Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлағатты шайырды ұлықтай білейік

(ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері туралы толғаныс)

Төбеміз көкке жетіп, төрт тарапымыз төрт құбыла қарһалләзи болдық демесек те,  Аллаға шүкір, жат елге жалтақсыз, өз алдына отау тіккен азат һәм тәуелсіз мемлекет болғанымызға, міне, 30 жылдың жүзі болыпты. Биыл осынау тәуелсіз еліміздің кейінгі жас ұрпағы түгіл, жасамыс аға ұрпағының көпшілігі біле бермейтін, өйткені жетпіс жылдық кеңестік келеңсіздіктің кертартпа кесірінен ел есінен біржолата шығып қала жаздап, тек көненің көзіндей көне жүйрік қарттарымыздың ауызекілік қана кейіпкеріне айналған кемеңгер ойшыл, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің (Боранқұлұлы) мерейтойы. Ақтөбе аймағында өтетінін естігенде «тәубе, тәуелсіздікке тәубе!» деп дауыстамасақ та осы бір қос ауыз сөзді іштей күбірлеп тұрғанымызды айқын сезіндік. Оны ұйымдастырып жатқан облыс әкімдігіне, әкім Оңдасын Оразалиннің жеке өзіне, бұл ауқымды іс-шараның бар ауыртпалығын мойнына алған мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға деген разылығымыз да шексіз.

Рас, осыдан он жыл бұрын Ақтөбе өңірінде ғұлама шайырдың мерейтойы тақылеттес іс-шара өтті. Алға қаласында шағын ғана айтыс ұйымдастырылып,  ақын Ақұштап Бақтыгереева екеуміз қазылар алқасының  мүшесі болдық.

Әдетте, азаттық, тәуелсіздік дегеніміз өз жер-суына, тау-тасына, орман-тоғайы мен қазына-байлығына өзі ие болу ғана деп білеміз. Тіпті осы бір келтелеу ойдан кеңірек көкжиекке көз тастауға келгенде кемелдігіміз де кемшіндеу екені ара-тұра аңғарылып қалатынын несіне жасырамыз. Әйтпесе, «су түбінде жатқан маржан тас жел шайқаса шығады, ой түбінде жатқан сөз шер шайқаса шығатыны» сияқты тәуелсіздік, еңсесі биік еркіндік дегеніміз небір аумалы-төкпелі алақұйын заманалардың зәбірінен көзден таса, көңілден көмескі жатқан рухани қазынамызды солардың бүгінгі ұрпағының зердесіне жаңғыртып тұрып жеткізу емес пе?! Сол рухани қазынамыз дегенде кемеңгерлігі мен көрегендігі әр жырының әр жолынан дерлік қылаң беріп тұратын Әбубәкір Кердері жырлары қашаннан ең алдымен есіме түсетіні айдай ақиқат. Өйткені…..

…Өйткені екі сөзінің бірінде «ұлы ақын», «ұлы жазушы», «қазақты әлемге танытқан», «әлем мойындаған» деген желдірме сөздерді жиі қолданатындарға жалпақ тілмен айтқанда «жыным келеді». Егер соларға ілессем, өзім Әбубәкір Кердеріні олар аузынан тастамайтын «ұлылар тізімінің» тас төбесіне апарып қояр едім деймін кейде (іштей). Дәл қазір бұл ғұлама шайырдың ғұмырнамасына тоқталып жатпай-ақ қоялық. Бұл жолы шайырдың шығармалары поэзия атты арудың ойшылдық, даналық, лирикалық, діни, жазба және суырып салма айтыс, толғау, сыни және мадақ тәрізді бүкіл ішкі жанрларын түгел қамтитынын айтсақ та жеткілікті болатын шығар. Бұл қалай дейтіндер дей берсін, бірақ қай заманда да ақын деген халық бақытқа соншалықты жарыған халық емес. Басқаларды былай қойғанда, «әкесі аға сұлтан,  өзі болыс» деп атанған Абай да «ішім толы у мен дерт» деп өткен екен. Бар-жоғы 40 жасқа да жетер-жетпестен бақиға кеткен Әбубәкір Кердеріні де тағдыры бақытқа жарытқан жоқ.

Патша өкіметі құлап, Кеңес өкіметі орнағасын-ақ көп ұзамай жаңа заман өзін жырлаушыларды егіздетіп те, сегіздетіп те туғызды. Одан кейін де «зар заман» ақындарынан «арпа ішінде бір бидайлар» іріктеліп алынып, өлеңдері жарияланып, кітап болып шыға бастады. Әттең, Әбубәкірге сол бақыттың біреуі де бұйырмады. Өйткені оның өлеңдерінде отаршыл орыс мемлекетінің, тіпті ара-тұра қазақты ата-дәстүрінен, ұлттық тәрбиесінен айырып бара жатқан «ұлы орыстықтың» жағасына жармасу Алланы, пайғамбарды, дінді мадақтау жағы жиі ұшырасып отырған болып шықты. Ақиқатын айтқанның айыбы жоқ, кеңестің бет қаратпай қарсы соғып тұрған қара дауылынан тұла бойы түршіккен кемеңгер Мұхтардың өзі  Әбубәкір жырларын сол кезеңдегі халық игілігіне жарамайды деп жарыққа шығаруға қарсы болған екен.

Иә,

Қалай қарай жел соқса,

Солай қарай майысқан

Біздің қазақ балдырған,

Атқа мінген қазаққа

Патшалы орыс шен беріп

Сыйлап есін тайдырған, —

деген шайырды қанша кемеңгер болса да Мұхтар Әуезов қалай шаң жұқтырмай жарыққа қайта әкелер еді?!

Айтпақшы, біздің жақтың шалдары неге екенін қайдам, Әбубәкірді кейде Абубакир дейтін. Өз басым Әбубәкір туралы алғаш рет әкемнен естідім.

Алайда Кеңес өкіметі әлі де мойындай қоймаған, яки Абай даналығы ел ішінде кең тарала қоймаған кезде біздің батыс өңіріне жырлары кең таралған Есенгелді Ақпан жырау, Қарасақал Ерімбеттердің ішінде, әсіресе, Әбубәкірдің шоқтығы биік тұратын еді. Әкем марқұмнан оның біраз жырларын жазып алып отырдым. Солардың ішінде әкем ғұлама шайырдың:

Басыңда бағың тұрғанда

Білмесең де данасың.

Басыңнан бағың кеткен күн

Қатарыңнан қаласың.

Қаумалап келсе дұшпаның,

Ақ та болсаң қарасың, —

деген өлең жолдарын мысал ретінде жиі  айтып отыратын еді.

Әбубәкір адам жанының, адамның мінез-құлқыны оң-терісін өте бір тапқырлықпен, зерделілікпен, зергерлікпен сурет салғандай етіп бейнелеудің хас шебері болған. Ол діни жоғары сауатты, ислами ілім-білімнен хабары мол болған. Шалқар жақта Әбубәкірдің өлеңдерін өте көп білетін Науан деген ақсақал біреудің жағымсыздау, келеңсіздеу ерсі қылуасын көре қалса, сол жерде Әбубәкірдің бірауыз өлеңін айтып, артынан «Ой-бой, ой-бой, молдекем айтып кетті ғой» деп, басын шайқап-шайқап теңселіп кететін еді.

Қарап отырсаңыз, Әбубәкір жырларында осынау жалған дүниенің қысқа күнде қырық құбылған аумалы-төкпелі сәттерінің қамтылмағаны жоқ. Қараңызшы:

Кеткен бір дәулет келмейді,

Жер таянтып емінтпей.

Бұты-қолың ұзаймас,

Ұлың, қызың ержетпей.

Шөлдеп ішкен қара су

Пейіштен татқан шербеттей.

Шаршап мінген арық ат

Зарығып көрген перзенттей.

Жаман болса алғаның,

Өлсең көрде жатқызбас

Сүйегіңді тебірентпей.

Бар болғаны он бір-ақ жолдық осы өлеңді адам ғұмырының сан алуан тұңғиық тереңіне асқан ойшылдықпен жасалған ғұламалық тұжырым демеске шара бар ма? Ал осындағы ең соңғы үш жолға есі дұрыс жан еміренбеуі, егілмеуі мүмкін бе? Осы жолдарға әкем Сахи айрықша көңіл бөліп: «Шынында да, Жаратқанның пәрменімен ер-азамат о дүниелік болып кеткеннен кейін артында қалған кешегі қосағы, жаным деген жары туралы жұрттың ойбай, анау марқұмның қатыны ана жерде өйтіп жүр екен, мына жерде бүйтіп жүр екен деген әңгімесі ел ішін кеулеп жатса, азаматтың аруағы көрде тыныш жата ала ма, ондайларды да естідік қой» деп отыратын еді.

Әбубәкір Боранқұлұлы Кердерінің ордалы ойға, терең тебіреніске толы толғауларын оқып отырып оны кейде ұлттық психологиямыздың өте сезімтал тамыршысы деп те қаламыз. Ресей отаршылдығы қазақты тілінен де, дінінен де, ата-дәстүрінен де айырғаны аз болғандай, несін жасырайық, «жақсы менен жаманды айыра алмай» анаған да, мынаған да еліктеу біздің ұлттық бір кеселіміз екені рас. Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері орыс отаршылығымен қоса өзіміздің осы бір кеселімізді де қосарлап айтып отырып:

Атаның салған ақ жолы,

Тоқтап қалды кідіріп.

Замана деген желмая,

Қалмасаң халқым болар ед,

Желмаядан жығылып, —

деп жұмбақтап ескертеді.

Иә, бар-жоғы 40-тан асар-аспас қыршын дерлік жасында көз жұмған Әбубәкір Кердерінің өлеңдеріндегі жыр-термелері мен мұңды ғазалдарындағы ғаламат даналық, тағылым-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, заманның, халықтың, оның ішінде қазақтың кешегісі мен өзі күн өткеріп отырған кезеңдерді салыстыруы, қысқасы, қазіргі тілмен айтсақ, көркемдіктің, мөлшерсіз ойшылдықтың құпиясына қайран қалмасқа шара жоқ! Соншалықты қысқа ғұмыр кешсе де қазақта әрі десең – Абаймен ғана, бері десең – Тұрмағамбетпен (Ізтілеуов) ғана салыстырарлық өлшеусіз даналықты Жаратқан иеміз Әбубәкірге ғана үйіп-төгіп бере салғанына дауласу қиын. Әттең, жалғандыққа, өтірік пен өсекке толы ғафыл дүниенің қиямпұрыстығы мен қияпатына,  Әбубәкірдің өзі айтқандай «Аты шыққан ерлерді, аяққа басып кеміткен» қоғамның кесапаты қосылып, оның есімі ұзақ уақыт өз замандастарының да, одан кейінгі ұрпақтарының да санасынан өшіп қалды. Тіпті әйгілі Мұхтар Әуезовтің өзінің дамулла-шайыр Әбубәкір Кердеріге тым қырын қарағаны белгілі. Мұхаңның амалсыздан Әбубәкірге «уақыт талабына сай» баға беруіне тура келді. Әрине, Қазақстан Компартиясы ОК 1947 жылғы «ҚазССР ҒА Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаһарлы қаулысы Әбубәкірді зерттеп, ол туралы ғылыми еңбектер жазып жүрген Б.Кенжебаев пен Ы.Дүйсенбаевтың да, М.Жармұхамедов, Ә.Қоңыратбаевтардың қыл мойнына тақалған қара қылыш болғанда М.Әуезов те сөйтпегенде қайтсін?! Ол аз болса ғұлама-шайыр өзінің әр өлеңін Алла атымен, дін ислам дұғасымен бастап, орыс отаршылығының қазақ даласындағы жерді, елді, тілді, дінді обадай жайпап, қазақ ұлтын азғындату саясаты жүріп жатқанын жаны ышқына суреттеп отырды. Әйтпесе,

Орысша білім білмесең,

Еш пайдаға аспай тұр.

Мұсылманша білгенің,

..Қараның ұлы хан болды,

Құлдың ұлы паң болды, —

деген байқампаздықты, замана зарын, қазақ ұлтының зарын сол заманда Әбубәкір айтпаса, кім айтар еді?! Сол кезде-ақ орыс отаршылдығының ең басты саясаты өзі жаулап алған елді тілінен айыру екенін де ғұлама тақын дәл аңғарған. Ресейдің мақсаты қазақтың бүкіл ой-санасын бір-бірімен орысша сөйлестіру арқылы бүлдіру екенін байқаған, орысша араластырып сөйлейтіндерден шошына бастаған Әбубәкір «Тілі екеудің — діні екеу, бұзып алма дініңді, адам» деп артында өлмес сөз қалдырмап па еді?! Сол қостілділіктің қаншалықты залалды екенін, оның ұлтты жоюдың ең басты құралы екенін Франция, Германия сияқты әлеуетті әртүрлі мемлекеттердің қайраткерлері сол кезде-ақ мойындаған-тұғын. Әбубәкірдің бұл даналығының растығын ағылшын ғалымы (уэлстік) Дэвид Кристалдың «Тіл ажалы» атты кітабынан да анық көреміз. Бұл ғалым «бір ұлт жойыларда оларда қостілділік деген пайда болады» дейді.

Аруақты ердің тұқымы,

Дұшпанменен дос болды.

Балдағы алтын ақ семсер,

Балалар ойнар тас болды.

***

Атаны билеп ұл кетті,

Қожаны билеп құл кетті.

Қарсақ табан, мысық бас

Не азғындар жетілді.

Есепте жоқ жамандар

Лақтай басқа секірді.

Алмастай асыл жандарым,

Өз-өзінен кетілді.

Қадірін білмес жаманға

Күні түсіп өтінді.

 

Міне, заманның, қоғамның, елдің жақсылыққа емес, қайта жамандыққа қарай бет бұрғанын, оң емес теріс өзгерістер болып жатқанын, оның бәрі отаршылар әкелген бұзықтықтан, әдепсіздіктен болып жатқанын данышпан шайыр жан дүниесі күйзеліп, көкірегі қарс айырылып отырып, зар қып төгеді. Ұтыры келгенде айта кетейік,  зерттеушілер де, дүниеден кеше өткен көзіқарақты біраз ақсақалдар да, дамулла-шайырдың жырлары заманында қазақтан өзге мұсылман жұртына да мағлұм болғанын айтады. Мысалы, үлкен ғалым Қабиболла Сыдиықов: «Ақын туған елі ғана емес, зиялылар, көзіқарақты хат танитындары бар, қазақ тілін түсінетін қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, ұйғыр, татар, башқұрт арасында да мәлім болған. Оның бірнеше себебі бар. Әбубәкір шығармалары 1902, 1905 жылдары Қазан қаласында екі дүркін жарияланды. Бірақ бұл ақын шығармаларының кең таралуының басты себебі емес», — дей келіп, ақынның қазақтың ақпа-төкпе ақындық дәстүрінен, шығыс әдебиетінен, жалпы әдебиет жәдігерліктерінен өнеге алғанын,  әрі діни, ислами инабаттылықты дәріптеп, сол уағыздарды ерекше ақындық шабытпен, еркін, қисынды, сенімді жеткізген еді. «Міне, осы жайттар Әбубәкір есімін Қазақстан, Орта Азия аймағына мәшһүр етті», — дейді ғалым. Бізді Әбубәкірдің қатты таңырқатып, соншалықты қайран қалдыратын бір жері — мынау. Оның қай өлеңін алып қарасаңыз да босқа айтылған, ұйқас үшін алынған немесе өлеңнің көлемін көбейту үшін әдейі созған, мағынасыз бір жол, не бір шумақ таба алмайсыз. Бүкіл өлең, бүкіл шумақ, әр жол даналыққа, көрегендікке, ұлағат-үлгіге, насихат-өнегеге тұнып тұр-ау, тұнып тұр. Артық сыңар ауыз сөз жоқ. Ұлы Мұхаң әлгінде айтқанымыздай,  Әбубәкір Кердері туралы заман, саясат ыңғайына беріліңкіреп, көбінесе ашық пікір айта алмады. Соның өзінде ол «Әбубәкір өлеңдерінде заман жайының көп ерекшелігі сыналып, тергеліп өткен…» деп ар жағын көпке созбай қоя салады. Ал тыңдаңыз:

Қайғымен өткен ғұмырдан

Тәтті бір көрген түс артық.

Сипаты бірдей болса да,

Ерлерден ердің ісі артық.

Орнын таппас қайраттан,

Хайламен еткен күш артық.

Жаңбырсыз өткен жазыңнан,

Жайлы болған қыс артық.

Тұғыры құтсыз сұңқардан

Қайырлы болса әр күні,

Тұрымтай атты құс артық.

Порымы келмес күмістен,

Сұлулап соққан мыс артық.

Сыйласпаған туғаннан

Тоқтылы қойға жалданып,

Есікте жүрген кісі артық.

Басшысы жоқ әскерден,

Аруақты туған бір ердің

Жалғыз да болса сұсы артық.

Көңілі жүйрік, көзі қырағы Әбубәкір қазақ жеріне келіп жатқан орыс отаршыларының жікшілік, сұрқиялық саясаты қазақты ұлттық намысынан, ерлігінен, қысқасы, бүтін кескін-келбетінен айырып, асылы мен жасығын, нағыз ері мен дым білмес езін мидай араластырып жатқанын, тіпті халық санағы деп аталатынның өзі арамзалық есеп екенін асқан көрегендікпен аңғарады. Оған:

Қойдан қоңыр қазағым,

Қапияда алданып,

Айырылып қалдың құныңнан.

Алты алаштың баласы

Есепке кірдің ертерек

Бірлігіңнің жоғынан.

Жақсылық тегін сұрамай,

Бай қадірлі болған күн.

Мақсат алған күштілер

Қойшыға кеңес салған күн.

Қапталы алтын қара нар

Қайғыменен толған күн.

Білмеймін дейтін бір жан жоқ

Жұрт ақылға толған күн… —

деп налиды ұлы шайыр.

Міне, қазақтың күні ертең ұлт болып аман-сау жүрер-жүрмесіне орыс басшыларынан келіп жатқан қауіп-қатердің зор екенін ұлы ақынның тар кеудесінде торғайдай тыпырлаған жұмыр ет осылайша жылап тұрып жырлайды. Жырлайды да, сол зар-мұңын түсінер пенде қазақ арасында қалмай бара жатқанына

Дүнияның терең түбі жоқ

Һәммасы жалған, шыны жоқ.

Пенденің бәрі арманда

Ақымақтың ғана мұңы жоқ, —

Деп, тағы да аһ ұрады. Аллаһ тағала Абай өлгесін қазақтың маңдайына Әбубәкір Кердеріні берді. Абай «Ойлы адамға қызық жоқ» десе Әбубәкір «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ, — дейді. Әбубәкірдің сол өлеңіндегі:                       Бейасылдар бас қосса,

Асылдардың пұлы жоқ.

Білімдінің құны жоқ, —

дегені ше? Осындай түбі жоқ терең ой мен ұлағатты Абай мен Әубәкір Кердеріден басқа қай қазақ айтқан? Шайыр сондықтан да:

Тыңдаған азаматқа сөзім — дәрі,

Секілді арнап атқан қудың өті, —

дейді.

 

Жерге төгіп алтынды уыстаған,

Ерліктен ғылым артық ту ұстаған, —

деп бір сәт ғылым-білімді бәрінен жоғары қояды. Яғни білекті бірді жығады, білімді мыңды жығадының растығын бекемдей түседі.

Одан әрмен шайыр Әбубәкір Кердерінің өлеңдерін оқып отырғанда жан-жағыңнан  адам ғұмырының үлкен бір мектебінде болып жатқан жақсылық пен жамандықты, артықшылық пен кемшілікті баяндап тұрған әлдебір тылсым суреттің ішінде келе  жатқандай бейжай бір күй кешесің. Мұндайды осы күнгі ғалымдар лириканың әртүрлі тармағына теліп жүр. Бірақ Әбубәкір жырлары олайша талдаудың ешқайсысына да көне бермейді. Оның тіпті ауырып жатып айтқан өз өмірбаяны дерлік өлеңінің өзінде қаншама бояу десеңіз — бояу, ілім-білім десеңіз — ілім-білім, ойшылдық, даналық, терең философия жатқанына таңданбау мүмкін емес. Онда ол өз өмірінің бір жасынан бастап істеген іс-әрекетін баяндай келіп:

Он бір мен он екіде түркі білдім,

Түркіні тәмам тілдің көркі білдім, —

дейді. Ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің өлеңдерінде есі түзу адам еңкілдеп жыламасқа адамның амалы қалмайтын тұстар қаншама?

Реті келгенде айта кетейік, шайырдың «Тілі екеудің — діні екеу» деген сөзін тіліне, дініне, жалпы ұлттығына қауіп төніп тұрған кез келген ұлт, кез келген мемлекет көрнекті-көрнекті жерлерге ұран етіп іліп қойса да артық болмас еді.

Әбубәкір Кердерінің тұтас бір ұлтқа, әсіресе, қазаққа ұлағат боларлық өнегеге, тағылым-тәрбиеге толы даналық өлең-жырларын, терме-толғауларын әлі де насихаттау — бүгінгі күннің жедел қолға алатын басты мәселесінің бірі. Жалпы, оның әр өлеңі көптеген ұлттық ерекшеліктерінен алшақтап қалған, әсіресе, әлі де өзінің ұлттық діңгек-тірегімен толық қауыша алмай, кім боларға білмей алакүлік болып жүрген (мәңгүрт демей-ақ қоялық!) қазақтарға, қысқасы, тұтас исі қазаққа  ақыл нұсқар дүниелер деуге әбден болады. Оған бас-аяғы бірнеше мақала түгілі талай-талай ғылыми еңбектер арнап та түгесу мүмкін емес.

Соңғы жылдарда  Ақтөбе қаласында көзден кетсе де көңілде қалғаны бар, көзі тірісі бар ақын-жазушыларға деген құрмет артып келе жатқаны көңілге үлкен бір разылық ұялатады.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

ҚР мәдениет қайраткері, ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button