Тұлға

Ірі тұлғаның ізі

Ұзақбай Құлымбетов — 130

Биыл көрнекті мемлекет қайраткері, кезінде қарапайым ауыл мұғалімінен   республика Үкіметінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген жерлесіміз Ұзақбай   Құлымбетовтің туғанына 130 жыл толады.

Көрнекті  қайраткердің  туғанына 125 жыл толуына орай Ақтөбеде  республикалық  ғылыми-тәжірибелік конференция  өтіп, ұлықтау шараларының  Ырғызда   жалғасқандығы көпшіліктің жадында. Бес жыл бұрын Ырғыздағы «Арай»  мәдениет үйінде өткен «Ұзақбай ұлағаты» атты шараға Алматыдан Ұзақбай   Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина, сол кездегі  Ш.Уәлиханов   атындағы   Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих  ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлова және  басқа   да  ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысып еді. Сол тұста «Ұзақбай Құлымбетов:   естеліктер, зерттеулер, мақалалар және ғұмырнамалық хикаят» деп аталатын     жинақтың тұсауы кесілді. Бұл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері    туралы   жарық көрген алғашқы көлемді еңбек.

Ұзақбай Құлымбетов туралы жазылған естеліктерден ол кісінің елі үшін атқарған    ерен еңбегіне көз жеткізуге болады. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы    Мәмбет Қойгелді былай деп жазады: «1935 жылдың қаңтарынан бастап 1937   жылдың 21 шілдесіне дейінгі аралықта Ұ.Құлымбетов Қазақ Орталық атқару  комитеті төрағасы қызметінде болды. Оның бұл кездегі жұмысы, негізінен,   ескі   басшылық жіберген қателіктерді түзету, ауыл шаруашылығы, соның ішінде   алдымен мал шаруашылығының өсіп-өркендеуі, республика еңбекшілерінің   әлеуметтік сатыға көтерілуі үшін күреске арналды. Ұ.Құлымбетов Қазақ Орталық   атқару комитеті төрағасы қызметінде тұрған кезде Қазақ автономиялық    республикасы одақтық республика мәртебесін алды. 1937 жылдың наурыз    айында өткен Қазақстан Советтерінің Х сьезі Қазақ ССР-нің жаңа   Конституциясын бекітті».

Теледидардан берілген бір хабардан Ұзақбай Құлымбетовтің 1933  жылы өлкелік   комитеттің алтыншы пленумында Голощекинді сынап баяндама жасағандығы    айтылды. «Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен   табандатқан үш күн бойы айтысып әуре болдық. Пленумнан кейін обком    хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын    жемей отырғандарын айтайық» деген Құлымбетовтің өзі кейін «ұлтшыл»    атанып, қудалауға ұшырайды.

Отыз жетінші жылдың қаһарына ұшыраған Ұзақбай Желдірбайұлы   Құлымбетовтің көзін көрген жерлестермен жүздесудің сәті түскен болатын.   Кезінде Ырғыз ауданының Құтикөл ауылында тұрған, бүгінде бақилық болған   Төлеп Балданов ақсақалмен арнайы жолыққаным бар.

«Елде  ашаршылық жайлап, халықтың күйі тайған 1932 жылы бес бозбала   Алматыға ҚазПИ-дің дайындық бөліміне оқуға бардық. Табан тіреп барған жеріміз — Ұзақбай Құлымбетов ағамыздың үйі. Ағамыздың Қарабала, Жолмұрат деген   інілері болды. Қарабала біздің жақын апамыз Тұрманқызы Нұрыммен тұрмыс    құрған. Ал Жолмұрат Тайман деген тумамыздың қызына үйленді. Сондықтан   Ұзақбай ағамыздың үйіне құда-жекжат ретінде арқа тұтып барған сыңайым еді.  Қасымдағылар Неталин Оспан, Тұрсынбеков Абдолла, Алмағанбетов Абдолла  және Әлжанов Қуаныш — ағамыздың балдызы.

Ұзақбай ағамыз жауырынды, ірі кісі еді. Үйінде ұзын шапан киіп жүреді, көпшілігіне   болмайды. Шаруасы шаш етектен жалғасып жататынын жас та болсақ   аңғаратынбыз. Жеңгемізге  «мына балаларды тамақтандыр, қарындары  ашып  қалмасын» дейтін. Бәрімізді жыға танымаса да, елден келген жастар екенімізді   біліп, қамқор көңілмен қарайтын» деген Төлеп ағамыздың құнды естелігін кезінде  баспасөзде жарияладым.

Ырғызда ғасырдан асып ғұмыр кешіп,  таяу жылдарда өмірден өткен Бибіш   Қуанышева есімді кейуанамен әңгімелескенімде ол жұбайы Жолымбет Ұзақбай   Құлымбетовпен құрдас екендігін, бір ауылда қатар өскенін айтқан болатын. Бибіш   әжей де Ұзақбайдың көзін көрген. Өзімен бірге туған Жәлел деген жалғыз ағасы    Алматыда Ұзақбай Құлымбетовтің үйінде  жатып оқыпты. Осындай естеліктер   арқылы Қазақстан үкіметіне басшылық жасаған биік тұлғаның туып-өскен елімен,   ағайын-жұртымен аралас-құралас болып, үлкендік ізетімен, кішілерге   құрметімен   танылғанын бағамдауға болады.

Тәуелсіздігімізді алатын жылы Ырғызда Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына жүз   жыл толуы үлкен мереке ретінде аталып өтілді. Сол шараға сырттан келген   қадірлі қонақтар  арасында болған Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан   Байсалова апаймен сұхбаттасудың орайы келді.

— Әкемнің есімі  (А.Байтұрсынов) Ақтөбе өңірімен де  байланысты. Ол кісі екі жылдық мұғалімдер институтын  бітіргеннен еңбек жолын Ақтөбе аймағында бастаған, — деп еді Шолпан апай, — Қазірде Ақтөбедегі зиялы адамдар мені шақырып, осы деректі тілге тиек етуде.  Менің Ырғыздағы Ұзақбай Құлымбетов ағамыздың 100 жылдық тойына келмеуіме болмайтындай еді. Өйткені ол кісі әкемдермен араласып қатар жүрді. 1926 жылы Қызылордада тұрғанда Ұзекеңмен наурыз тойында бірге болдық. Мен бұл кісілердің қолына су да құйғанмын…

Менің қолымда Ырғыз аудандық «Колхозшы» газетінің 1937 жылғы 29  октябрьдегі (қазандағы) №107 санында латын қарпімен басылған материалдың көшірмесі сақталған. «Айыптау қорытындысы. Ырғыз ауданындағы контрреволюцияшыл -ұлтшыл диверсиялық-зиянкестік ұйымның ісі туралы» деген тақырыппен жарияланған материалда ауданның сол кездегі бір топ басшы азаматтарына көрсетілген қылмыстар бойынша айыптар тағылғандығы егжей-тегжейлі жазылған. Осылардың арасындағы сол  уақытта Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовке қатысты мәліметтер де назар аудартады. Түсінікті болу үшін латын қарпінен көшірілген деректерді сөзбе-сөз келтірейік.

«Тергеуде Ырғыз ауданындағы контрреволюцияшыл -ұлтшыл ұйым 1934   жылы басталған, жауыз Асқаровтың аудандық атқару комитеті    председателі болып келген кезінде ұйымдасқаны ашылды. Алдын-ала    тергеуде Асқаров өзінің контрреволюцияшыл ұйымға 1935 жылдың аяғында   кіргенін айтты.

Бұл мәселе жөнінде Асқаров жауабында былай деді: «Мені    контрреволюцияшыл ұйымға 1935 жылы Жаманмұрынов Тел тартты».   Жаманмұрынов Тел контрреволюцияшыл -ұлтшыл ұйымға 1934 жылы кіргенін   сипаттады. Ол сонымен қатар Асқаровты контрреволюцияшыл ұйымға   тартқан Құлымбетов деді. Жаманмұрынов Тел жауабында былай деді:   «Құлымбетов маған онымен (Асқаровпен) жеке жолығуға тапсырды. Мұны мен    орындадым да. Асқаровпен жеке сөйлескенімде белсенді ұлтшылмен сөйлесіп    отырғаныма көзім жетті».

Сол бір заманның ащы шындығы жергілікті басылым беттерінде жарияланған   деректер арқылы айқындала түседі. Тек аудандық баспасөз ғана емес, сол   кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті де сондай шақта   «жазалау» науқанына барынша үлес қосқаны туралы белгілі ғалым Темірбек    Қожакеев «Қасірет», «Сатқындық салтымыз ба?» деген мақалаларында атап   өтеді.

Мұнда  Т.Қожакеев былай  деп жазады: «Кейде тіпті бет қызылын белге   түйіп»,  «ұят болар»  деп қиналмай, құлаққа кірмейтін күлкілі айыптар  тағылды. Біреулер былай деп те соқты: «Ырғыз ауданынан табылған халық  жаулары Асқаров, Жоламанов дегендер Құлымбетовтің диверсиялық,  зиянкестік істерін тура жүзеге асырушы болған… Зұлым Асқаров халық жауы  Құлымбетовтің тура заданиесімен «Қазақстанның 15 жылдығы» значогін өңкей  сұмдарға, сұрқияларға үлестірген. Құлымбетов сияқты сұрқия адамдарға  үлестіруді міндеттеген.

Асқаров Алматыдан сәлемдемеге значок әкеліп үлестіргенде, соның бірін  Егембергеновке (дұрысы Ембергенов — М.М.) де береді… Ешбір ұйымның қаулы-қарарынсыз Егембергеновтің халық жауы қолынан значок алуы да күдікті.  Ырғыз партия ұйымы газеттің, газет редакторы Егембергеновтің күдікті  позициясын тез айқындауы керек». («Социалистік Қазақстан» газеті, 15.9.37).  Осылайша өзі дүниеге келген Ырғыз өңірінде  қызмет жасап, республиканың    басшылығына дейін көтерілген, отызыншы жылдарда жазықсыз жаланың    құрбаны болған біртуар азамат Ұзақбай Құлымбетовтің тума-туыстары,   жерлестері де қудалауға ұшырады.

Қазақ елінің қалыптасуы жолында қалтқысыз қызмет жасаған Ұзақбай   Құлымбетов республика тарихында өз орынын алады. Көрнекті тұлғаның туған    жерінде аудан орталығындағы көшеге есімі беріліп, Ұ.Құлымбетов атындағы    саябаққа ескерткіш мүсіні орнатылды. Биылғы мерейтойына орай Ырғызда   аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Көрнекті   қайраткер —  Ұзақбай Құлымбетов» деген тақырыппен конференция  өткізіліп,  басқа да іс-шараларды жұршылыққа ұсыну белгіленді. Есіл ер ел жадынан  ешқашан ұмытылмақ емес.

                                                   Марат МЫРЗАЛЫ,

                             Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

                                                     Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button