Денсаулық

Өткен жексенбіде талап орындалмаған

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 105 жағдай тіркелді. Оның 80-і Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. Бүгінде аурушаңдықтың өсу  деңгейі 1,6 пайызды құрап отыр.

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тікелей эфир барысында баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, жалпы облыста бүгінге дейін коронавирус инфекциясы бойынша 6709 жағдай тіркелген. Соңғы тәулікте қауіпті індетті жұқтырған 105 адамның 20-сында ауру белгілері байқалмаған.

Қазіргі таңда үй карантиніне 4155  адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Облыс бойынша мобильді мониторингтік топ өкілдері жеке және заңды тұлғалардың объектілерінде, қоғамдық көліктерде және елді мекендерде карантиндік шектеу шаралары бойынша  рейдтік тексерулер жүргізуде. Оның ішінде бетперде тағу режимі, әлеуметтік қашықтықты сақтау, басқа да эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша жұмыстар жалғасуда.

Биыл мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, анықталған құқықбұзушылықтар үшін 24 миллионнан астам теңге көлемінде 183 айыппұл салынды, — деді Нұрсұлу Беркімбаева брифинг барысында.

Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінгі күні Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 21 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 21 объектіге 2 085 655 теңге көлемінде айыппұл салынған.

— Соңғы тәулікте жедел жәрдем қызметіне 881 өтініш келіп түсті. Оның ішінде КВИ бойынша 15, пневмониямен 16 науқас ауруханаға жеткізілді.  Бір тәулікте бір адам індеттен қайтыс болды. Жалпы жыл басынан бері 43 адам ковидпен, 9 адам пневмониямен ауырып қайтыс болды.

Бүгінгі таңда инфекциялық ауруханаларда 623 адам ем қабылдауда. Оның 443-і Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. Реанимация бөлімшелеріне 39 науқас жатқызылған, 4 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Бүгінде барлық керует саны — 3603.  Коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхана жұмыс істеп тұр, — деді Рүстем Исаев.

Ақпан айынан бастап вакцинациялау жұмыстары басталғаны белгілі. Бүгінде облыста 13380 адам екпе алған.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, карантиндік шектеу шараларына сәйкес әр жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы барлық базарлар, тамақ сатпайтын дүкендер мен ірі сауда орындары жабық болуы керек. Алайда өткен жексенбіде бұл талап орындалмаған. Осыған байланысты әлеуметтік желілерден түскен мәлімет бойынша мониторингтік топқа хабарлама жеткізілген. Алдаға уақытта әкімшілік жаза қолданылатын болады.

— Облыс тұрғындарына түрлі мерекелік жиындарды, тойлар мен отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске саламыз. Сақтық шаралары қатаң бақыланбайтын болса, аурушаңдықтың деңгейі  өсе береді. Сондықтан ірі сауда орындарын сенбі күні де жабуға тура келеді, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button