Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: өкпе зақымдалып, жүрек нашарлайды

Соңғы аптада індетке шалдыққандардың саны күрт өсті. Ақтөбе қаласындағы инфекциялық стационарларға күніне кемі 40-50 адамнан түсіп жатыр. Облыстық клиникалық-инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдинова емдеу мекемесі жанынан үш бөлімнің ашылғанын айтты.

Коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеуге арналған бірінші бөлім қала сыртындағы наркологиялық диспансерде орналасқан.

Бұл жерде қазір 72 адам ем алса, жансақтау бөлімінде 9 адам жатыр. Жалпы стационарда 110 кереует бар. Жансақтау бөлімінде 17  кереует дайын тұр. Коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелдер де осы бөлімге әкелінеді. Қазір бұл жерде 15 әйел ем алуда. Оның үшеуі босанған. Денсаулықтары қалыпты, сәбилері дін аман. Созылмалы сырқаты бар, ауыр бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққандар да осы жерде емделеді. Олар гемодиализ алады. Әлия Сәлімқызының айтуынша, бұл жерге ПТР тест арқылы денесінде коронавирус анықталған науқастар ғана жатқызылады.

Екінші бөлім — мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі.

— Бұл бөлім бесінші сәуір күні ашылды. Кеше бір күнде отыз үш адам осы емдеу мекемесіне жатқызылды. Үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы стационарда 130 кереует дайын тұр. Жансақтау бөлімінде 20 кереует бар. Үшіншіcі — облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың жанындағы ауа- тамшы бөлімі. Бұл жерде тек қана балалар емделеді. Жиырма бес кереует бар. Жалпы бір күнде  30-40 науқас келеді. Науқастар саны наурыз айында күрт өсті. Мәселен, қаңтарда ауруханадан 87 адам емделіп шықса, ақпанда —107, наурыз айында 200 адам ауруынан айығып, үйіне жіберілді және осы айда он бес бала коронавирусқа шалдығып, емделді. Бұған дейін індет балалар арасында көп тіркелмеген болатын, — деді бас дәрігердің орынбасары.

Індет басталған кезде облыстың ауруханаларында түрлі қиындықтар болды. Дәрі тапшылығы, маман жетіспеушілігі байқалды. Дәрігерлер де, тұрғындар да тосыннан келген індетке төтеп бере алмай, түрлі жағдайды бастан өткерді.

Биыл өткен жылғы кемшіліктер қайталанбас үшін қыруар жұмыс жүрді. Аурухана күрделі жөндеуден өтті. Қазір дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, тыныс алдыру аппараттары, антисептикалық сұйықтықтар мен бір реттік бетперде, костюмдермен толық қамтылды. Барлығы жеткілікті. Былтыр маман тапшылығы болса, биыл жиырма үш резидентті оқытып алдық. Қазір екі-үш резидент жетекші дәрігердің қасында жүріп, науқастарға көмек көрсетеді. Облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Сағынайұлы коронавирусқа шалдыққан ауыр сырқаты бар науқастарды өзі қарайды. Ондай науқастарға сырқатына байланысты арнайы ем жүргізіледі,— дейді Әлия Нұртдинова.

Індет жасы ұлғайған адамдарға ауыр тиіп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқандардың да басым бөлігі — егде жастағы адамдар.

— Созылмалы сырқаты бар егде жастағы адамдар коронавирусқа шалдықса, бірден сауығып кетуі қиын. Вирус денедегі өзге ауруларды қоздырады. Қант диабеті бар, қан қысымы жоғары адамдарға өте қауіпті. Кейбір адамдар індеттің белгісі байқалған кезде бірден дәрігерге хабарласпайды. Үйден емделеді. Ауру асқынып, жөтел қысып, дем жетпеген кезде ғана ауруханаға келеді.

Бұл вирус өкпені бірден зақымдайды. Ауруы асқынып келген адамдарды аппарат арқылы тексерген кезде өкпенің 70-80 пайызының зақымдалғанын, яғни өкпеден ештеңе қалмағанын көреміз.

Өкпе — адам денесіндегі ең тез зақымдалатын мүше. Сәл суық тисе де өкпе бірден қабынады. Мәселен, бауыры зақымдалған адам жетпіс-сексен жасқа дейін өмір сүре береді. Ал өкпе бүлінсе, ұзақ жүре алмайды. Өкпе зақымдалып, қабынған кезде жүрек қызметі бұзылып, тромб түзіледі. Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүруі керек. Жасырын той жасап, отбасылық кеш өткізіп жатқандар бар. Сол тойға барған сап-сау адам бір-екі күннен кейін ауырады. Вирусты кімнен жұқтырып алғанын білмейді. Сондықтан адам көп жиналатын жерлерге бармаған жөн. Қоғамдық көлікке мінгенде міндетті түрде бетперде тағу керек. Адамның барлығы бетперде тақса, аурудың жұғу қаупі азаяды, — дейді Әлия Сәлімқызы.

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда жақсы. Дәрігердің сөзіне құлақ асайық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button