Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцина: аудандардағы ахуал қандай?

Өңірде вакцинациялау жұмысы жалғасып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, 6300 доза вакцина жеткізілген. Қазір ол емдеу мекемелеріне таратылып берілді. Жасы 18-ден асқан кез келген тұрғын өзінің учаскелік дәрігеріне хабарласып, екпе алуына болады. Алдағы аптада облысқа ірі көлемде вакцина жеткізілмек. Сол уақытта тұрғындарды жаппай вакцинациялау басталады.  Қазір егу жұмыстары аудандарда да жалғасып жатыр.

Әйтеке би ауданы:

Індетті тоқтатудың  жалғыз жолы — екпе

Вакцинациялау жұмыстары Әйтеке би ауданында жоспар бойынша жүріп жатыр. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, өткен айда екі жүз доза вакцина келген.

Бірінші кезекте медицина мамандары егілді, яғни олар бірінші дозаны алды. Кеше тағы екі жүз доза вакцина әкелінді. Мұғалімдер, полиция қызметкерлері кезекпен алып жатыр. Аурухана қызметкерлері тұрғындарға індеттен сақтану, вакцинаның тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Дегенмен әлі де екпеден қорқатындар бар. Ең біріншіден, адам психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Екпеден кейін реакцияның болуы қалыпты жағдай.  Өзім де алғашқылардың бірі болып екпе алдым. Ешқандай кері әсерін байқаған жоқпын. Жұмыс көп, шаруамен жүгіріп жүргенде екпе алғанымды да ұмытып кеттім, яғни психологиялық  тұрғыдан ойлап, қорқыныш болмағаннан кейін жеңіл қабылдадым деп ойлаймын. Дегенмен әркімнің иммунитеті, ағзасы әртүрлі. Екпе алған екі жүз медицина маманының арасында бес-алты адамда екпенің жанама әсері байқалды. Бірінің қызуы сәл көтерілсе, бірі әлсіздікті сезінген. Бірақ вакцинаның айтарлықтай кері әсерін сезінгендер жоқ. Барлығы жеңіл қабылдады. Қазір мұғалімдерге де түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Екпеден қорқудың қажеті жоқ. Індеттен сақтанудың ең тиімді жолы — вакцина, — дейді бас дәрігер.

Ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ауруханада коронавирус жұқтырған жеті адам емделіп жатыр. Науқастармен байланыста болған жетпіске жуық адамнан ПТР тест алынып, тексеруге жіберілген.

Коронавирустың британдық штамы алғашқысына қарағанда, сегіз есе тез таралады. Сондықтан тұрғындарға сақтанып, тойды, отбасылық шараларды уақытша тоқтату керек. Алайда ескертуге құлақ асып жатқандар сирек. Бес -алты адамнан жиналып, ас ішеді. Он шақты адам туған күнге барады. Осылай жүргенде вирус тез таралады. Ауруханада жатқандардың басым бөлігі Ақтөбеге барып, вирус жұқтырып келгендер. Сондықтан қазір бізге қатаң тәртіп керек. Аурудың инкубациялық кезеңі — он төрт күн. Егер қазір екі апта үйден шықпай, адамдармен қарым-қатынасты үзсек, жағдай тұрақталады. Бірақ тұрғындар әлі түсінбей жүр. Тіпті вирустың бар екеніне сенбейтіндер әлі кездеседі. Былтыр жазда аурудан қаншама адамның қиналғанын көрдік. Сондай жағдайға жетпес үшін сақтану керек, — деді Жамбыл Жайлыбаев.

Ойыл ауданы:

Науқастарды өз күшімізбен емдедік

Наурыз айында Ойыл ауданы қызыл аймаққа енді. Қазір ауданда  эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, емдеу мекемесінде жиырма науқас жатыр. Өңірде вакцинациялау жұмыстары да жүйелі түрде жүруде. Қазіргі күні 150 адам екпенің бірінші дозасын алған. Оның 97-сі медицина мамандары болса, 38-і — мұғалім, қалғандары әртүрлі сала қызметкерлері.

Тағы екі жүз доза вакцина әкелінді. Қазір мамандар екінші дозаны алып жатыр. Бірінші кезекте медицина мамандары, педагогтер, полиция қызметкерлері қамтылады. Жалпы ауданда екпе алғысы келетіндер көп.  Вакцинаның келуіне байланысты екпе салынады. Қазір екі егу кабинеті жұмыс жасап тұр. Ірі көлемде вакцина келген кезде жылжымалы кешен іске қосылады, яғни  ауыл- аймақтарды аралап, вакцина салуға дайынбыз.

Аудан Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен шектеседі. Өзге облыстан келетіндер мен оған баратын тұрғындар көп. Ауданның қызыл аймаққа кіруінің бір себебі — осы. Қазір санитарлық бекет жұмыс жасап тұр. Бірақ  эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Карантиндегі тұрғындардан ПТР тест алып, уақытында тексеріп отырмыз. Вирус жұқтырып жатқандардың саны аз. Емдеу мекемесінде дәрі-дәрмек, қажетті бұйымдардың барлығы жеткілікті. Науқастарды облыс орталығына жібермей-ақ өзіміз емдеп, шығардық. Ендігі үміт — екпеде. Індетті тоқтатудың жалғыз жолы — осы. Тұрғындардың жетпіс пайызы вакцина алса, ұжымдық иммунитет қалыптасады.

Аудан халқына қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертіп жатырмыз. Бірақ адамдар әлі де бейқам. Ескертуге құлақ аспайтындар бар. Туысы немесе жақыны ауырып, ауруханаға түскен кезде ғана сақтану керек екенін түсінеді. Ал ол кезде барлығы кеш болады. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, бетперде тағып, арақашықтықты сақтау керек. Той, садақаны уақытша тоқтата тұрған дұрыс, — дейді бас дәрігер.

Аудандық аурухана жасанды тыныс алдыру аппараты мен қажетті медициналық бұйымдармен толық қамтылған. Бас дәрігер тұрғындарды тек сақтанып жүруге шақырды.

Алға ауданы:

300 адам екпе алды

Вакцинациялаудың бірінші кезеңінде ауданда 300 адам екпе алған. Кеше тағы 250 доза вакцина жеткізілген. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұркен Өтегеновтің айтуынша, аудандық ауруханада коронавирус жұқтырған он адам емделіп жатыр. Оның екеуі пневмонияға шалдыққан.

Ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен күніне вирус жұқтырған 3-4 адам тіркеледі. Аурушаңдық көрсеткіші наурыз айынан бастап өсті. Жалпы, жыл басынан бері елу алты адам індет жұқтырса, жиырма жеті адам пневмонияға шалдықты. Қазір індеттің алдын алу үшін вакцинациялау жүріп жатыр. Өзім және қасымдағы екі бас маман алғашқылардың бірі болып екпе алдық. Ешқандай жанама әсерін байқағанымыз жоқ. Қазір тұрғындарға вакцинаның пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Егілемін деген азаматтар болса аудандық ауруханаға хабарласып, вакцина алуына болады. Қазір бір егу кабинеті жұмыс жасап тұр. Егілетін әрбір адам жан-жақты тексеруден өтеді, яғни терапевт дәрігер қарап, қарсы көрсетілімнің бар немесе жоқ екенін анықтайды, — дейді Нұркен Өтегенов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button