Тарих

Қалам қуаты 

Тауман Төреханов!

Бұл есімді біздің бала кезімізде, яғни сонау жетпісінші жылдары шалқарлықтар жақсы білетін. Ол тұста аудандық «Коммунизм таңы» газеті облыстағы таралымы мол, оқырманы көп басылым еді. Сол газеттің редакторының аты-жөні екі адам кездессе де, түрлі жиналыстарда да сөз арасында жиі аталып жататын. Оның себебі, аталған газеттің де, оның басшысының да беделі зор еді.

Тауман аға редактор болумен қатар, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты. Басқа да түрлі қоғамдық кеңестердің, беделді ұйымдардың мүшесі.

Қалай болғанда да, ел ол кісіні ең алдымен қаламы жүйрік журналист деп танитын. Сондықтан да сөз желісін әуелі осы бағыттан өрбітіп көрелік.

Журналист жолы

Бұл ретте біз журналист ағаның естеліктеріне көз жүгірткенбіз. Оқып көрелік.

«… Он алты жасымда еңбекшілер депутаттары Шалқар қалалық кеңес атқару комитетіне іс жүргізуші етіп алды. Кеңес төрағасы Құдайберген Оспанов деген таза да мәдениетті аға еді. Алғысым шексіз! Осы қызметте жүріп өмірге деген көзім ашылды. Аудандық, облыстық, тіпті республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттеріне үзбей ұсақ-түйек материал жіберуді шығардым».

Бұл — соғыстан кейінгі жылдар. Жауапты қызметке қолы ілігіп, өмір өріне қарай ұмтылған бозбала алаң көңілмен жүріп балаң қаламын ұштайды. Журналистика ауылына қарай жіңішке жол негізі осылай қаланған болатын.

Көп ұзамай аудандық «Социализм туы» газетіне аға әдеби қызметкер болып қабылданады. «Шалқардың шежіресі — Шойғарины» атанған редактор Тілеужан ұстаз шәкіртін бауырына тартып, жалықпай баулиды. Осы газетке 1933 жылы қызметке алынып, 1976 жылы құрметті зейнет демалысына шыққанша табан аудармастан еңбек етіп, газеттің басшысы да, қосшысы да бола білген Тілеужан Шойғарин талай жастың талабына қанат бітірді. Соның бірі — Тауман Төреханов көп ұзамай ұстазының батасын алып, 1950 жылы Алматыға жол тартады. Сөйтіп, Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанды. Жоғары оқу орнын үздік бітірген оған Ленинградтың мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне аспирантураға жолдама беріледі.

Өкінішке қарай, елде жас кезінен үйленген жары Балзада Шәмшіқызы күтіп отыр еді азаматын. Басқа да тұрмыстық жағдайлар білім жолын одан әрі қууға мүмкіндік те бермейтін.

Алматыдан шығып, батысқа бет алған пойыздан ол осылайша Ленинградқа жетпей, Шалқар жеріне келгенде түсіп қала берді.

Қолына дипломын қысып ұстаған жас маман бірден газет жұмысына араласпай, мұғалімдік қызметке жіберіледі. Арада екі жыл өткенде ғана өзінің ұшқан ұясы — Шалқар аудандық газетіне оралады. Одан кейін Ақтөбе селолық обкомының Темір аймақтық өндірістік басқармасы бойынша шығатын «Жаршы» газеті редакторының орынбасары болады. Ал 1963 жылы Шалқарда шығатын «Коммунизм таңы» газетінің тізгінін ұстап, отыз жылдай уақыт бойы осы басылымның редакторы қызметін абыроймен атқарды.

Ол редактор болғанымен, қаламы бір сәтке де қолынан түскен жоқ. Жазған сүйекті дүниелері облыстық «Коммунизм жолы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, түрлі журналдарда жиі басылып тұрды.

«КСРО баспасөзінің үздігі» белгісінің иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Тауман Төреханов қаламынан төрт мыңдай очерк, репортаж, проблемалық мақалалар, әңгіме, эссе, новеллалар дүниеге келіпті.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын жайт бар. Тауман ағаны кезінде облыстық партия комитеті бірқатар жауапты қызметтерге шақырды. Көршілес Ырғыз ауданының атқару комитетінің төрағалығы қызметін ұсынды. Одан кейінгі бір тұста Темір аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлану мүмкіндігі туды. Байғанин ауданында да бір биік лауазым орындығы бұл кісіні күтіп тұрған кез болды.

Бірақ ол журналистика жолынан тайған жоқ. Қаламын серік етіп, өзі басшылық жасап жүрген аудандық газетін сәбиіндей өбектеп, күні-түні редакция үйінен шықпады.

Он бес кітаптың авторы

Тауман ағаны негізінде тәуекелдің адамы деп ешқандай кідіріссіз айтуға болады. Оның өмірбаянынан хабардар замандастары бұл тұжырымға келісетіні айдан анық.

Алайда тәуекелдің де тәуекелі бар. Ол кісінің алпыстан асқан шағында атамекеннен Алматыға отбасымен қоныс аударуы көпшіліктің көңілінде күдік тудырғаны және рас-ты. «Күні ертең елге қайтып оралады-ау…» деп сыртынан бал ашушылар да болмай қалған жоқ.

Ал ер Есеттің ұрпағы — қандай қиындықта да қайсар мінезінен таймай, талай дауылдарға қарсы тұра білген, батыр бабалар рухынан күш алған ол алған бетінен қайтқан жоқ.

Бір қуаныштысы, Алатау бауырында қаламгердің екінші тынысы ашылғандай болып, қаламынан туған еңбектері «Атамұра» баспасынан мол таралыммен үсті-үстіне қалың кітап болып шығып жатты.

Қарай беріңіз. Повестер, әңгімелер мен очерктердің басын құраған «Көз көргендер» атты 320 беттік жинақ. Бұл еңбек оқырмандар қолына 1999 жылы тиді.

Одан кейінгі шыққан «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», «Зердесінде ұрпақтың», «Ұжмақ елі», «Жазбады-ау демесін…», «Кісенделген дала», «Адам әлемі», «Тарихтың қанды іздері», «Дала Геркулесі», «Тағдырлар тайталасы» кітаптары да көпшілік тарапынан жоғары бағасын алумен болды.

Ресей отаршыларына қарсы көтеріліс басшысы Есет Көтібарұлының ерлігін дәріптейтін «Дала Геркулесі» тарихи-деректі романы үш тілде Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында өткен ірі ғылыми және әдеби кітаптар көрмесінде қойылды.

Бұл күндері қаламгер Тауман Төрехановтың туындыларын дүниежүзінің әр түкпірінен табуға болады. Олардың қатарында АҚШ Конгресі кітапханасы, Ұлыбритания кітапханасы, Нью-Йорк қоғамдық кітапханасы, Диет ұлттық кітапханасы, Францияның ұлттық кітапханасы, Гамбург yниверситеті кітапханасы… тағы да басқа ондаған рухани орталықтарды атауға болар еді…

Жүректе қалған жүздесулер

Журналист жолы оны талай жерге апарды. Қанша жақсылармен жүздесті, қанша алыс елдерге аяғы жетті, қазір бәрі бірдей есінде қалмаған да шығар.

Бірақ университет бітіріп келген соң Бершүгір шахта поселкесiндегi қазақ-орыс мектебiне директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары етiп жiбергені жадында сақталып қалыпты. Осында жас ұстаз Бершүгір тау-кен шахтасының басқарушысы болып жұмыс iстеп жүрген белгiлi геолог, кейiнгi атақты қаламгер болған Iлияс Есенберлинмен танысады. Жас айырмашылығы біраз болып келетін екеуінің тіл табысуына, бәлкім, олардың сөз өнеріне құштарлығы да себеп болған шығар.

Ең бастысы, Ілияс аға жас талапқа қолынан қаламын тастамауға кеңес береді. «Жазуға бел байлаған жігіт екенсің. Ең алдымен, күнделік жаза жүр. Не түйгеніңді жүрегіңе салып, таразылап, қағазға түсіруден жалықпа!» деп кеңес берді. Ағаның бұл ақылы оған берілген нұсқаудай көрінеді. Сол ақылмен өмірінде 173 күнделік жазғанын ғұмыр жолындағы үлкен олжасы деп біледі. Сол күнделіктер кейін деректі-әдеби дүниелер жазуына көп көмегін тигізді.

Мәскеуге барған бір сапарында «Минск» қонақүйінің алдында демалып отырғанында Дағыстан АССР-нің халық суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Асқар-Сарыджа Хасбулатпен кездейсоқ танысып, сұхбаттасқаны бар. Сөйтсе, ол кісі кезінде қазақтың көрнекті сәулетшісі Төлеу Бәсеновпен Ленинградта азаматтық құрылыс-архитектура институтында бірге оқыған екен. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық батыры Аманкелді Имановтың ескерткішін жасауға Одақ бойынша конкурста да екеуі жеңімпаз атанып, бірге жұмыс жасапты. Осы еңбегі үшін Хасбулатқа Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы беріліпті.

Асқар-Сарыджа Хасбулатовтың қазақ көрсе, өз бауырын көргендей жақын тартуының осындай себептері бар екен. Тауман аға өз заманының ұлы ақыны Расул Ғамзатовпен де атақты мүсінші арқылы танысып, біраз сырласқанын бүгінде тебірене еске алады.

«Адам тағдыры» секілді күрделі психологиялық туынды жазған, «Көтерілген тың», «Олар Отан үшін шайқасты», «Тынық Дон» сынды керемет романдарды дүниеге әкелген атақты жазушы Михаил Шолоховты кім білмейді?!

Елуінші жылдардың бас кезінде, университеттiң үшіншi курсында оқып жүргенінде өткен Қазақстан жазушыларының съезiне атағы айналаға жайылып тұрған Михаил Шолохов келеді. Оны бәрі де көргісі келеді, бір тілдесіп қалғысы келеді. Бірақ оған мүмкіндік қайда?

Студент Тауман университеттен съезд делегаты болып сайланғандықтан курстастарына үлкен жиында болып жатқан жаңалықтарды, кімдерді көргенін айтып келіп жүреді. Бiр күні курстастары Шолоховты кездесуге шақыру туралы ойларын ортаға салады. Оқу орны ректорының рұқсатымен әрі өзінің университеттің комсомол ұйымының хатшысы лауазымына арқа сүйеген жас жігіт  айбынды Алатау бөктерiндегi саяжайда демалып жатқан ұлы жазушыны алып келгенде, бұл көрініске біреу сенді, біреу сенбеді. Қалай дегенде, сол кездесу талайдың есінде қалды. Ең бастысы, қаламгердің «Қазақ ұлы да қайырымды халық! Ұлы Отан соғысы жылдарында менiң төрт балам мен әйелiмдi аштықтан, жалаңаштықтан аман алып қалды! Шын жүректен алғысым шексiз, қазақтар, сiздерге!» – деген сөзі тарих парақтарына жазылып қалды. 

Соншалықты көңілді жағдайда болмаса да, академик, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаровпен кездесуі әлі күнге дейін ұмытылмайды.

Шалқар ауданының «Ақтоғай» деп аталынған кеңшарына шөп шабатын алқабы «Ембi-5» жабық әскери қалашығына таяу маңда еді. Осында тажал бомбасын жасайтын лаборатория және ракета ұшыратын полигон орналасқан. Қалашықтың қасында жер астына 20 метр тереңдiкте ракеталар орнатылған. 1973 жылы осы шабындықтан дайындалған шөпті жеген мал түгелге жуық қырылып қалады. Алты аяқты бұзау, екібасты қозылар туады. Тіпті бір нәрестенің дене бітімі адам көргісіз күйде болып шығады. Шалқар, Мұғалжар аудандарының бiрiншi хатшылары Төлеу Алдияров,  Жағыпар Әмiров және аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакторы Тауман Төреханов үшеуі ақылдасып, Сахаровпен кездесуге барады. Оған жарылыстардан халық зардап шегіп жатқанын жеткізіп, сынақ лабораториясын алып кетуді өтінеді. Сахаров не деп жауап қайтарсын?! Кейiн осы жайды ол «Ғасыр қасiретi» деген кiтабында кеңінен баяндайды.

Тауман аға генерал-майор Жансен Кереевпен Шалқар ауданының Тұмалыкөл елді мекенінде кездескенін де әңгімелеп жүреді. Германия жерінде қызмет етіп жүрген үлкен әскербасы қайын атасы, Ленин орденді ұстаз Мейірхан Орынбасаровтың қазасына байланысты арнайы ұшып келген. «Генерал ағып тұр. Орыс, неміс, қазақ әдебиетінің түрлі салаларындағы әңгімелері ұлы ғалым-әдебиетшілерден кем емес», — деп жазып қойыпты күнделігінің бір бетінде.

…Иә, басқа да қаншама әсерлі жүздесулер болды. Соның бәрі бүгінде тарих, ескірмейтін естеліктер.

* * *

Тауман аға мен Балзада апа өмірінің өнегелі бір тұсы жақсы ұрпақ тәрбиелеуімен сабақтасады. Олардың тұңғышы Мәрия немiс тiлiнiң маманы, Гамбург қаласында тұрып, еңбек етумен бірге әкесiнiң тарихи романдарын немiс тiлiне аудару қызметін де атқарды.

Екiншi қызы Светлана Алматыдағы Пушкин атындағы және Жоғарғы Кеңестiң кiтапханасында, одан кейін әл-Фараби кiтапханасында еңбек етіп, Тауман ағаның қажетті деректерін тауып беріп отырған сүйеніші.

Қызы Сәуле Мәскеудегi академик Скрябин атындағы зоотехникалық-малдәрігерлік академиясын, кейiн Канаданың медицина институтын бiтiрген. Медицина ғылымдарының докторы. Жолдасы Марат және балаларымен Канада жерін қоныс етті.

Тауағаның балалары Ғалымбек пен Баламир — Мәскеу энергетика институтының түлектерi. Екеуi де ел таныған азаматтар, білікті мамандар.

Ал олардан тараған немерелер мен шөберелер Төрехановтар әулетінің кемелді келешегі іспетті.

Тауман аға 1989 жылы қағаз бетіне түсірген бір жазбасында: «Журналист қай дәуірде де майданның хас жауынгері» деп сипаттама беріпті.

Ол сол өзі айтқандай хас жауынгер қалпында, қалам қуатын кемітпей 90 жас биігіне көтеріліп отыр.

Көкжиекте көрінген ғасыр шыңына шаршамай шығыңыз, Тау аға!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button