Тұлға

Алаштың асыл перзенті еді…

Қазақтың елін, жерін қалтқысыз сүйген тағы бір аяулы перзенті өмірден өтті.

Әскери сала қайраткері, әскери ғылымдардың докторы, профессор Ким Серікбаев 87 жасында ортамыздан алыстап, фәниден бақиға кетті.

Ким Серікбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Уфа әскери училищесін, Мәскеудегі әскери академияны бітірген. Қиыр Шығыс, Прикарпатье, Мәскеу, Орта Азия әскери округтерінде, Мәскеудегі әскери академияда, Алматы жоғары әскери командалық училищесінде қызмет етті. Әскери шені — полковник.

1992-1999 жылдары — Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі; ҚР Президенті аппараты мен Минстрлер Кабинеті жанынан құрылған Қорғаныс бөлімінің жетекшісі; ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесші, т.б. жауапты қызметтер атқарды. Әскери ғылым саласындағы негізгі ғылыми-зерттеу бағыты — мемлекеттің әскери қауіпсіздігі, әскери құрылым мәселелері, жалпы тактика және оперативтік іс-қимыл. 180 ғылыми еңбектің, Бауыржан Момышұлы туралы естелік кітаптардың авторы.

Ким Серікбаевтың еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі, ғазиз есімі ұрпаққа мәңгі үлгі болмақ.

Халқының асыл перзенті болып ғұмыр кешкен ардақты ағаның нұры пейіште шалқығай дей отырып, оқырмандарымызға оның көзі тірісінде біздің газетіміздің тілшілеріне берген сұхбаттарынан, туған топырағында өткен кездесулер кезінде айтқан ой-толғамдарынан үзінділер ұсынамыз:

«Менің туған жерім — Хромтау ауданының бұрынғы «Мағаджанов» кеңшарының екінші фермасы болған Көптоғай деген елді мекен. Одан Алға ауданының шекарасына қарай Табантал деген ауыл бар. Балалық шағым сонда өтті. Жыл сайын дерлік осы өңірге ат ізін салып тұрамын. Онда мен үшін өмірдегі ең қымбат жандар — әке-шешемнің бейіті бар. Барып дұғамды бағыштаймын, сосын балалығымның ізі қалған жерлермен жүріп өтемін.

Әкем Серікбай қарапайым шаруа адамы. Патшаның жарлығымен он алтыншы жылғы окоп қазу жұмыстарына қатысқан. Соның әсері ме екен, орысшасы мықты еді. Тағы бір таңғаларлығы, арабша оқуы да тым тәуір-тұғын».

 

ххх

«…Әскери мамандыққа қызығуыма Жансен Кереев әсер етті. Онымен Ақтөбедегі №6 орта мектепте бірге оқыдым, интернатта бірге жаттық. Жансен менен екі сынып жоғары оқыды. Ол көп үндемейтін, нақты сөйлейтін, салмақты жігіт болып өсті. Әлі есімде, Жансеннің жазуы керемет әдемі шығатын. Ол кезде машинка, қазіргідей компьютер жоқ. Мектептегі қабырға газеті қолмен жазылады. «Крокодил» деп аталатын сол газетті шығарушылардың бірі сол Жансен еді.

Қысқасы, Жансен Кереев сол кезден бастап маған қай жағынан да үлгі болды. Сол кезден бастап оны алдымдағы бағдаршыдай сезінумен болдым».

 

ххх

«Біз майдандағы аға-апаларымыздың ерлігі туралы күн сайын естіп өстік. Ал соғыстан аман-есен оралған жандардың қаншалықты жанқиярлықпен еңбек еткенін өз көзімізбен көрдік. Майданнан бір қолы, бір аяғы жоқ келген мүгедектер де қарап отырмай, аянбай еңбек етті. Сол еңбектері үшін «ұрпақ қамы» дегеннен басқа ештеңе тілемеді. Патриоттық тәрбие деген, міне, осы еді. Ал қазір бұл — қиын мәселе. Бүгінде генералдар түрмеде отырады, үлкен басшылар шетелде қашып жүреді. Жастар кімнен үлгі алмақ? Сондықтан біз жастарға тарихымызды, Баукең сынды даңқты тұлғалар туралы әңгімелерді үйде де, түзде де үзбей айтып отыруға тиіспіз».

 

ххх

«Мәскеуден Алматыға енді оралған кезім. Конев училищесінде сабақ бере бастадым. Бір күні бізге республика басшысы Қонаев келді. 11 кафедраның меңгерушілері басшылардан кейін тізіліп тұрмыз. Димаш ағамыз бәріміздің қолымызды алып, амандасып келеді. Менің қолымды ұзағырақ ұстады. Мұнысын: «қазақтар да бар екен ғой?!» — деп қойып қалмай, бірақ сол ойын мәдениетті түрде жеткізгені болар деп түсіндім. Барлық кафедраларды аралап шықты. Кезек маған да жетті. Жанымды салып түсіндіріп, қажетті нәрселерді айтып жатқанмын. Әңгімемді бөліп, қазақша: «Отбасың бар ма?» — деп сұрады. «Иә». «Қайда?». «Мәскеуде». «Неге алып келмегенсің?». «Дінмұхамед Ахметұлы, қалай пәтер аламын, солай отбасымды әкелемін», — дедім. «Пәтерім жоқ, қалай әкелмекпін?» — деп уайым соғып жатпай, осылай жай ғана айта салғаным дұрыс болған секілді. Ол кісі сол бойда Алматы қалалық партия комитеті басшысына: «Мына жас жігіт Мәскеуге қайтып кетпей тұрғанда, тез арада пәтер мәселесін шешіп беріңдер», — деп тапсырды. Осылайша, Димаш ағамыздың арқасында көп қиналмай, жақсы жерден төрт бөлмелі пәтер алдым…

Жастарға әрдайым айтамын: «Өмірде тек жақсылықтарды ғана есте сақтаңдар, ал жамандық көрсеңдер, жылдамырақ ұмытуға тырысыңдар. Мен әрдайым өзімді жақсы адамдарға қарызбын деп ойлаймын, сол қарызымды басқаларға деген жақсылықпен өтесем деп жүремін. Жақсылықты көбірек жасауға ұмтылыңдар!»

 

ххх

«Мен Бауыржан Момышұлын пір тұтқан адаммын. Тірлікте онымен қоян-қолтық араластым, жақын жүріп сырластым, жанынан табылдым деп өтірік көлгірси алмаймын. 1975 жылы  Алматы жоғары партия мектебінде әскери кафедра бастығы болып бара жатқанымда, Бауыржан ағамыз «Сенің келешегің бар азамат екенсің, бірақ мына жерде көп отырып қалма!» деген сөзін айтқан. Ол кісінің осы лебізі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады.

Жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру — менің ғұмырымның бір бөлшегі іспетті. Бүгінге дейін осы бағдарымнан тайған емеспін. Өмірлік тәжірибемді пайдаланып, бірнеше кітаптар жаздым.

…1988 жылы мен отставкіге шыққаннан кейін Алматы қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатты басқаруға келдім. Сол тұстағы қолға алған бір шаруам даңқты қолбасшы полковник Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөніндегі республика жұртшылығының бастамасын барынша қолдауға ұйытқы болу еді. Ал 1991 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Қаулысымен біздің республикалық әскери мектеп-интернатына Бауыржан Момышұлының есімі берілуі біз үшін ерекше қуаныш, айрықша жеңіс іспетті болды».

 

ххх

«Мен өмірде турашылдықтан көп зардап шектім. Мінезім басқаша болғанда, қызмет бабым да, шенім де жоғары болар ма еді? Бірақ өкінер жайым жоқ. Өзім полковник болғанмен, шәкірттерімнің арасынан қаншама генералдар шықты? Қайда жүрсем де, халқыма адал қызмет еттім. Ең бастысы — осы. Пайда үшін екіжүзділікпен өмір сүру — қасірет».

Басқа жаңалықтар

Back to top button