Жаңалықтар

Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу тапсырылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Жиында алдымен облыс басшысы өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты медициналық мекемелерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, шағын және орта бизнес субъектілеріне шектеу шараларын сақтау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жиында қатысушылардың назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты бейнефильм ұсынылып, ақпараттар айтылды.

Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Әбтиев өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың нәтижелері жайында баяндап берді.

Оның айтуынша, пандемияға қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған салада оң динамика сақталған. Мәселен, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында былтыр 19,2 млрд теңге субсидия төленген. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 28,9 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелер берілген. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 857 жобаны жүзеге асыруға 3,7 млрд теңге бөлінсе, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша  5,5 млрд теңгеге 90 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 324,7 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 6,7%-ды құраған.

Былтыр ірі қара малының саны 7,7%-ға өсіп, 531,4 мыңды құраса, ұсақ мал саны 2,3%-ға артып, 1153,4 мыңға жеткен. Ал жылқы 23,4%-ға (178,1 мың), асылтұқымды ірі қара малының саны 11,8%-ға көбейген.

Егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына 863,1 млн теңге субсидия төленген. 513,8 мың тонна дәнді дақыл, 35,4 мың тонна майлы дақыл жиналған.

Мемлекет басшысының суармалы жерлерді ұлғайту бойынша тапсырмасына сәйкес 10,6 мың гектарды тұрақты түрде суару және 24,8 мың гектарды көлдетіп суару арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Жобалар Мәртөк, Қобда, Ойыл аудандары мен Ақтөбе қаласында жүзеге асса, биыл Қарғалы, Әйтеке би, Хромтау аудандарында іске асырылмақ.

Өткен жылы 9,2 млрд теңгеге 929 техника сатып алынған. Оның ішінде түрлі модификациядағы 287 трактор, 20 астық жинау комбайны, 26 астық өңдейтін техника, 412 азық дайындайтын техника бар. Былтыр ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда облысымыз Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті бюджеттен 160 млн теңге бөлініп, қаражат нан мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын 4 ірі өндіруші кәсіпорынға пайызсыз несие ретінде берілді. Биылғы наурыз айында 4800,0 тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн теңге қаржы бөлінген.

Жалпы, 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласына 22,4 млрд теңге инвестицияланып, 15,6 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында «Milker» ЖШС құрама жем зауыты, мал бордақылау алаңы, «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешені, т.б. ірі жобалар бар.

2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы аясында алдағы бес жылда құны 311 млрд теңгені құрайтын 75 жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ биылғы жылы жалпы құны 9,2 млрд теңге болатын 15 жоба пайдалануға беріледі.

Қазір ауа райы тұрақталды. Біз көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдауымыз керек.  Биыл қандай астық алатынымыз өзімізге байланысты. Ол үшін барлық ресурстар бар, жанар-жағармаймен және тұқымдармен қамтыдық. Сонымен қатар ет пен сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар санын көбейту шараларын қабылдау керек,— деді облыс әкімі.

Жиында Оңдасын Оразалин өңірде суармалы жерлерді ұлғайту, субсидияны уақтылы әрі сапалы игеру шараларын қабылдау бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Бұдан кейін басқосуда облыстық ветеренария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаев өңірде қабылданып жатқан эпизоотикалық және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2020 жылы жануарлардың энзоотикалық ауруларының алдын алуға 29,9 млн теңге қаржы бөлінген.

Былтыр Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 127 мал қорымы тіркелген. Облыстағы 4 елді мекенде мал қорымын салу үшін облыстық бюджеттен 62,4 млн теңге бөлінген.

2021 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, қазіргі таңда ауылдық округтерде ветеринарлық-профилактикалық, диагностикалық шаралар жүзеге асырылуда.

Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button