Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе облысында 12 қоғамдық кеңес құрылды

Ақтөбе облысында 12 қоғамдық кеңес құрылды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының отырысында өңірлік қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамы бекітілді.
Отырыста Оңдасын Оразалин облыстық партия филиалының облыс көлемінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.
Айта кету керек, қоғамдық кеңестер электоралдық міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олар мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштеріне тиянақты қарап, сапалы жұмыс істеуіне, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне мониторинг жүргізеді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құрылған кеңестердің алдында сарапшылар қауымдастығын өзекті әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға тарту, сондай-ақ азаматтық бастамаларға қолдау көрсету міндеті тұрғанын жеткізді.
— Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылды. Яғни, енді облыс бойынша 12 өңірлік қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңестер азаматтық қоғамның белсенді бөлігіне өзекті тақырыптарды талқылау үшін сарапшылық және диалог алаңын ұсынуға, толыққанды пікір алмасуды қамтамасыз етуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құралына айналуға тиіс. Кеңес құрамы жаңартылып, өңірімізде түрлі саяси-қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсене атсалысып, үн қосып жүрген жастарға басымдық берілуге тиіс, — деді облыс әкімі.
Отырыста Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов аталған жұмыстар Ақтөбе қаласында және аудандарда қолға алынғанын айтты. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласында 10, ал аудандарда 9 кеңес жұмыс істейді.
Бұдан кейін жиында партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары және өңірлік, аумақтық партия филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын өткізу кестелері бекітілді. Партияның облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясын шақыру туралы мәселелер де қаралды.
Атап айтсақ, биыл бастауыш партия ұйымдарының жиналысы 19-23 сәуір, ал аумақтық филиалдар мен облыстық филиалдың конференциялары 26 сәуір-15 мамыр аралығында өтеді деп жоспарлануда.
Отырыс соңында облыс әкімі бюро мүшелеріне партияның сайлауалды бағдарламасында көтерілген барлық мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.