Басты бет » Мереке » Қош келдің, Рамазан!

Қош келдің, Рамазан!

Төлеби қажы ОСПАН,

Ақтөбе облысының Бас имамы

Адам баласын бейбітшілікке үндеп, мейірім мен жақсылыққа шақыратын Рамазан айы келді. 

Алла тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». Демек, бұл айда ораза ұстау — мұсылманның бес парызының бірі.

Биыл оразаны тағы да пандемия жағдайында өткіземіз. Қауіпті індеттің одан әрі таралуының алдын алу үшін тарауих намазы мешіттерде емес, үйде отбасымен бірге оқылады. 12 сәуірде «Нұр Ғасыр» мешітінде еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін онлайн Құран хатым түсіру басталды.

Қазіргі жағдайда санитарлық талаптарды орындаудың маңыздылығын тағы да айтқым келеді. Біз қалыпты өмірге тезірек оралғымыз келеді. Алайда қарапайым сақтық шараларына мән бермейміз. Мысалы, мешіттерде елдің денсаулығын сақтау үшін, індеттің таралуын болдырмау үшін, парыз болған жұма намазын және сүннет болған тарауих намазын тоқтатуға мәжбүр болдық.

Алайда халық той-томалақ пен садақа-астарды өткізуді тоқтатпай отыр. Осы той-жиындар мен садақа-астарды өткізу қоғамның қалыпты өмірге тезірек оралуына кедергі болып отыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», — деген. Демек, біріміз карантин режимін сақтап, індет таралмас үшін ұлы ғибадаттарды орындай алмай отырғанда, басқалардың той тойлап, көпшіліктің қатысуымен өтетін шаралар  жасап жатқаны қалай болмақ? Бір сәт ойланып, мәселеге осы қырынан қарап көріңізші?

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде: «Мүмін адам бір іннен екі рет шақтырмайды», — делінген. Яғни мұсылман баласы бір қателікті екінші рет қайталамайды дегенді меңзеп тұр. Өткен жылы індет өршігенде көпшілігіміз жақындарымыздан, қымбат жандардан айырылып қалдық. Оның басты себептерінің бірі — санитарлық талаптарға бейжай қарау. Енді биыл да осындай жағдайларды туындатпас үшін сақтық шараларына барынша мұқият қарайық.

Ақтөбе өңірінің мешіттері мен жамағаты да рухани құндылығымыздың бірі — Рамазанды шынайы құрметпен қарсы алуда. Карантин кезінде сабырлылық танытып, игі бастамалардың жаршысы болуға ұмтылуда. Біз Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Үндеуін қолдап, барша жерлестерімізді оразада көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге және ауызы берік жерлестерімізге ауызашар тағамдар таратуға атсалысуға шақырамыз. Былтыр пандемияға байланысты бастау алған «Ауызашар қоржыны» акциясы биыл да жалғасады.

Алла тағала баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін!

Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып, жақсылықта жарысайық! Халқымыздың ынтымақ-бірлігі берік болып, уақытша сынақтан аман-есен өтіп, тезірек қалыпты тіршілігімізге оралайық. Ораза айт мерекесін ағайынмен бірге қарсы алуды жазсын!