Жаңалықтар

Алтынбектің алғашқы отасы

Ырғыз ауылының тұрғыны Алтынбек Оразалыұлы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария мамандығында оқиды. Биыл 3-курсты тәмамдайтын ол карантин кезінде алған білімін тәжірибемен ұштастырып, нәтижесінде өлім аузында жатқан баспағына ота жасап, аман алып қалды.

Алтынбектің отбасы аудан орталығында тұрса да, мал шаруашылығымен айналысады. Қорасында азын-аулақ ірі қара және ұсақ малы бар. Өткен сенбі күні қорасындағы баспағы ауырып, үй іші әбігерге түсіпті. Мал дәрігерлерін шақыртқанымен, олар нақты  диагноз қоя алмапты. Содан Алтынбек малының арам өліп қалмауын ойлап, дереу ота жасауға кіріскен. Өз түйсігі мен біліміне сенген жас жігіт әлгі баспақтың ішкі құрылысына ота жасап, буда-буда жіп алып шыққан.

— Бұл — менің ірі қара малына жасаған алғашқы отам. Қорадағы малымның қиналғанын көріп, шыдап тұра алмадым. Білікті ұстаздарымнан үйренген білімім мен тәжірибемді іспен жүзеге асыруға бел будым. Іші кеуіп, сұлап жатқан баспақты ыңғайлы етіп жатқызып, оның мес қарыны мен көк етін кесіп, ішінде жиналған жіпті алып шықтым.

Біздің ауылдың сыртында, мал жайылатын жерлерде тұрмыстық қалдықтар көп. Оның ішінде целлофан, түрлі қағаздар да бар. Соны жегеннің кесірінен әлгі қалдықтар малдың ішкі құрылысына буда-буда жіп болып жиналған, — дейді ол.

Алтынбектің айтуынша, қазір әлгі ота жасалған баспақтың жағдайы жақсы. Ешқандай қауіп жоқ. Ал өзінің жасаған бұл «ерлігін» ол тек жоғары оқу орнында алған білімінің арқасында деп ойлайды.

Болашақ мал дәрігері енді ауылдастарына да көмек қолын созуға дайын. Оның жасаған алғашқы отасы қазір ырғыздықтардың аузында жүр.

Айта кету керек, Алтынбектің ендігі тілегі — оқуын үздік аяқтап, ауылына келіп, қызмет ету.

                                                                                                  Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button