпені жасанды желдететін қанша аппарат болды және оның қаншасы қосымша сатып алынды? Қазіргі таңдағы қажеттілік қандай?

— Бүкіл ел бойынша бізде өкпені жасанды желдетудің 3 294 стационарлық аппараты бар және қазір оларды өңірлердегі қажеттілікке байланысты қайта бөлу бойынша шаралар қабылдануда. Бірақ біз мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз, сондықтан қазір өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, аппраттарды толықтыруды көздеп отырмыз. Жақын арада медициналық ұйымдар тағы 1 658 стационарлық өкпені жасанды желдету аппаратын алады. Олардың ішінде 680-і — портативті, олар жедел медициналық жәрдем автокөліктерін жаңартып, қосымша жарақтандыруға арналған, 978-і стационарлық-базалық кеңейтілген функциялары бар. Осыған орай COVID-ке шалдыққандар санының артуы және аурудың алдағы уақыттағы таралу қаупін ескере отырып, биыл тағы да 4 мың өкпені жасанды желдету аппаратын қосымша сатып алу мәселесі қарастырылуда.

— Қазақстанда қанша экспресс-тест жасалды және оның қаншасында коронавирус антиденесі табылды?

— Зертханалық дерек негізінде жүргізілген бағалаудың алдын ала нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы 100 пайыз анықталған және емделіп шыққан адамдарда коронавирусқа антиденелер анықталды. Алайда антиденелерді өндіру ауру басталғаннан бастап белгілі бір күндері біркелкі емес, олардың әртүрлі титрі бар және коронавирусқа төзімді иммунитетті жасау мәселелері де бар. Сондықтан бұл егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді. Біз оны Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп өткізілетін коронавирус инфекциясын сероэпидемиологиялық зерттеу бағдарламасына енгіздік. Зерттеу Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының базасында ұйымдастырылады. Сондай-ақ антиденелерді зерттеу диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасына және Бас санитарлық дәрігердің қаулысына енгізілген.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда коронавирусқа тестілеу деңгейін күніне 35 мыңға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл тапсырманы қанша мерзімде жүзеге асыру жоспарлануда?

— Бұл тапсырма биыл тамыз айының ортасына дейін жүзеге асырылмақ. Ол үшін Үкімет бөлген қаражат есебінен 15 стационарлық және 5 мобильді ПТР-аппарат сатып алынады. ПТР-тестілеуді өткізу үшін қосымша 8 жылжымалы зертхана сатып алынады. Жалпы, бүгінгі таңда елімізде 46 зертхана жұмыс істейді, олардың өз қорында ПТР-анализаторлары бар. Наурыз айының басынан бері ел бойынша барлығы 1 662 291 ПТР- тест жүргізілді, оның 80 996-сы оң нәтиже көрсетті, бұл 4,8 пайызды құрайды. Өткізу қуатын арттыру үшін осы айдан бастап қосымша тест алуды мобильді бригадалар мен жедел жәрдем жүргізеді.

— Жедел жәрдем шақыру кезінде ПТР-тестке талдау алу үшін ақы төлеу қажет пе?

— ПТР-ға талдау алу жедел жәрдемді шақыру кезінде  тегін, яғни тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Мұндай қызметті көрсетудің барлық негізделген жағдайларын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға төлейтін болады. Бұл — COVID-19 күдігі бар, сондай-ақ ЖРВИ немесе пневмония симптомдары бар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тестілеу. Кейіннен мұндай пациенттерге зерттеу үшін зертханаларда, оның ішінде ТМККК және МӘМС шеңберінде зерттеулерді орындауға шарт жасалған жекеменшік зертханаларда жолдама беріледі. Жеке зертханалар, сондай-ақ қызмет көрсетуді қалайтын тұлғалар үшін ақылы негізде де жүзеге асыруды жалғастырады.

Сапасыз медициналық қызмет көрсету бойынша халықтан түскен шағымдарға мониторинг жүргізіле ме? Медициналық көмек ала алмаған адамдар қайда жүгінуі керек?

— Елімізде мониторинг күнделікті негізде жүргізіледі. «Осы жерде және қазір» қағидаты бойынша мәселелерді жедел шешу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 1406 бірыңғай байланыс орталығы құрылды, онда әрбір адам емдеу немесе медициналық көмекті ұйымдастыру жөнінде кеңес алып, шағым да қалдыра алады. «1406» бірыңғай байланыс орталығы 24/7/365 тәртібінде жұмыс істейді.

Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасын іске қосты, ол өте сұранысқа ие, себебі көптеген адамдарға электрондық үндеу қалдыру үшін ыңғайлы.

— Неліктен азитромицин дәрілік препаратын дәріханалар желісі арқылы сатпай, халыққа тегін бермейді?

— Тіркеуде тұратын диспансерлік науқастарды тегін препараттармен қамтамасыз ету мақсатында бекітілген амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімі бар. Соған сәйкес жеңіл және орта дәрежедегі пневмонияға шалдыққан науқастарға амоксицилин, азитромицин тегін беріледі. Бұл дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға да ақысыз ұсынылады. Оған қоса цефупроксим, ибупрофен мен парацетамол қарастырылған. Барлық дәрі-дәрмектерді «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы сатып алды және медициналық ұйымдардың қажеттілігіне сәйкес жеткізіледі. Бүгінгі күні дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінің деректері бойынша барлық медициналық ұйымдардың дәрілік заттардың жеткілікті қоры бар. Сондай-ақ клиникалық хаттамаға сәйкес елімізде Жапония мен Ресей елдерінде COVID-19 емдеуде кеңінен қолданылатын фавипир препаратын стационар деңгейінде тағайындау мүмкіндігі пайда болды.

— Парацетамол, ингавирин және градусниктердің сатып алынатын бағасы қандай? Олар дәріханаларға қандай бағамен сатылады? Дәрілерге қанша үстеме қосуға болады?

— Парацетамолдың көтерме саудаға шығудағы бағасы оның шығу формасы, мөлшері, өндірушісі мен басқа да критерийлерге байланысты 21-ден 1210 теңгеге дейін. Ингавирин 60 мг №7 шекті бағасы — 4240 теңге, ал Ингавирин 60 №7 бағасы — 2270 теңге. Көтерме үстеме баға дәрілік заттың бағасына байланысты үстеме бағаның регрессивті шкаласына сәйкес сараланады және 10%-дан 21%-ға дейін белгіленген. Бөлшек сауда бағалары ұқсас қалыптасады және 10%-дан 55%-ға дейін құрайды.

— Аурудың симптомсыз түрінде антибиотиктерді тағайындау орынды ма?

— Қазақстанның практикалық денсаулық сақтау саласында «COVID-19 коронавирус инфекциясы» диагнозы мен емдеудің клиникалық хаттамасы қолданылады, онда COVID-19 негізгі терапиясы — бұл симптоматикалық терапия, ол симптомдарды жоюға бағытталған емдеуді қамтиды: қызба, жөтел, ентігу, интоксикация.

Қызбаны тоқтату үшін қызуды төмендететін препараттар — парацетамол, ибупрофен, сондай-ақ салқындатудың физикалық әдістері қолданылады. Аурудың симптомсыз және жеңіл түрінде амбулаторлық деңгейде бактерияға қарсы және этиотропты терапия жүргізілмейді. COVID-19 кезінде вирустық пневмония бастапқы эмпирикалық бактерияға қарсы терапия үшін көрсеткіш болып табылмайды. Антибиотиктерді тағайындау қайталама бактериялық пневмонияны қосқанда ғана көрсетілген және «ересектердегі пневмония (ауруханадан тыс пневмония)» клиникалық хаттамасына және «балалардағы пневмония» клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізіледі.

 coronavirus2020.kz сайтынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button