Жаңалықтар

Ольганың қарағайы

Ольга Омарованың мамандығы — тергеуші, заңгер. Қазір ол Мұғалжар ауданының Ембі қалалық полиция бөлімшесінде кез келген санаттағы істерді қазақ тілінде тергеп, тексереді. 

Ольганың туып-өскен жері — Мұғалжар ауданы Орқаш ауылының №3 Қаралатсай фермасы.  Ол — Мыңжасар Әбуұлы мен Надежда Васильевнаның шаңырағында дүниеге келген бес қыздың үлкені. Бұл отбасында бүгінде Ольгадан басқа жан құқық қорғау органында қызмет етпейді. Кейіпкеріміздің өзі бала күнінде тергеуші болмаса заңгер боламын деп әсте ойламаған.

Әкем ауылда механизатор, ал анам жергілікті клубта кітапханашы болды. Шаңырақтың тұңғышы болғандықтан, үй шаруасындағы көп істі ата-анам маған жүктейтін. Ауладағы бау-бақшаны күтіп-баптау, мал қарау, құс өсіру сияқты жұмыстарды бізге бөліп тапсыратын, — деген Ольга бала кезінен осындай жауапкершілікті сезініп өседі.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезеңінде орта мектепті бітірген түлек көп ұзамай әкесінің досы арқылы аудандық полиция бөліміне уақытша кеңсе хатшысы қызметіне орналасады. Өзінің табандылығы мен іске деген жауаптылығының арқасында басшылықтың көзіне түсіп, Ольга бұл ұжымға тез үйренісіп кетеді. Уақыт өте келе Ольга мұндағы тергеушілердің қызметіне қызыға қарап, бос уақытында солармен бірге жауап алуға да қатысып жүрді. Тіпті, кезекші тергеушілермен бірге оқиға болған жерді тексеруге де баратын. Осындай қызығушылықпен ол  кейін тергеуші әрі заңгер мамандығы бойынша оқуды ойдағыдай аяқтайды.

Ольга Омарова 2007 жылдан бері  Мұғалжар ауданының Ембі қалалық полиция бөлімшесінде тергеуші. Қазір аға тергеушінің қоржынында әртүрлі санаттағы істер бар. Ауыр және онша ауыр емес істерді де Ольга қазақ тілінде жүргізеді.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самат Аисов қарамағандағы қызметкері Ольга жайында: «Ол — жоғары білікті маман, адал және жауапты қызметкер. Облыстың шалғай ауданында қызмет етсе де, әрдайым алдыңғы қатарда жүреді, кез келген адамға көмек қолын созуға дайын», — деді.

Ольга қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Осыдан он шақты жыл бұрын ол өз қолымен аудандық полиция бөлімінің ауласына қарағайдың жас көшетін еккен еді. Құқық қорғаушылар жаз мезгіліндегі аптапта Ольга еккен сол қарағайдың көлеңкесінде тынығып, шаршағандарын басады.

Бір қызығы Ольга анасы сияқты қазаққа келін. Ольганың өмірлік серігі Жұмағали вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Ең бастысы, ол Ольганың қызметіне түсіністікпен қарайды.

Марина НҰРЫМЖАНОВА,

облыстық полиция департаментінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button