Жаңалықтар

«Парижская комунна» ЖШС-ның жұмысы тоқтатылды

Мемлекеттік сот орындаушылары  Бестамақтағы шошқа фермасының жұмысын тоқтатты.

Алға ауданындағы Бестамақ ауылында орналасқан «Парижская коммуна XXI» ЖШС кәсіпорнының өндіріс қалдықтарын заңсыз көмуіне қатысты жергілікті тұрғындардың наразылығы негізінде уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізді.

Тексеру жұмыстарының нәтижесінде экология, жер және ветеринария заңнамаларына сәйкес заңбұзушылықтар анықталып, аталған мекемені әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды.

Соттың шешімімен облыстық экология департаменті тарапынан ұсынылған сарқынды суды ағызу мен көң сақтау қызметін тоқтата тұру туралы екі талап-арыз қанағаттандырылып, биылғы жылдың 18 наурызы мен 26 наурызында заңды күшіне енді және ол орындау үшін сот орындаушыларына берілді.

Сот орындаушылары кәсіпорынға аталған сот шешімін бір аптаның ішінде орындау туралы хабарлама жолдады. Алайда «Парижская коммуна XXI» ЖШС сот шешімін орындау бойынша тиісті шаралар қабылдамады, тіпті орындайтын ниет те танытпады.

Осыған байланысты сот шешімін орындау мақсатында биыл  9 сәуірде сот орындаушылары тарапынан  объектілерді жаңалау және құбырларды дәнекерлеу жолымен сарқынды суды ағызуды тоқтату бойынша іс-шаралар жүргізілді.

Мемлекетіміздің заңнамасына сәйкес кәсіпорын жабылғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген жағымсыз әсердің салдары үшін кәсіпорын иесі жауапты болады.

Сонымен қатар бұл кәсіпорынның былтырғы жылдың соңынан бастап құзырлы мекемелер тарапынан қойылған талаптарды орындауға жеткілікті уақыты болғанын да айта кету керек.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button