Денсаулық

150 адам екпе алды, тағы 200 доза әкелінді

Саулық — сақтықта

Облыс қызыл аймаққа кіргеннен бері аудандарда сақтық шаралары қарқынды жүргізіліп, тұрғындар арасында вакцина алып жатқандардың қатары көбеюде. Ырғыз ауданында бүгінге дейін жалпы саны 150 адам екпе алған. Осы аптада ауданға тағы 200 доза әкелінді.

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Жолдыбайдың айтуынша, 16-19 наурыз аралығында  бірінші кезең бойынша екпе алғандардың 98-і медицина қызметкері болса, 29-ы — педагог, 3-еуі — полицей және 20-сы — әртүрлі сала маманы.

— 6 сәуірде мен және басқарманың бас маманы екпенің екінші компонентін алдық. Вакцина алғаннан кейін 30 минут медициналық бақылауда болдық. Қазір жағдайымыз қалыпты. Ешқандай асқынулар болған жоқ. Жұмысқа кірісіп кеттік. Алдағы уақытта ауданда тағы 200 адам екпенің бірінші компонентін алатын болады, — дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Коронавирус инфекциясы бойынша тіркелген науқастар жоқ.

Ауданда індеттің алдын алу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Аудан тұрғындарына Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық  дәрігерінің  биылғы жылғы 30 наурыздағы №ПГСВ-12 қаулысын түсіндіріп, індеттен сақтану үшін ең алдымен, бетперде тағып, арақашықтықты сақтау қажеттігін, той-садақа, басқа да басқосулар, мәдени-көпшілік шаралар өткізбеу керектігін айтып жатырмыз, — дейді Т.Жолдыбай.

Оның айтуынша, елімізде пандемия басталғаннан бері Ырғыз ауданында 54 жағдай тіркелген. Оның 38-і — симптомсыз.

Екпе алғандар не дейді?

Аудандық аурухананың бас дәрігері Ернар Домақовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері ауданда пневмониямен ауырған 9 науқас тіркелген. Оның 5-еуі Ақтөбе қаласында, 4-еуі Ырғыз аудандық ауруханасы жанындағы инфекциялық стационарда емделген.

Қазіргі таңда аудандық аурухана қызметкерлері жаппай екпе алып жатыр. Бұған дейін аудан бойынша 98 медицина қызметкері екпе салдырса, алдағы уақытта олардың қатары тағы да көбеймек. Аурухананың бас дәрігері алғашқылардың бірі болып өзі де «Спутник V» вакцинасын салдырыпты.

Аудандық аурухананың хирургия бөлімінің медбикесі Жанбөпе Сәрсенбаева 6 сәуір күні «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін салдырды. Қазір жағдайы жақсы. Екпенің ешқандай жанама әсерін сезінбеген. Бұған дейін де обаға, тұмауға, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпе салдырып жүрген ол коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруға қорықпағанын айтады.

Қазір ел арасында екпеге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Тұрғындардың бірі екпе алудан қорықса, енді біреулері оны салдыруға кезекке тұрып жатыр. Өзім 33 жылдан бері осы ауруханада еңбек етіп келемін. Жыл сайын біз, медицина қызметкерлері, әртүрлі жұқпалы ауруларға екпе салдырамыз. Бізде қорқыныш сезімі жоқ. Кеше ғана вакцинаның екінші дозасын алдым. Қазір денсаулығым қалыпты, ешқандай теріс әсері болмады, қызуым көтерілмеді. Ең бастысы, енді коронавирус инфекциясынан қорғана аламын. Науқастар арасында жүрген соң бізге екпе алу керек. Сондықтан өзім еш ойланбастан, медбикелер арасында  алғашқылардың бірі болып вакцина алдым, — дейді ол.

Ауданда жастардың арасында белсенді түрде вакцина салдырғандардың бірі —  Ырғыз гимназиясының денешынықтыру пәнінің мұғалімі Еламан Тыныштық. Ол екпені наурыз айында алған.

Ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Ешқандай асқынулар болмады, қызу, басқа да әсер байқалмады. Қазір денсаулығым жақсы. Негізі, өзім жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырамын. Екпенің пайдасы бар. Мектепте қызмет етіп жүргендіктен, оқушыларды аурудан қорғаудың, сондай-ақ оны болдырмаудың бірден-бір жолы вакцина екені анық. Сондықтан өзім сияқты аудан жастарын да еш қорықпастан екпе алуға шақырамын, — дейді Еламан.

Еламан алты жылдан бері мұғалім болып жұмыс істейді. Оқушыларды спортқа баулып жүрген ол денсаулыққа бейжай қарамау керектігін айтады.

Той жасағандар «ұсталды»

Бүгінгі күні облыста індеттің таралу қаупі күшейіп отырғандығына байланысты аудан әкімдігі жанындағы мониторингтік топтар қарқынды түрде тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Аудан әкімінің орынбасарлары бастаған екі мониторингтік топ өткен аптадан бері

кәсіпкерлік нысандарын аралап, ондағы сақтық шараларының орындалуын тұрақты түрде бақылауда.

Топ мүшелері аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді бетперде тағу, қолды жиі жуу, антисептиктерді пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарын сақтауға шақырып, түрлі мерекелік іс-шараларды, үйлену тойларын және т.б. көпшілік жиындарды өткізуге тыйым салынғанын ескертуде.

Айта кету керек, 2 сәуір күні ауданда топ мүшелерінің жүргізген тексеру шаралары кезінде үйіне той жасаған тұрғынның «ісі» санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілген. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша жауапты мекемелер тексеру жұмыстарын жүргізуде.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button