АуылБасты жаңалықтар

Қыстан қалай шықтық?

Жыл басы тышқан тосын мінез көрсетті. Төрт түліктің аузы ерте көктемдегі көкке әрең іліккендей. Былтыр қарашаның басынан бастап қолға тұрған мал сәуір айында өріске шықты. Бұл — мал баққан шаруаларды біраз титықтатты. Кейбір аудандар мал азығын екі есе бағасына сатып алуға мәжбүр болды. Қазір күн жылып, жер қарайғанымен, қыстың сызы әлі бар. Көктемнің балапан көгі де көтеріліп үлгере алмай жатыр. Бұған дейін шығыны аз, тиімдісі, пұлдысы осы деп жылқы малын көбейте берген тұрғындар Қамбар атаның тұқымы да бір жұттық екенін сезінді.

Өйткені аналық жылқылардың іш тастауы көп. Айы-күні жетіліп туғанымен, кейбір құлындар әлсіздіктен төрт аяғына тұра алмай, далада қалып жатты. Айналып келгенде мұның бәрі табиғаттың тосын мінезінен. Олай дейтініміз — былтыр мал азығы жеткілікті жиналды. Өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шаруашылықтардың мал азығын дайындау, сатып алу шығындарын жеңілдету мақсатында субсидия  қарастырылып, облыстық бюджеттен 4,4 миллиард теңге шаруашылықтардың есепшоттарына аударылған. Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылықтар мал азығының мол қорын дайындауға қол жеткізді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, 2020-2021 жылғы қыс маусымына 531,5 мың ірі қара, 1 153,4 мың қой-ешкі, 178,1 мың жылқы және 17,6 мың түйе түскен. Осынша малды қыстату науқанында толық қамтамасыз ету үшін бір жарым жылдық мал азығы қоры жиналыпты. Мал азығына 2 550,3 мың тонна шөп, 22,5 тонна сүрлем және пішендеме, 70,0 мың тонна жем дайындалды. Айта кетсек, 1 бас шартты малдың қыстайғы азығы орташа есеппен 18,9 центнер  бірлікті құрайды.

Мәселе биылғы төлде болып отыр. Айтты, айтпады, биыл ойылдықтардың біразы құлынсыз қалды. Ой жақтағы елдің жайы республикаға белгілі. Ойыл өзенінің бірнеше жыл бойы тасымауы, жауын-шашынның аздығы жайылым мен шабындықты шектеп тастады. Әсіресе, қысқы шөбін өзеннің суы жайылатын көл табанынан мол орып алатын Көптоғай, Қаратал ауылдық округтерінің шөмелесі тіпті аз болды. Жыл сайын малын қыс ортасына дейін жайып, шығынын дала шөбіне жеңдіретін қос округтің өрісі биыл қар мен мұз астында қалды. Жылқының көптігінен далада да ештеңе қалмай барады. Сондықтан төрт түлік те қысқа аса бір күйлі түскен жоқ. Оның үстіне созылған қыс. Бір еріп, бір қатқан мұз.

Қанша боран болып, қар қалың түссе де, жылқы малы өлмейді. Тамағын теуіп жейді. Ал егер мұз болса, жылқының аяғын қиып тастайды да, тебіннен пайда болмайды. Ойылдықтардың өрісі мұздақ болғанын екінің бірі айтады. Сөйтіп, далада шөп жоқ, ауылға келсе, тағы да қаужайтын ештеңе жоқ. Ақыры арықтап, «қабырғасын санап аларлықтай» болған жылқылардан құлын күту қиындау болар. Ал жылқы түгілі қолындағы сиыр мен қой-ешкісіне азық таба алмай, шөпті екі есе бәсіне сатып алған ауылдар болды. Бұл қыста біреу пайда тапты, біреу шығынға батты. Жұрт екі жыл бұрынғы жиналып, қарайып кеткен шөпке де таласып қалды. Шаруа қожалықтардың шөбі таусылған жоқ. Босап қалған — жеке тұрғындардың ауласы. Керісінше, шаруақожалықтар артылған шөбін таратып берді. Ойыл ауданының Сарыбие ауылдық округіне қарасты қос ірі шаруашылық екі-үш жылдан бері жинаулы тұрған шөбін халыққа таратып беріпті. Тегін емес, әрине. Бірақ үстіне ештеңе қоспай, бір орама шөпті жаздағы бағасынан асырмаған.

Салыстырмалы түрде қарасақ, облыстың барлық аудандарына қар қалың түскенімен, «мұртын балта шаппаған» аудандар бар екен.

Мәртөк ауданының қысы қатты, қары қалың болады. Бірақ аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Шәміл Сариновтың айтуынша, ешқандай шығын жоқ. Астықтың отаны саналатын ауданда мал азығының бірнеше түрі дайындалады. Өлара шақта мал азығын өзге аудандар мен облыстардан келіп, сатып алған. Көбі жылқы малын қолға ұстаған. Бірлі-жарым шөбі таусылған үйлер болмаса, жаппай мал азығы жетпей қалған ауыл жоқ.

Облыстың ең салқын нүктесі саналатын Хромтау ауданының ауыл шаруашылығы мамандары да  қыстан қысылмай шыққанын айтып отыр. Ол өңір әуелден мал қыстату науқанында мал азығын артығымен дайындайды екен. Көбі өрістегі буаз биелерін үйіне әкеліп баптаған. Құдықсай ауылдық округінің тұрғыны, «Мейірім», шаруа қожалығының басшысы Саламат Имашев құлындайтын үш үйір жылқысын ақпан айынан бастап қолға ұстаған. Он немесе жиырма жылқы емес 90-ға тарта жылқысын әлі күнге дейін аулада бағып отыр.

— Қыс биыл ауырлау болды. Қар қалың. Буаз биелер сәл ашықса құлын тастайды. Сондықтан қолға ұстап, құлындатып жатырмын. Қысқа 1300 орама шөп дайындаған болатынмын. Барлық малға жетті. Әзірге 30-дан аса биеміз құлындады. Шөптен қыспадық. Жем де беремін, — дейді шаруақожалық басшысы. Оның айтуынша, малдың ішіп-жемінен ақша аямау керек. Мол жиналған мал азығының рахатын енді көріп отыр. Биелерін түгел құлындатып барып өріске жібермек. Ал жалпы Хромтау ауданында шөптен қысылған ауылдар болмаған.

Кейбір аудандардың ауылдық округ әкімдері мал азығымен қамтуды жоғары дәрежеде ұйымдастырып, жеке тұрғындардың  малы қыстан аман шықты. Енді биылғы жылдың мал төлдету науқаны басталды. Мал қыстату жылының ойдағыдай өткізілгендігін қорытындылайтын бірден-бір көрсеткіш төл санына байланысты, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Өрістегі өліктер

Сонымен, жалғыз Ойыл ауданы ғана емес, бірнеше ауданда шөп таусылып, қыстан әупіріммен шықты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шала туған құлындар мен көтерем боп өлген мал жылдағыдан көп.

Ақпандағы аласапыранда өлген мал түгілі тірі малдың жайын күйттеген тұрғындар өрістің тазалығына бас ауыртып, ойлана қояр ма екен? Алайда ауыл әкімдерінің ұйымдастыруымен өрісті өліктен тазарту жұмыстары басталып кетті. Кейбір ауылдар шығын санын айтпай отыр. «Өлгеніңді жасырасың, көмгенде қайтесің?» дегеннің кері келіп, далада жатқан малдың көптігі санитарлық тазалық жұмысы кезінде білініп жатыр. Өлген мал өлді. Бірақ оны дер кезінде, шірімей тұрып тазарту керек. Қыста өлген малды аулаққа сүйреп тастау әлі де бар. Дегенмен ауыл әкімдері мұны жіті бақылау керек. Мәселен, Ойыл ауданы Сарыбие ауылдық округі әкімі Дәурен Бисебаев өлген малды бірден мал моласына апаруды ұйымдастырған. Ең бірінші ауыл-үйдің арасындағы өліктерді тазартып, ауыл маңындағы өлген малды дер кезінде жинап отырған.

Алайда бұл жерде бір келеңсіз жайттар кездеседі. Жеке тұрғын өз малының өлгенін білсе, хабар жеткізуі керек. Немесе мал моласына апаруы тиіс. Егер құлағындағы сырғасы мен таңбасына қарап малдың кімдікі екені анықталса, иесіне алдырады.

Далада жатқан малдың құлақ жапсырмасы мен таңба нөмірін суретке түсіріп әкелсе, мал мамандары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасынан қарап, иесін таба алады. Арнайы жерге апару керектігі ескертіледі. Егер оны орындамаған жағдайда аудандық аумақтық инспекцияға хабарлайды. Сол кезде айыппұл салынады. Ал шаруақожалықтар өз жеріндегі өлген малды өздері тазартады, — дейді Ойыл аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Өркен Қожағалиев.

Бірақ мұны қиынсынатын кейбіреулер құйтырқы әрекетке барады. Тазалықты тек әкімнің тікелей міндеті деп түсінетіндерге дауа жоқ. Далада өлген өз малы екенін жасыру үшін құлағындағы сырғасын кесіп әкетеді. Ал қанша жасырса да өлген малдың дені жеке тұрғындардікі.

Тазалық мәселесі әлі де тұрғындардың түсінігіне тәуелді болып отыр. Міне, бесқонақты да орталадық. Күн жылығасын өлген мал бұзыла бастайды. Өрісті өлексенің иісімен сасытпай, тазалыққа бірдей атсалысайық, ағайын!

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button