Тарих

Өнегесін өзгелерге дарытқан…

Өз ісінің маманы деген тіркес әдетте кез келген адамға айтыла бермейді. Ол үшін кәсіп иесі өзін шеберлігі, біліктілігі, іскерлігі арқылы мойындата білуі керек.

Сондай жоғары атаққа ие болған азаматтардың бірі ретінде мен Бисен Иманалинді айтар едім. Онымен алғашқы танысуым осыдан он бес жылдай уақыт бұрын болды.

Ақтөбе қаласының батыс жақ бөлігінде орналасқан жоғары кернеулі электр желілері станциясы аумағында оқу-жаттығу шарасы өткізілетін болып, көптеген мамандар бас қосты.

Жаттығудың мақсаты — әртүрлі себептерден туындайтын, нақты айтқанда өрт, түрлі апаттар кезінде кезекші мамандардың жедел қимылдарын үйлестіруге тәжірибе бөлісу болатын. Осындай іс-қимыл барысында Бисен деген жігіттің ұйымдастырушылық қабілетіне бәріміз ырза болғанбыз.

Біздің «Энергосистема» ЖШС мекемесінің бөлім бастығы Н.Косяченко бірде өзімізге тағы бір білікті маман керектігін айтты. Менің ойыма өткендегі жедел қызмет ететін бригададағы Бисен Иманалин деген жігіт түсе кеткені.

Осылайша ол біздің мекемеге қауіпсіздік техникасы бөліміне қатардағы инженер болып қабылданды.

Қай жұмыстың да өзіндік қиындықтары болатыны белгілі. Соның ішінде біздің «Энергосистема» жүйесінде ток көздері өте қауіпті. Мұнда қателік жіберуге мүлдем болмайды. Өкінішке қарай, кейде қайғылы жағдайлар да болып жатады.

Осындай оқыс оқиғаларды болдырмау, олардың алдын алу, тағы да басқа шаруаларды жүзеге асыру қауіпсіздік техникасы инженеріне тапсырылатын жұмыстардың бір бөлігі ғана. Өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындап, жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген Бисен Климұлы бір жылдан кейін бөлімнің жетекші маманы болып бекітілді. Көп ұзамай оның лауазымдық қызметі тағы да көтеріліп, бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалды. Арада екі жыл өткенде біз Бисенді бөлім бастығы қызметінен көрдік.

Ол тыным таппай еңбек етіп, көпшілік арасында беделге ие болды. Облыс аудандарын жиі аралап, қауіпсіздік шараларының дер кезінде жүзеге асуына ұйытқы болып, көп істі өзі қадағалап жүрді.

Өмір болған соң кездейсоқ оқиғалар кездеспей тұрмайды. Жұмыс бабындағы отырыстарда «Мен үшін ең қиыны — қызмет атқарып жүріп қаза тапқан жолдастарымыздың үйіне бару» дейтін. Өйткені алдыңнан азаматтың зайыбы балалары, кейбіреуінің ата-анасы шығып, «таңертең жұмысқа кеткен адамымыз қайда?» деп жылағанда, ауыр жағдай сол дейді. Сондықтан да әріптестерінен сақтық шараларын қатаң ұстануды талап етеді.

Бисен Климұлының тағы бір ерекшелігі — орын алған жағдайлардың себептерін толық зерттейтіндігі. Жұмыс басында болған жұмысшы-қызметкерлермен тікелей тілдесіп, сауалдарына нақты жауап алады. Сондайда мен «Сен нағыз тергеуші болатын адамсың ғой» деп сөз тартамын.

Ол шынында жас кезінде ішкі істер қызметкері болуды армандаған екен. Бірақ жауаптылығы одан бір де кем емес қазіргі қызметіне де еш өкінбейді.

Бисен Иманалин — бүгінгі уақытта мекемеде бас инженердің орынбасары. Оны көпшілік жоғары дәрежелі білікті маман, талапшыл басшы деп біледі.

Сонымен бірге тату-тәтті отбасы иесі. Зайыбы Сәнгүл кәсіпкерлікте жүр. Үлкені Әділет — дәрігер, одан кейінгі Саламат — программист.

Бисен Климұлы сияқты азаматтары бар ұжымда іс те өнімді, ахуал да қалыпты. Бір адамның өнегесі көпке игі әсерін тигізетінін де біз осы әріптесіміз арқылы көріп-біліп жүрміз.

Қожабай КЕСІКОВ,

ішкі істер қызметінің ардагері.

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button