Жаңалықтар

Шалқар көлін тазарту жұмыстары басталды

Шалқар көлінің ахуалы кейінгі жылдары республикалық деңгейдегі өзекті мәселеге айналғаны белгілі.

Іргесіндегі Шалқар қаласы тұрғындарының ала жаздай бау-бақша егіп, ертеден несібесіне айналған айдын көлінің табаны балдырланып, батпақты күйге түсті. Бұған, әрине климаттық жағдайдың да әсері бар. Оған қоса, көлге көктемде құятын Мұғалжар тауларына қардың аз түсуі, жауын-шашынның азаюы да негіз болып отыр. Бұл мәселе жергілікті халықтың үлкен алаңдаушылығын туғызып, көл табанын тазалау көптен бері олардың басты тілегіне айналған болатын.

Тұрғындардың бұл тілегіне орай Шалқар көлінің табанын тазалау мәселесі облыс басшысының қолдауымен, Үкімет тарапынан мақұлданып, қажетті қаражат бөлінді.  Биыл сәуір айының 5 жұлдызынан тазарту жұмыстары басталып кетті. Бұл іргелі шаруаны алматылық «Толағай — 2050» ЖШС атқаратын болды.

Жақында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов көлді тазартушы серіктестік өкілдерімен кездесті. Алған мекеменің ісіне сәттілік тілеп, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

«Толағай — 2050» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Рашид Сламбеков көл табанын тазалау жұмыстары ойдағыдай атқарылатынын жеткізді. Оның сөзінше, көлдің табаны толық көлемде тазаланады. Жұмыс барысында төрт жер аумағы мен 60-90 см қалыңдықта жалпы көлемі 3 млн шаршы метр топырақты тазарту жоспарланған. Табанындағы тоғыз шақырым аумақта 60-тан астам арнайы техника жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ жағалауына арнайы дамбалар салынбақ. Жұмыстар 2022 жылдың шілде айында толық аяқталмақ.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев бастаған қоғам белсенділері, табиғат жанашырлары елге ортақ іске білек сыбана кірісіп жатқан азаматтардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Үлкен істі бастар алдында жергілікті азаматтар қазақы ырыммен көл табанында мал бауыздап, еңбек ардагері Аманкелді Қалыбаев жұмысшы топқа батасын берді.

Халық қалаулыларының атынан аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев көл жағалауына енді демалыс алаңдары салынса деген шалқарлықтардың ортақ тілегін айтты. Жергілікті халық қазір қала іргесінде басталған іргелі іске қуанып, оның ойдағыдай аяқталарына үлкен сеніммен қарап отыр.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button