Әлеумет

Көп балалы аналарға арналған тренинг

Семинар

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында кәсіпкерлер мен кәсіп ашқысы келетін көпбалалы аналарға арналған пайдалы семинар-тренинг өтті. Ақтөбе қалалық мәслихатының ұйымдастыруымен өткен  тренингке Алматы мен Қарағандыдан бизнес-тренерлер келіп, білімдерімен бөлісті.

Алматыдан арнайы шақыртумен келген жеке кәсіпкер, қаржы маманы Назым Алиева былтырдан бастап инстаграм әлеуметтік желісі арқылы бизнес ашуға, дамытуға арналған мемлекеттен берілетін көмек түрлері туралы қарапайым тілде жеткізіп жүр.

— Кәсіп бастаймын деп жеңіңізді түрсеңіз,  барлық мемлекеттік қолдау түрі бар. Жобаңды сауатты құра білсең, 583 400 теңгеден бастап 800 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттарды жеңіп алуға мүмкіндік бар. Биыл қайтарымсыз берілетін 150 миллион, 400 миллион, 800 милллион теңгелік грант туралы ақпарат беріп жатырмыз.

Шыны керек, 2015 жылы жалақым 350 мың теңге болды. Бірақ ол менің өмір сүруіме аздық етті де, табысымды көбейту мақсатында жеке кәсіпкер болуға әрекет еттім. Жеке кәсіпкер — өзінің қызметін немесе өнімін нарыққа сата алатын адам. Содан мен қоғамға қаншалықты пайдалы бола аламын деп ойландым. Былтыр инста парақшамды жүргізе бастадым. Жұртқа тегін ақпарат бердім. Білетін ақпаратыммен күн сайын бөлісіп отырдым. Мысалы, оқырмандарымның арасында қойдың асыл тұқымын өсіремін деп, грант ұтып алғаны бар. Тағы бірі жеңіп алған грантына киім безендіретін термопринт сатып алды, — дейді Назым Алиева.

Ал Қарағандыдан арнайы келген психолог, коуч-мотиватор Алтын Каникар — көпбалалы ана, «ерекше» бала тәрбиелеп отыр.

— Кеше кәсіпкерлермен, бүгін көпбалалы аналармен кездестік. Өмірге деген көзқарастарын өзгертетін, мақсат қоюға, армандауға үйрететін мотивациялық контент дайындап келіп, сонымен бөлісіп жатырмыз. Кейде аналар өздерінің көп баласы барын проблема деп жатады, ал мен көп балалы болу — көпсалалы маман болу деймін.  Өйткені әр баланың тәрбиесі, өсіп шығатын жолы бар. Әр бала — бір жаңа мүмкіндік. Сондықтан да көп бала — проблема емес, ол — мүмкіндік. Адам алдына дұрыс мақсат қоя білсе, соған жетеді. Тағы бір айтпағым, сенім болуы керек, мақсатқа жететініңе өзің сенуің керек. Сенім жоқ жерде, табыс табу қиын. Әр адам өзін-өзі тануға, жеке тұлғалық дамуы үшін жұмыстануы қажет. Ақтөбеліктердің сауатты әрі ұйымшыл екенін көрдік. Жаныма жақын — қазақи, қонақжай қала екен, — дейді  Алтын Каникар. 

Семинарға қатысушылардың бірі — жартылай дайын өнімдерді үй жағдайында дайындап, кәсіпке бел буа кіріскен көпбалалы Айнұр Есеналиева. Оның айтуынша, болашақ кәсіпкер үшін осындай семинарлардың берері мол. «Жаңадан кәсіп бастаған адам мақсатына жету үшін қаржылай қолдауды қажет етеді. Осы тұста мемлекеттен берілетін көмек туралы біліп, игілігіңе жаратсаң, ісің оңға басары анық. Семинарда қайтарымсыз екі миллион, бес миллион теңгені қалай, қайтіп алуға болатынын білдім. Сондай-ақ табыс табу мен тұлғалық дамуға қатысты көп ақпарат айтылды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға тақырыпқа қатысты кітаптар үлестірді, — дейді Айнұр Есеналиева.

Семинарды ұйымдастырушы — қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова отбасылық бизнеске не үшін көңіл аударатыны туралы айтып берді.

— Кезінде мен тәжірибеден өту мақсатында Германияға бірнеше кәсіпкерді ұсынғанмын. Неміс елі көп кәсіпкердің ішінен «Бал-юн» компаниясын таңдап алды. «Не үшін таңдадыңыз?» —  дедім. «Себебі ол отбасылық кәсіп», —  деді. Отбасылық кәсіп — үлкен бизнестің бастауы. Себебі мұндай кәсіпте еңбек өнімділігі жоғары болады екен.  Көп баласы бар, әсіресе, ерекше баласы бар жандарға қолдау жасап, бағыт-бағдар беруіміз қажет. Ойларына түрткі болсақ дейміз. Бүгінгі тренерлерді де сол үшін шақырдық. Мысалы, Израильде мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы міндетті түрде жұмыс істейді. Ал баласына мамандар қарайды. Себебі ол елде балаға жәрдемақы, ал ата-анасына күтім жасағаны үшін төлем төлеу мемлекет үшін тиімсіз. Олар үшін ата-анасы жұмыс істеп, үкіметке салық төлегені тиімді, ал баламен мамандар айналысса, кейін болашақта бір кәсіпке жарамды болмақ. Сол кезде ел экономикасы тұраламайды. Мұндай тәжірибені мен бір жылдары Израильге барғанда көріп келдім, — дейді Анар Даржанова.

Бір сөзбен айтсақ, семинарға қатысушылар қаржылық сауаттылық пен мемлекеттік көмек туралы мол ақпарат — жаңа кәсіптің іргетасы екенін білді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button