Мәдениет

Өмірі өнермен өрілген

«Өнер менің жемісім мен жеңісім». Композитор, әнші, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Сейсен Айтжановтың көрермендермен кездесу кеші осылай деп аталды. Бұл — ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған ерекше форматтағы шара. 

Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Хромтау ауданы Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйі өткізген кеште, негізінен, сұхбатқа басымдық берілді. Пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған кездесуде өнер иесі әндерінің шығу тарихына тоқталып, шығармашылығы туралы сыр  шертті. Ерекшелігі сол, тікелей эфирде Сейсенді әріптестері қолдап, дуэт, трио болып әндерін ерекше реңкте әуелетті.

Мұндағы мақсат — «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыруда қазақтың ән өнерін, композитордың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау, жастардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Сейсен Айтжанов — 60-тан астам әннің авторы. Сазгердің әндерінің тақырыбы сан алуан. Сәйкесінше, әр әннің тарихы, «тағдыры» бар… Сүйген жарға, елге, туған жерге, тарихи тұлғаларға арналған шығармалары баршылық. Соның ішінде оның патриоттық, лирикалық сағынышқа толы әуендері халық арасында танымал.

Сыр-сұхбатқа құрылған кездесудің негізгі контенті — үйде отырған көптеген көрермендер. Тікелей эфирде олар пікірлерін жазып, сұрақ қойды. Сондай-ақ кеш иесіне шығармашылық табыстар тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button