Спорт

90-минутта есеп теңесіп, 94-минутта жеңіс голы соғылды

Премьер-Лига

«Қызылжар СК»-«Ақтөбе» — 1:2

13 сәуір күні 5-турдың екі кездесуі өткізілді. Сол екі кездесудің бірі — «Қызылжар СК» мен «Ақтөбе» командалары арасында болған ойындағы жерлестеріміздің қарымта доптар соғудағы қайсарлығы қазақстандық жанкүйерлер мен футбол мамандарын тағы да тамсандырды.

«Ақтөбе» бұл турдың кездесуін де сырт алаңда, Петропавл қаласында өткізді.

Әрине, өткен жылғы чемпионатты сегізінші орынмен аяқтаған «Қызылжарды» көшбасшылардың қатарына қосу қиын. Дегенмен бұл команда бұған дейін үш кездесу өткізіп, бір ойынды тең аяқтаса, екі кездесуде жеңіске жетіп, оның үстіне қақпасына еш гол енгізбей, биыл кәдімгідей бедел жинап қалғаны және шындық. Сол себепті бірқатар спорт мамандары бұл ойынның тең аяқталатындығы туралы болжам айтты. Бірақ тіпті де олай болмады.

Расын айту керек, екі команда «Қарасай» стадионында армансыз арбасты. Тұтас бірінші тайм мен екінші таймның жартысына дейін басымдық шынымен кімде екенін білу де оңайға соқпады. Екі команда да дамылсыз шабуылдаумен болды, екі команданың да футболшылары қарсыластар қақпасына ұмтылумен болды. Алайда командалардың бір-бірінен артық-кемі түпкілікті есеп нәтижесі арқылы ғана бағаланады ғой.

Нәтижеге алдымен петропавлдықтар ие болды. Ойынның 66-минутында қызылжарлық Әлібек Қасым айып алаңының шетінен еңірете тепкен допты қақпашы Жасұр Нарзиқұлов кері қайтарып үлгерген, әттең, сол маңайда біздің қорғаушылар тарапынан бақылаусыз қалған Валерий Каршакевич алдына келе қалған допты сол аяғымен қайтара тебе салып, жібек торды бүлк еткізді — 1:0.

Ақтөбеліктердің соңғы секундқа дейін ойнайтынын жақсы білетін қызылжарлықтар енді өздері қателеспеуге тырысты. Сөйтіп, алма-кезек шабуылдар мен жанталасқан қорғаныстарға ілескен уақыт тілі де зымыраумен 90-минутқа келіп жетті. Былайша айтқанда, алаң иелері басты шаруаны бітіріп, «уһ» деп демалатын кез де тақады.

Осы сәтте, яғни 90-минутта «Ақтөбе» өткен турдағыдай тағы да ерекше мінез танытты.

Алаңның орта тұсы маңынан қорғаушы Лаша Тотадзе допты қарсыластар қақпасының алдына қарай әуелете тастады да, оны Михал Йерабек баспен қабылдап, көз алдында жүрген Дидар Жалмұқанға тамаша пас бере қойды, Дидар допты қақпаға кіргізді де жіберді. Рас, Дидар әуелі оң аяғын ауаға сермеп қалғанымен, бөгелместен сол аяғымен жасаған екінші соққысы жібек торды сілкінтіп-ақ жіберді — 1:1.

Тайм барысындағы түрлі бөгелістерді есепке алған талдықорғандық бас төреші Денис Измайлов негізгі уақытқа қосымша 5 минут қосты.

Міне, осы 5 минут тағы да «Ақтөбенің» айбынын асырды.

90+4 минутта бұрыштамадан тасталған доп қызылжарлықтардың есін шығарып жіберді. Қорғаушылар мен шабуылшылар ұмар-жұмар жанталаса қимылдаған сәтте ақтөбелік шабуылшы Боян Дубаич әйтеуір бір саңылау тауып, допты екі метрдей жерден-ақ қақпаға туралай тепкен еді, қызылжарлық қорғаушының аяғына тиген доптың екпіні әлсіреп қалды, осы кезде шалт қимылдаған Рифат Нурмугамет допты және бір теуіп, жібек торға сүңгітті де жіберді — 1:2.

Айта кеткен жөн, осымен Рифат үш тур бойы гол соғып келеді. Және бір қызығы, ол сол үш ойында да алаңға екінші таймда, онда да 80, 81, 74-минуттарда шықты.

Ал Дидарға тамаша пас берген Михал Йерабек өткен жолы «Ордабасы» командасымен өткен кездесуде бізге тең есеп әперген төртінші голдың авторы болған еді.

Әрине, қалай болғанда да, осының барлығы бас бапкер Алексей Баганың нәтижелі еңбегі екеніне дау жоқ.

Бас бапкердің, әсіресе, алаңға тың ойыншыларды қосу кезіндегі қырағылығы көңіл тоғайтады. Бұл ойында да қос голды екінші таймда тыңнан қосылған футболшылар (Дидар мен Рифат) соқты емес пе?! «Атырауды» жеңгенде де солай болған (Рифат Нурмагамет, Эрвейн Мукам).

Жалпы, «Ақтөбенің» биылғы құрамы білгірлікпен жасақталғаны осылайша дәлелденіп келеді.

Ал Серификат жөніндегі комиссия шегеріп тастаған 3 ұпайдың жақында командамызға кері қайтарылғанын ескерсек, біздің футболшыларымыздың көңілі тіпті бірлене түскені анық.

«Қызылжар СК»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Валерий Каршакевич, 66-минут (1:0); Дидар Жалмұқан, 90-минут (1:1); Рифат Нурмугамет, 90+4 минут (1:2).

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Шмидт, 30-минут; Алтынбек Сапаров, 32-минут; Олег Мурачев, 53-минут («Қызылжар СК») — Рустам Темірхан, 17-минут; Лаша Тотадзе, 18-минут; Максим Самородов, 90+3 минут («Ақтөбе»).

13 сәуір 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Армен Манучарян, Михал Йерабек, Лаша Тотадзе, Рустам Темірхан, Юрий Перцух (Рифат Нурмугамет, 75-минут), Тонго Думбия, Эрвейн Мукам (Максим Самородов, 60-минут), Еркебұлан Нұрғалиев (Виталий Волков, 60-минут), Максим Федин (Дидар Жалмұқан, 74-минут), Игорь Сергеев (Боян Дубайич, 66-минут).

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 2 доп;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 5 кездесуді де сырт алаңда өткізіп, 2 рет жеңді, 3 рет тең түсті.  Ұпай саны — 9. Доп айырмашылығы — 11:8.

*   *   *

6-тур кездесулері:

18 сәуір, жексенбі:

«Жетісу» (Талдықорған)— «Ордабасы» (Шымкент)

«Астана» (Нұр-Сұлтан)— «Қызылжар СК» (Петропавл)

«Тараз» (Тараз) — «Ақжайық» (Орал)

«Қайсар» (Қызылорда) — «Атырау» (Атырау)

«Тұран» (Түркістан) — «Каспий» (Ақтау)

19 сәуір, дүйсенбі

«АҚТӨБЕ» (Ақтөбе) — «ШАХТЕР» (Қарағанды)

«Қайрат» (Алматы) — «Тобыл» (Қостанай)

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button