Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбенің» алғашқы жеңісі

Премьер-Лига

4-5 сәуір күндері 3-тур ойындары өтті. Бұл турдың бірнеше ерекшелігі болды. Біріншіден, сырт алаңда ойнаған бір команда ғана («Ақтөбе») жеңіске жетті. Екіншіден, кездесулерде бірінші болып гол салған 5 команда бәрібір жеңіске жете алмады, екеуі ұтылды, үшеуі тең ойнады. Сондай-ақ 2 автогол, 5 пенальти соғылды. Ал 90; 90+3; 90+3; 90+6 минуттарда 4 доп енгізілді.

«Ақтөбе» бұл турдың кездесуін Атырауда өткізді.

Бұған дейін екі рет ұтылған «Атырау» командасы енді өз алаңында намысты қолдан бермеуге тырысатыны алдын ала белгілі еді. Ал «Ақтөбе» өзінің белсенді жанкүйерлерін алғашқы жеңіспен қуантуға тиіс болатын. Ойын осындай бағытта өрбіді де.

Екі команда да бірден-ақ шабуылға көшті. Бірақ, жауапкершіліктің салмағы тым ауыр соқты ма, әлде командалар әлі де толық қалыптасып үлгермей жатыр ма, әйтеуір, әуелгіде өрнекті қимылдар аз болды да, оның орнына алаңның о шеті мен бұ шетіне дейін созылған ерсілі-қарсылы жүгірістер көбейіп кетті. Дегенмен сондай сәттердің бірінде пайда болған сәл мүмкіндікті Арам Восканянның жігіттері сәтті пайдаланды да кетті. Рас, олардың 30-минутта ұйымдастырған 100 пайыз мүмкіндікке ие өте қауіпті шабуылын біздің қорғаушылар мен қақпашымыз бірлесе жылдам әрекет жасап, тойтара білді. Әйтсе де арада екі-үш минуттай өткенде жасалған тағы бір шабуылда ақтөбелік қорғаушылар қапы қалды. Жасұр Нарзиқұлов қорғаған қақпаның оң жақ қанатынан тасталған доп қақпаның дәл алдында біздің қорғаушыларымыздың тарапынан бақылаусыз қалып, еркін ойқастап жүрген Рафаиль Оспановтың аяғына дәл келе қалды да, атыраулық футболшы допты жер бауырлата теуіп, жібек тордың сол жақ төменгі бұрышын дір еткізді — 1:0.

Енді ақтөбеліктер атқа мінді. Соңғы минуттарға дейін созылған сондай үдемелі шабуылдардың бірінде әуелей келген допты қақпа түбінде жүрген біздің Дидар Жалмұқан әріптесіне тастамақ болып әрекеттенгенде атыраулық қорғаушы қолапайсыз қимылдап, доптың бағытын білегімен өзгертіп жібергенін байқамай қалды. Көкшетаулық төреші Антон Кучма он бір метрлік нүктені көрсетті. Ортаға асықпай келген Максим Федин пенальтиді мүлтіксіз орындады — 1:1.

Кездесудің бірінші таймы осылайша тең есеппен аяқталды.

Екінші таймда тағы бір пенальти есепті өзгертті. Олай болмасқа амал да қалмаған секілді. Ақтөбеліктердің осы екінші бөліктегі тынымсыз шабуылдары алаң иелерін, әсіресе, өз қақпалары алдында әлсін-әлсін абыржыта берді. Ал абыржу, әрине, қателіктерге соқтыратыны мәлім. Қақпаға қауіп төнген сондай шақтардың бірінде атыраулық қорғаушылардың бірі тағы да ебедейсіз қимылдап, тағы да доп бағытын қолымен өзгертуге мәжбүр болды да, тағы да пенальти белгіленді. Бұл кезде Максим Федин демалуға кеткендіктен болар, он бір метрлік айып добын орындауға Эрвейн Мукам келді де, қателескен жоқ — 1:2.

Әрине, екі пенальти арқылы жеңіске жету біздің айбынды командамыз үшін аса мақтанарлық жетістік те болмас еді. Мұны футболшылар да, бас бапкер де бек түсінгені даусыз. 80-минутта бас бапкер Алексей Баг жасыл алаңға тыңнан бірден үш футболшыны шығарды: Виталий Волков, Максим Самородов, Рифат Нурмугамет. Жаңадан қосылған күш ойынға жаңа қуат қосты, соның нәтижесінде есеп тағы бір голға ұлғайды. Бұл ретте атыраулық Қуаныш Қалмұратовтың қателікке ұрынғанын айта кеткен жөн. Біздің қақпамыздың маңайындағы қарбаласта допты қорғаушыларымыз кейінге қарай серпи қайтарды да, Рифат Нурмугамет қарсыластар қақпасына қарата тепкен доп өз қақпасының маңайында жүрген Қуаныштың аяғына ілікті. Қуаныш ойланып боламын дегенше, сол тұста жүрген Максим Самородов оған тура ұмтылды да, Қуаныш доптан айырылып қалды. Шапшаң қимылдаған Максим допты жанына зуылдап келе қалған Рифат Нурмугаметке ысырып тастай салды. Ал Рифат қарсы алдынан жүгіре шыққан атыраулық қақпашы Владимир Логиновскийді қапы қалдырып, допты сол аяғының ұшымен қақпаның оң бұрышына қарай жылжыта салды — 1:3.

Бұл ойынның 82-минуты еді. Бұдан әрі атыраулықтардың қайтадан қарымта гол соғуына күш-қайраты да жетпеді, уақыт та тықсырып тұрды.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңісіне жетті. Әрине, бұл оңай жеңіс болған жоқ. Атыраулықтардың біздің қақпамызға төндірген бірнеше қауіпті сәттерін де ұмытуға болмайды. Дегенмен бұл жеңіс біздің, әсіресе, жас футболшыларымызды қанаттандыратын мағыналы стимул болғаны даусыз.

«Атырау»-«Ақтөбе» — 1:3

Гол авторлары: Рафаиль Оспанов, 33-минут (1:0); Максим Федин, 45+1 минут, пенальти (1:1); Эрвейн Мукам, 73-минут, пенальти (1:2); Рифат Нурмугамет, 82-минут (1:3).

Ескерту қағазын алғандар: Рафаиль Оспанов, 33-минут; Алекс Джуниор, 61-минут; Брайан Сильва, 72-минут («Атырау») — Юрий Перцух, 61-минут; Жасұр Нарзиқұлов, 85-минут («Ақтөбе»).

4 сәуір 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Армен Манучарян, Михал Йерабек, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Юрий Перцух (Виталий Волков, 80-минут), Тонго Думбия, Дидар Жалмұқан (Максим Самородов, 80-минут), Еркебұлан Нұрғалиев (Рифат Нурмугамет, 80-минут), Максим Федин (Эрвейн Мукам, 68-минут), Игорь Сергеев (Боян Дубайич, 63-минут).

Бас бапкер — Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1) доп;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 3 кездесуді де сырт алаңда өткізіп, 1 рет жеңді, 2 рет тең түсті.  Доп айырмашылығы — 5:3.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайрат» – «Тараз» – 2:2

Гол авторлары: Педро Эуженио, 9-минут (0:1); Бауыржан Байтана, 35-минут (0:2); Хосе Канте, 55-минут (1:2);  Вагнер Лав, 66-минут (2:2).

5 сәуір 2021 жыл. Алматы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Тұран»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Темірлан Әміров, 90-минут (1:0); Арман Кеңесов, 90+3 минут (1:1).

4 сәуір 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 2000 адам.

«Тобыл»«Астана» 1:1

Гол авторлары: Жарко Томашевич, 31-минут, автогол (1:0); Жарко Томашевич, 83-минут (1:1).

5 сәуір 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 600 адам.

«Каспий»«Жетісу»  2:0

Гол авторлары: Уаджди Сали, 12-минут, пенальти (1:0); Руслан Мингазов, 83-минут (2:0).

4 сәуір 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 900 адам.

«Қызылжар СК»«Шахтер»  2:0

Гол авторлары: Дарко Зорич, 15-минут (1:0); Шота Григалашвили, 40-минут, пенальти (2:0).

5 сәуір 2021 жыл. Петропавл қаласы, «Қарасай» стадионы. 2000 адам.

«Ордабасы»-«Ақжайық» — 2:1

Гол авторлары: Пабло Фонтанелло, 51-минут, автогол (0:1); Жоао Пауло, 90+3 минут, пенальти (1:1); Еркебұлан Тұңғышбаев, 90+6 минут (2:1).

5 сәуір 2021 жыл. Шымкент қаласыҚажымұқан атындағы стадион. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

Үш турдан соң алғашқы бестікте 7-5 ұпайдан жинаған командалар келе жатыр: «Қайрат» (Алматы) — 7; «Ордабасы» (Шымкент) — 6; «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 5; «Тобыл» (Қостанай) — 5; «Тараз» (Тараз) — 5 ұпай.

6-11 орын иелері: «Қызылжар СК» (Петропавл) — 4; «Каспий» (Ақтау) — 4; «Ақжайық» (Орал) — 3; «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 2; «Тұран» (Түркістан) — 2; «Қайсар» (Қызылорда) — 1 ұпай.

Ал 12-14 орындардағы «Жетісу» (Талдықорған), «Шахтер» (Қарағанды), «Атырау» (Атырау) командаларында әзірге еш ұпай жоқ.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен үш командадан — «Ақтөбе», «Жетісу», «Шахтерден» үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Ордабасы» мен «Қызылжар СК» командалары әзірге 2 кездесуден өткізді.

*   *   *

4-тур кездесулері:

9 сәуір, жұма:

«Ақжайық» — «Қызылжар СК»

«Қайсар» — «Каспий»

«АҚТӨБЕ» — «ОРДАБАСЫ»

«Тараз» — «Шахтер»

10 сәуір, сенбі:

«Қайрат» — «Тұран»

«Астана» — «Атырау»

«Жетісу» — «Тобыл»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button