Басты бет » Жаңалықтар » Ферма жұмысшыларына жұмыс ұсынылып жатыр

Ферма жұмысшыларына жұмыс ұсынылып жатыр

Мемлекеттік сот орындаушылардың  Бестамақтағы шошқа фермасының жұмысын тоқтатқаны туралы бұған дейін де айтылған болатын. Енді мұнда көң шығарылмайды, ағынды суды төгуге де рұқсат жоқ.

Ауыл тұрғындарының тілегі орындалғанымен, бір күнде жұмыссыз қалған ферма жұмысшылары бұл шешімге наразылық танытып, ереуілге шыққан болатын. Әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырған бұл жағдай көпшілікті алаңдатып отыр.

Аталған мәселеге қатысты сейсенбі күні жергілікті билік өкілдері мәлімдеме жасап, ферманың жұмыссыз қалған жұмысшыларына басқа жұмыс орындары ұсынылатынын хабарлады. Шошқа фермасындағы жұмысшылардың дені — Алға ауданының тұрғындары, сондай-ақ араларында Ақтөбе қаласымен қатар, Әйтеке би, Мәртөк, Темір, Хромтау аудандарының да тұрғындары бар.

Бүгінде Алға ауданындағы жұмыспен қамту орталығында 174 бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ биыл Ақтөбе-Қандыағаш автомобиль жолының құрылысы басталатынын айтқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова жұмысшыларды жұмысқа орналастыру бойынша тиісті шараларды қабылдау жүргізіліп жатқандығын айтты.

«Парижская коммуна ХХІ»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс берушісінің ақпаратына сәйкес мұнда 400-ден астам адам қызмет етеді. Олардың 152-сімен арнайы еңбек келісімшарты жасалған. Бүгінгі таңда жұмыссыз қалған азаматтардың барлығына жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Ертеңгі күні серіктестік жұмысы толық тоқтатылған жағдайда да жұмыс орындары ұсынылатын болады. Жұмыс берушімен келісімшарты жоқ жұмысшыларды «Еңбек» бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыс орындарына тартып, сонымен қатар қайта даярлау курстарына жіберетін боламыз. Және мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, грант беру мүмкіндіктерін де қарастырамыз, — деген Бұлбұл Елеусінова жұмыспен қамту заңына сәйкес кез келген жұмыс беруші өзінің өнеркәсібі немесе шаруашылығының қызметі тоқтатылатындығы туралы 1 ай бұрын жұмыспен қамту органдарына хабарлауға тиіс екендігін айтады. Алайда аталған серіктестіктен мұндай хабарлама келіп түспеген.

Ал  фермада шошқалардың қырылып жатқандығы туралы мәліметті ветеринар мамандар әлеуметтік желілер арқылы білген.

11 сәуір күні интернет желісі арқылы «Парижская коммуна ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мал өлімі (шошқа) тіркеліп жатыр деген хабарлама түсті. 12 сәуір күні таңертегі  сағат 8.30 шамасында ауданның ветеринария саласының мамандары мен Бестамақтағы ветпункт мамандары фермаға барғанымен, кіре алмады. Мамандар тек түстен кейін шамамен сағат 16.00 кезінде фермаға кіріп, сынама алды. Кеше құжаттар толтырылды. Бүгін ветеринарлық зертханаға сынамалар жеткізіледі. Өлім себептері сынама қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады, — деген облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаев әр ауруды зерттейтін уақыттары барын айтып, сынама қорытындысы 5 күннен астам уақыт ішінде дайын болатынын хабарлады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.