Басты бет » Жаңалықтар » Шалқар көлінің деңгейі көтерілді

Шалқар көлінің деңгейі көтерілді

Биыл 11 сәуірден бастап Шалқар көлінің су деңгейі көтерілуде. Қазір Мұғалжар тауынан бастау алатын қар суы, ұзындығы 149 шақырым болатын Қауылжыр өзені арқылы Шалқар көліне құйыла бастады.

— 5 сәуірден бастап көлдің табанын тазарту жұмыстары басталғаны белгілі. Қазіргі таңда құм төгуге, қоқыс тазартуға 14 полигон дайындау, тағы басқа  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін 20-ға жуық  техника жұмылдырылды. Биылғы жылға 432 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Арнайы жұмыс графигі бекітілді. Осы графикке сәйкес жұмыстар жалғасатын болады. Енді он күннен кейін су деңгейінің қаншалықты көтерілгенін байқаймыз. Әрине, көлдің табанын толық тазарту үшін судың көп құйылғаны жақсы. Былтырғы жылғы ақпарат көздерімен салыстырсақ, биыл судың көлемі мол екенін көріп отырмыз, — дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Оның айтуынша, Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстарын «Толағай — 2050» ЖШС атқарып жатыр. Жалпы, жобаны үш жылдың ішінде аяқтау жоспарланған.

— Бұрын көл ластанбай тұрғанда 25 миллион текше метр су жиналатын болса, қазір шамамен 7-8 миллион текше метр су жиналды. Судың ағысы жақсы. Жалпы, биылғы жылы Шалқар көлінде су қоры мол болады деген болжам бар. Судың күн сайын көлге келіп құйылуын арнайы мамандар тұрақты түрде бақылауда, — дейді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов.

Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары барысында 60-90 сантиметр қалыңдықта жалпы көлемі 3 миллион шаршы метр топырақты тазарту жоспарланған. Сондай-ақ жағалауына арнайы дамбалар салынбақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.