Басты бет » Жаңалықтар » Үй басқарудың жаңа үлгісі

Үй басқарудың жаңа үлгісі

2022 жылдың бірінші шілдесінде барлық пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдер қызметін тоқтатуы тиіс. Енді олардың міндетін меншік иелері бірлестігі атқармақ. Жаңадан құрылып жатқан ұйымның басты мақсаты — көп қабатты тұрғын үйлердің тиісті күтімін қамтамасыз ету.

Былтыр 7 қаңтарда тұрғындардың мұндай ұйым құру құқығы заңмен белгіленді. Бұл жаңашылдық «бір үй — бір бірлестік — бір есепшот» принципіне негізделген.

Кеше алғашқылардың бірі боп мүліктің меншік иелері бірлестігін құрған үйге, анығы, Әбілқайыр хан даңғылы, 43-үйдің І корпусына барып, тұрғындармен сөйлесіп, тоғыз қабатты үйдің қазіргі жағдайымен танысып қайттық. Әңгімеміз үй басқарудың жаңа үлгісі туралы болды.

24 бірлестіктің бірі

Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбеде 24 мүліктің меншік иелері бірлестігі бар. Әбілқайыр хан даңғылындағы 43-үйдің бірінші корпусы — алғаш боп бірлестік құрғандардың бірі.

Бұған дейін көппәтерлі бұл үйге жеке кәсіпкер қызмет көрсеткен. Тұрғындар сервистік ұйымның жұмысына наразы болды, төлеп отырған ақшаларының қайда жұмсалатынын, тарифтің қалай қалыптасатынын, неге есеп берілмейтінін білмеді. Уақыт өткен сайын проблемалар да көбейе берді. Содан кейін меншік иелері бастаманы өз қолдарына алып, жиналған қаражатты үйінің қажеттіліктеріне бағыттау үшін өз кеңестерін ұйымдастыруға шешім қабылдады. Түсініктеме алу үшін қаланың тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүгініп, жұмысқа кірісті. Енді жиналған қаражат қатаң түрде үйдің ағымдағы қажеттіліктеріне және жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Тұрғындар өз араларынан жетекші ретінде Раиса Нұрабаеваны таңдады.

— Әр тұрғын өз үйінің басқаруын өз қолдарына алатын болса, меншік иелерін құрып немесе жай серіктестік құратын болса, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Біріншіден, ашықтық болады. Төлемнің ашықтығы. Екіншіден, бірлестік басшысы — осы үйдің тұрғыны болғандықтан әр мүлікке өзімдікі деп, жаны ашып қарайтын болады. Қарапайым мысал, ол өз пәтеріне көтеріліп бара жатып, шамның жанып кеткенін байқап, көріп отырады.

Айтпақшы, көппәтерлі тұрғын үйдің төбесі, подъезі, дәлізі, жертөлесі, үйді қоршаған аумағы пәтер иелерінің ортақ мүлкі болып саналады. Бұл туралы « Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабы 14-тармағында жазылған. Кей тұрғындар «Әкімдік жасап берсін» деп ойлайды. Пәтер иелері ортақ мүліктеріне өздері ие болулары қажет, — дейді Ақнұр Қазбаева.

Осы ретте ол 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы барын, тұрғындар осы бағдарламаға қатысу арқылы тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізе алатынын, мемлекет тарапынан 7 жылдан 15 жылға дейін өсімсіз қаражат берілетінін жеткізді.

— Тұрғындар өзара келісіп, шешіп, сол бағдарлама арқылы тұрып жатқан үйлерін жөндеп ала алады. Мәселен, біз келіп тұрған үйге осы бағдарлама аясында лифт орнатылды. Бірлестік төрағасы керек құжаттаманы толтырып, хаттама жасап, жүгіргенінің арқасы. Енді бұл үйдің тұрғындары жергілікті әкімдіктен үйдің қасбетін жасап беруін сұрап отыр. Біз бұл өтініштерін Ақтөбе қаласының сәулет бөліміне жеткіздік. Алдағы уақытта қаламыздың орталығында орналасқандықтан бұл сұраныстарына  мүмкіндік болады деп ойлаймыз, — дейді Ақнұр Қазбаева.

Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, бұл үйдің тұрғындары қазір меншік иелері бірлестігін құрғаннан кейін 100 пайыз төлем төлеп отыр екен.

— Осыған дейін «Қазпоштамен» кездестік, сөйлестік. Бірыңғай төлем түбіртегі бар ғой, сол арқылы бірлестік қызметін көрсетіп, төлемақыны ай сайын келетін басқа коммуналдық төлемдермен бірге төлеуге болады, — дейді инспекция бөлімінің сектор меңгерушісі.

Сондай-ақ ол жалпы бірлестіктің ағымдағы және жинақ шоттары болатынын, есепшоттарды екінші деңгейлі банктен немесе «Қазпоштадан» аша алатынын айтты.

Бірлестік құру үшін қандай құжаттар керек?

Меншік иелерінің бірлестігін мемлекеттік тіркеу мемлекеттік корпорацияда немесе е-gov порталында бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Мүліктің меншік иелері бірлестігін құру үшін ең әуелі тұрғындар жиналысының хаттамасы және сол хаттаманы растайтын тұрғындардың 70 пайызының қолы қажет. Сондай-ақ бірлестіктің Жарғысын, мекенжайын көрсетіп, (кейбіреулер бірлестікке ат қойып жатады) соны ұсынады. Сосын мемлекетке бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем төлеген түбіртегін қосады. Халыққа қызмет көрсету орталығында өтініш бланкасын толтырады.

Осы төрт құжатты тапсыру арқылы меншік иелері бірлестігін құруға мүмкіндік бар.

Мәселе біртіндеп шешіле бастады

Бірлестік басшысы Раиса Нұрабаева — осы үйдің тұрғыны. Бірлестік құрған кездегі талаптардың бірі де — осы.

— Мүліктің меншік иелері бірлестігін былтыр қазан айында құрдық. Не үшін дейсіз ғой. Бұрын көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың пәтер иелері кооперативі, кондоминиум нысандары, басқарушы компаниялар мен басқа да формасы секілді төрт түрі болды. Басқару түрі қанша көп болса да, тұрғын үйдің су аға беретін шатыры, жөнделмеген құбырлары секілді проблемасы сол күйінде шешілмей қала берді. Сондай-ақ істен шыққан лифт те екі жыл бойы жөнделмеді. Аталған проблемалар мүліктің меншік иелері бірлестігін құруымызға себепші болды. «Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, мұндай үйлерді мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе қарапайым серіктестік құру арқылы басқару керектігі айтылды. Бұл құжат былтыр 7 қаңтарда күшіне енді.

Жылдар бойы жиналып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Жылу жүйесі, сондай-ақ салқын судың келу қарқынын қалпына келтіру үшін құдықтан сорғыға дейінгі жүйе қайта қаралды, жаңа лифт орнатылды. Әрине, шешуін күтіп тұрған әлі талай шаруа бар. Айтып өтсем, су ағып тұрған шатырды, подъезімізді жөндеуіміз қажет,  үйді сырлауымыз керек. Бірлестік жұмысын жергілікті әкімдік, тұрғын үй инспекциясы, «Aqtobe su-energy group», «QazBel лифт» компаниялары қолдап отырады. Тұрғындар атынан бұл мекемелерге рақмет айтамыз, — дейді.

Раиса Сергейқызы бірлестіктің тариф мөлшерін тұрғындардың өздері ақылдасып шешкенін, техникалық қызмет көрсету төлемі бір шаршы метр үшін 30 теңге екенін жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарына арналған жинақтаушы шотына пәтер иелері бір шаршы метр үшін 15 теңгеден төлейді.

Тұрғындар не дейді?

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің доценті Сара Мұсабаева көп жылдардан бері осы үйде тұрады екен.

— Үйді басқару формасы жиі өзгерді. Біресе кондоминиум, біресе басқа басқарушы ұйым. Позитивті өзгеріс болмады. Басқарушы ұйымдардың жұмыстарына көңіліміз толмады.  Себебі біздің, яғни пәтер иелерінің берген ақшасы қайда кетіп жатқанын білмедік. Қайда жұмсалды? Біз, тұрғындар, ақшаны кешіктірмей, ай сайын төлеп тұрдық. Алайда ақша туралы есеп берілмеді, ашықтық болмады.

Ал қазіргі басқару бұрынғыдан өзгерек. Бәрі анық, бәрі айқын. Пәтер иелері арасынан сайланған бірлестік басшысы осы тұрғын үйдің кеңесімен ақылдаса отырып, бар шаруаны тындырып отыр. Бұрын проблема көп болатын: шатырды жөндеу, лифтіні жаңаға ауыстыру, жылу құбырларын жаңалау, тіпті тұрғын үйді ішкі және сыртқы жағынан эстетикалық безендірудің өзі үлкен шаруа емес пе? Әрі әдемі, әрі тазалық. Көп қабатты үйдің бас ауыртар мәселесі — лифт қой. Лифт үй салынғаннан бері өзгертілмеген. Ал қазір қандай? Су жаңа. Бірлестік басшысы тұрғындардың қолын жинап, қала әкімдігіне өтінішпен барды. Нәтижесінде өтінішіміз қаралып, оң шешіліп, арнайы мамандардың қатысуымен жаңа лифт орнатылды. Көзіміз ашылды: қазір жаңа лифтіге жас та, кәрі де мінеді. Сондай-ақ дәлізімізге де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сәні кіріп қалды.

Осы үйдің тоғызыншы қабатында тұратын зейнеткер Эльмира Айтбаеваның да бір  айтары бар екен.

— Бұрын КСК-ға ай сайын ақша төлеп отырдық. Мысалы, мен шаршы метрге шаққанда 1400 теңге төлеп отырдым. Есеп берген жоқ, тұрғындарға ештеңе айтпайтын, біз оның бухгалтериясын көрген емеспіз. Тоқсан сайын бір жиналыс болып тұрды. Жылу құбырларын өзгертеміз дейді де, соңы аяқсыз қалып отырды.

Қазір техникалық қызмет көрсетуге ай сайын 2400 теңге жинаймыз. Күрделі жөндеу жұмыстарына арналған бөлек есепшот бар. Оған ақшаны бөлек жинаймыз.

Бірлестік құрылғасын үйдің төбесіндегі орнынан қозғалып кеткен кірпіштер мен плиталарды альпинист шақырып, жөндетіп алдық. Әйтпесе, кез келген уақытта тұрғындардың басына түсіп кетуі әбден мүмкін еді. Сонымен қатар бәрімізге ортақ ескі құбырды (стояк) жаңаға ауыстырдық. Кәріз жүйесінен бастап барлық құбырлар ауыстырылды. Ескі лифтіміз жөндеуге жарамады, үй салынғаннан бергі жұмыс істеп келе жатқан лифт екен, қолданыста болғанына 45 жылдан асыпты. Негізі, пайдалануға жарамды уақыты 25 жыл екен. Лифтіні өсімсіз берілген несиеге алып отырмыз. Бұл үйде 34 пәтер бар. Пәтер иелері — ұйымшыл, ауызбіршіліктің арқасында бірлестік басшысының жетекшілігімен шаруамызды реттеп отырмыз.

P.S. Тұрғын үй басқарудың жаңа үлгісін енгізу үшін үш жыл мерзім берілген. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қаладағы пәтер иелері кооперативтері, кондоминиум нысандары өз жұмысын тоқтатады. Біз бір бірлестіктің жұмысы арқылы тұрғын үй басқарудың жаңа үлгісін көрсеттік. Ал сіз тұрып жатқан үйіңізді таза, әдемі етіп күтіп-ұстау үшін осындай бірлестік құрғыңыз келе ме?

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.