Жаңалықтар

Шаруалар тәжірибе алмасты

Барыс-келіс

Ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері атыраулық әріптестерімен тәжірибе алмасты. Облыс шаруаларының жасап жатқан жұмыстарын көру үшін делегация Атырау облысының Қызылқоға ауданынан өкілдер келді.

Біздің Ақтөбеге келудегі мақсатымыз — ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістерді  көру, ақтөбелік кәсіпкерлердің даму тәжірибесін үйрену және осы үлгіні біздің Қызылқоға ауданының жағдайына көшіру. Бізге жылыжай бизнесі, ешкі шаруашылығын дамыту және ешкі сүтін қайта өңдеу қызықты. Біздің арамызда сүт цехын салғысы келетін де фермерлер бар. Мен  Атырау облысының Қызылқоға ауданында төрт жыл бойы ірі қара мен қой өсіретін ферма салуға инвестиция салдым. Қазір бұл біздің облыстың ең ірі репродукторы. Екі өңірдің фермерлеріне тәжірибе алмасуға және байланыс орнатуға көмектесуге ниеттімін, — деді фермерлер одағының Қызылқоға аудандық филиалының төрағасы Әнуар Аманғали.

Атыраулық фермерлерге «Рокос» компаниясы мен «Шекшек Атаның» жұмысы, «Жаңа Қоныс» жылыжай кешені, «Айс» пен Мәртөктегі тері өңдеу цехының жұмыстары таныстырылды.

2008 жылдан бастап облыс аумағында жұмыс жасап тұрған «Рокос» ет өңдеу кәсіпорны — «ҚазАгроҚаржы» АҚ көмегімен жүзеге асырылған инвестициялық жоба. Ал жабдықты жеткізумен австриялық «Schaller» компаниясы айналысты. Бүгінде мұнда шұжық өнімдері мен ет деликатестерінің 100-ден астам түрі өндіріледі. «Рокостың» өнімдері облыс аумағымен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жеті филиалында сатылады. Комбинаттың барлық өнімі ИСО 9001-22000 стандарттарымен сертификатталған. Сондай-ақ мұнда балық өңдеу цехы да жұмыс жасап тұр.

Атыраулық фермерлер барған тағы бір ірі кәсіпорын —  Мәртөк ауданының аумағында 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Айс» сүт-тауар фермасы. Оның жобалық қуаттылығы — жылына 7 200 тонна сүт. 2015 жылдан бастап СТФ толық қуатында жұмыс істейді. Фермада барлық процесс компьютерлендірілген: малды азықтандыру, үй- жайларды жинау және сауу, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару — барлығы автоматтандырылған механизмдерде жүргізеді. Мұнда Израиль өндірісінің сүт шаруашылығын басқаратын модульдік жүйесі орнатылған.

Делегаттардың қызығушылығын тудырған тағы бір нысан — «Шекшек Ата» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі болды. Шаруашылық басшысы Амантай Үмбетай ісінің қалай пайда әкелгенін айтып берді. Кәсіпкер мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өңірлік палатаның қолдауымен 12 миллион теңгеге несие рәсімдеген. Осы ақшаға ешкі, сүт өңдеу жабдығы мен шағын трактор сатып алады. Өндірістік цех сүтті сақтау және пастерлеу, ірімшік жасау құрылғыларымен жабдықталған. Айта кетейік, ешкі фермасы қала маңындағы Сазды ауылында орналасқан.

Біз банкротқа ұшыраған компанияның ғимаратын сатып алып, үй-жайларды ретке келтірдік, газ, су өткіздік. Бүгінде ешкілердің саны 200-ге дейін өсті. Бүгінде алдымызда битал, сонымен қатар нубия, заанен, пәкістан ешкілері бар. Сүт өнімдері сұранысқа ие. Қымыз өндіруге де сертификатымыз бар. Сусындарымызды қаладағы супермаркеттерге, сондай-ақ тапсырыс бойынша сатамыз, — деді кәсіпкер.

Бұдан соң атыраулықтар «Жаңа Қоныс» жылыжай кешеніне барды.  Мұнда жергілікті кәсіпкер Болат Отарбаев дәстүрлі пленкалы жылыжайларды қалай салу, сондай-ақ инновацияларда істі дамыту туралы айтып берді.

«Осындай өңіраралық тәжірибе алмасу қажет. Өткен жылы тұрақсыз эпидқозғалысқа байланысты барлығы онлайн түрде өзара әрекеттесуге көшті. Бұл жолы біз екі жақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды талқыладық. Өзекті мәселелерге, атап айтқанда, аграршыларды мемлекеттік қолдау, инновацияларды пайдалану, кооперация және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сауда желілерімен байланысын жолға қою мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталдық. Өндірістік нысандарды аралау барысында сындарлы диалог қалыптасты, енді біз әріптестерімізбен жұмысымыздың бірлескен практикалық шешімдеріне көшуге дайынбыз. Палатаның Қызылқоға аудандық филиалындағы әріптестерімізбен байланыста боламыз», — дейді  Ақтөбе облысы палатасының  бөлім сарапшысы Владимир Ким.

Кездесуге қатысушылар Ақтөбе және Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тәжірибе алмасуы технологиялық дамуға және экономикалық тиімділікті арттыруға көмектесетініне сенім білдірді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button