Денсаулық

Ауызашарға баруға, адам шақыруға болмайды

Брифинг

Жұма күні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери-жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Дәулетов аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Бүгінде жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 6236 жағдай тіркелген. Ал 8 сәуір күні 116 адам індет жұқтырды. Оның 93-і ауру белгілерімен болса, 23-і  — симптомсыз.

— Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 116 адамның 89-ы —Ақтөбе қаласынан, қалғаны Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандарынан тіркелді.  Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 1,9 пайызды құрап отыр.

Облыс бойынша мобильді мониторингтік топ өкілдері жеке және заңды тұлғалардың объектілерінде, қоғамдық көліктерде және елді мекендерде карантиндік шектеу шаралары бойынша  рейдтік тексерулер жүргізуде, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, биыл мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметтерге сәйкес, анықталған құқықбұзушылықтар үшін 24 590 180 теңге көлемінде 176 айыппұл салынған. Бүгінгі күні Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 21 тексеру жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 2 миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салынып,  21 ұйғарым берілген.

— Барша мұсылмандар қауымы үшін қасиетті Рамазан айы жақындап қалды. Ауыз бекітіп, ораза ұстаған ақтөбеліктерге ниеттеріңіз қабыл болсын дей отырып, Рамазан айында топталып, ауызашарға баруға немесе үйіне сырттан адам шақыруға болмайтындығын тағы да ескертеміз. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен бірге ауыз ашқаны дұрыс. Сондай-ақ індетке байланысты биыл мешіттерде тарауих намазы оқылмайды. Сондықтан барлық сақтық шараларын мұқият сақтаңыздар, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сонымен қатар соңғы тәулікте пневмония бойынша 10 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда облыстың инфекциялық стационарларында барлығы 562, жан сақтау бөліміндерінде 35 науқас ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда үй карантиніне 3334 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Жалпы, пандемия басталғалы індетке шалдыққан 4859 адам аман-есен жазылып шықты. Бүгінде  ПТР зерттеулері бойынша 11 лаборатория қызмет жасап тұр. Соңғы тәулікте 3521 тест өткізілді.

Вакцинация бойынша биыл 31 қаңтардан бастап 7 сәуірге дейін облысқа барлығы 25 400 доза жеткізілді. Кеше тағы да қосымша 20 мың дозамен толықты. Қазіргі уақытта облыс емханаларына үлестіріліп жатыр. Сондықтан вакцина бойынша ешқандай тапшылық жоқ. Кез келген адам өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларына барып, екпе қабылдауларына мүмкіндік бар.  

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін 10 819 адам екпе алды, — деді Бекболат Ізбасаров.

Бүгінде Ақтөбе қаласы әкімінің қаулысына сәйкес карантиндік іс-шараларды бақылау үшін арнайы 11 топ құрылған. Серік Дәулетовтің айтуынша, биыл бұл бағытта 350 рейдтік іс-шара өткізіліп, 2500-ден астам объект қамтылған. Сондай-ақ  карантин талаптарын бұзған 136 адам анықталған. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 40-қа жуық объекті күнделікті қатаң бақылауға алынған.

Брифинг соңында әлеуметтік желі арқылы келіп түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button