Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцинация қалай жүргізілуде?

Биыл ақпан айынан бастап елімізде вакцинациялау жұмыстары басталғаны белгілі. Екпе бірінші кезекте қауіпті аймақта жұмыс жасайтын мамандарға салынды. Бүгінде өңірімізде 13 мыңнан астам адам екпе алды.

Осы орайда облыс аудандарында вакцинациялау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын білген едік.

«Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина»

Шалқар ауданы бойынша 16-17 наурыздан бастап вакцинация жұмыстары басталды.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайырдың айтуынша, қазіргі таңда 500 адам екпе алған.

— Екпе алу үшін Шалқар аудандық емхананың ішінен арнайы үш кабинет жасақталды. Бірінші кабинетте дәрігер вакцинаға келген адамды толық тексеріп шығады. Егер жағдайы жақсы болса, екпе алуға арналған келісім парағына қол қояды. Ал екіншісі — екпе салынатын кабинет. Үшінші кабинетте екпе алып болған адам 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Мамандар қан қысымын, дене қызуын өлшеп бақылауға алады, — дейді ауданның бас дәрігері.

Екпені ең алдымен медицина, полиция қызметкерлері , мұғалімдер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер алды. Алдағы уақытта ауданға 3811 доза жеткізілу жоспарда бар.

— Алғашқылардың бірі болып өзім де екпе алдым. Денсаулығыма ешқандай кері әсері болмады. Жалпы, екпенің жанама әсері туралы шағымданып, өзін жайсыз сезінгендер жоқ. Вакцина алған адам үш күн бойы суға түсуге болмайды. Екпе салған жерде ауырсыну болған жағдайда жылы ұстап, қызуы көтерілсе, парацетамол ішуге болады. Барынша күтінуі керек.

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцина. Сол арқылы ғана ауруды әрі қарай таратпауға болады, — дейді Жангелді Былқайыр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аудандағы стационарда 10 адам ем қабылдап жатыр. 45 ересек адам мен 40 бала үй карантинінде медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Індет,  әсіресе, вахталық әдіспен жұмыс істейтін тұрғындардан анықталады екен. Сондай-ақ бүгінде аурудың симптомсыз түрі жиі кездеседі.

Қазір аудан бойынша арнайы кесте құрылып, дәрігерлер аудан мектептері мен мекемелерге түсіндіру жұмыстарын  жүргізуде. Сондай-ақ індетке қарсы жаппай  вакцинациялаудың маңыздылығы туралы жаднамалар шығарылған. Сауда орындарында, базарларда және мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері арасында  санитарлық талаптарды сақтай отырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік  желілерге ақпараттар жүктеліп, өткізілген іс-шаралар жариялануда.

Елді мекендерге жылжымалы бригадалар шығарылады

Байғанин ауданы бойынша 600 адам екпе алды. Оның 400-і — бірінші, 200-і екінші компонентпен берілді.

— Ауданда вакцинациялау биыл 11 наурызда басталды. Алғашқы болып медицина қызметкерлерінен басқа, еріктілер де алды. Күні кеше 800 доза келді. Мұғалімдер мен басқа ерікті түрде алғысы келген тұрғындарға беріледі. Бас дәрігер бастаған медицина қыметкерлері аудандағы бірқатар ұйымдарда кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өзім де екпе алғандардың қатарынанмын. Екпеден кейін ешқандай кері әсер білінген жоқ. Бірден жұмысымызға кірісіп кеттік. 

Вакцина алған адамды 3 күн бойы арнайы бекітілген медбикелер бақылап тұрады. Екпеден кейін түрлі реакциялар болуы мүмкін. Ол — қалыпты жағдай. Бұл туралы ауданның кез келген тұрғыны емхананың 74-0-38 нөмірі арқылы толғандырған сұрақтарына жауап ала алады.

Екпе алу үшін орталық емханадан арнайы екі кабинет ашылды. Жақын күндері ауылдық жерлерге де жылжымалы бригадалар шығарылмақ. Ол үшін тасымалдауға арналған мұздатқыштар мен термоконтейнерлермен, вакцинаны сақтайтын басқа да арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтылды, — дейді Байғанин аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлыгүл Сарыбаева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Екпеден кейін тұрақты иммунитет қалыптаса ма?

Вакцинациялау барысында бірінші дозаны салғаннан кейін 12-14 күннен бастап организмдегі бірінші иммундық жүйе қалыптасады. Тұрақты иммунитет 32-45 күннен кейін, ең көп дегенде 56 күннен кейін қалыптасады. Сондықтан осы инкубациялық кезеңде барлық сақтық шараларын сақтаған жөн. Яғни бетперде тағып, арақашықтықты сақтау керек.

Елімізде жыл сайын түрлі ауруға қарсы жасалатын екпе тегін. Сондықтан коронавирусқа қарсы егілетін вакцина да тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, екпе жасалғаннан кейін пайда болатын антиденелер өмір бойы болмайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін жойылып кетеді. Сондықтан вакцинаны тұмауға қарсы жасататын екпе секілді жыл сайын егуге тура келеді.

Вакцина алу туралы шешім қабылдаған ерікті бірнеше ресурстар арқылы тіркеле алады. Біріншісі — Egov порталы арқылы.

Egov порталында «Вакцинацияға тіркелу» қызметі бар. Қызмет Қазақстан Республикасының азаматтарына қолайлы аймақ пен медициналық ұйымды таңдау арқылы вакцинацияға жазылуға мүмкіндік береді. Egov-те тіркелуге болатын медициналық ұйымдардың тізімі бар. Еgov-те қалдырған өтінішіңіз дәрігердің «Вакцинациялау» деген жеке модуліне жіберіледі. Мұнда дәрігер өтінішті көре алады.

Сондай-ақ жергілікті медициналық ұйымдардың және қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының сайтында көрсетілген байланыс орталықтары арқылы өтініш беруге болады. Екпе салдырушы жіберген өтініш негізінде вакцинацияға жататын адамдардың тізімі жасалады, науқастар туралы мәліметтер Еgov-ке енгізіледі. Вакцинацияның күні мен уақыты, әлеуметтік арақашықтық шаралары ескеріле отырып белгіленеді. Кейін тіркелушінің жеке нөміріне вакцинациялаудың күні, уақыты мен орнын көрсететін SMS-хабарлама жіберіледі.

Бүгінге дейін Қазақстан бойынша 443 974 адам екпе салдырды. Оның ішінде бірінші компонентпен 338 582 адам салдырса, екінші компонентпен 105 392 адам вакцина алған. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлағандай, сәуір айында Қазақстанға 2 миллион доза вакцина әкелінбек.

strategy2050.kz сайтынан алынды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button