Рухани жаңғыру

Қорытындылар талқыланып, жоспарлар пысықталды

 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығы аясында онлайн режимінде кеңес өтті.

Жиын барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева және Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарының  жобалық кеңсесінің басшылары баяндама жасады.

Шарада  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланып, жоспарланған жұмыстардың басым бағыттары пысықталды.

Кеңесте сөз алған өңіріміздегі жобалық кеңсенің басшысы Нұрлыхан Хасенов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 4 жылдағы жетістіктерге тоқталды.

Біздің облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының 6 бағыты, 17 арнайы жобасын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Қазақстанның  киелі  жерлерінің  географиясы»  арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында елімізге танымал ғалымдар, зерттеушілер мен археологтардың қатысуымен 10  зерттеу жобасы ұйымдастырылды.  Жобаны іске асыру мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Көпшілікке облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер туралы жан-жақты мәлімет  беру үшін 97 ескерткішке QRкодтар орнатылды, — деді Нұрлыхан Хасенов.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарыққа шыққан 100 оқулықтың 31 675 данасы өңірдегі  жоғары оқу орындарына таратылған.

Биыл  «Тәуелсіздікке тағзым» жобасы бойынша 410 жобаны (818 млн теңге) іске асыру жоспарланып отыр.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында да бірқатар  жұмыстар тындырылды. Мысалы,  «Архив – 2025» арнайы жобасы бойынша өңір архивтерінде сақталған құжаттардың 4 557-сі (859 140 парағы) электрондық нұсқаға көшірілген. Сондай-ақ «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жолға қойылды.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 165 іс-шара ұйымдастырылады.  Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздікке тағзым» акциясы, «30 жыл — 30 нақты іс» әлеуметтік жобасы,  «30 қайырымды іс», «30 жетістік»,  «30 жаңа есім» жобаларын жүзеге асыру,  «Тәуелсіздік жолындағы қандастардың қарышты қадамы» облыстық конференциясын өткізу жоспарланып отыр, — деді жобалық кеңсенің басшысы.

Кеңес соңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына орай бағдарламаны жүзеге асыруда жемісті еңбек еткен өңірлік жобалық кеңселердің басшысы мен қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.

Облыс әкімнің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет жиын қорытындысы бойынша тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button