Жаңалықтар

Індет жұқтырған 61 адам тіркелді

Брифинг

Соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 61 жағдай тіркелді. Оның 47-сі Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — Қобда, Мәртөк, Темір, Байғанин және Мұғалжар аудандарында тіркеліп отыр.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тікелей эфир барысында баяндады.

4 сәуір күні тіркелген 61 науқастың алтауында ауру белгілері байқалмаған.

  • Қазіргі таңда аурушаңдықтың өсу деңгейі 1,1 пайызды құрап отыр. Жалпы облыста пандемия басталғалы коронавируспен ауырған 5729 адам тіркелді. Бүгінде үй карантиніне 2806  адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. 

Әзірге Ақтөбе облысының аумағында блок-посттар жоқ. Былтырғы жылдың 6 қазанынан бастап Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 38 783 адам, Мәртөктегі «Жайсаң» пункті арқылы 73 460 адам өтті. Келген адамдардың жалпы санынан 67 адамда коронавирус инфекциясы анықталды, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сондай-ақ оның айтуынша, мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен деректерге сәйкес Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша анықталған құқықбұзушылықтар үшін 21 миллионнан астам теңге көлемінде 155  айыппұл салынған. Бүгінгі күні Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 18 тексеру жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 18 объектіге 1 370 990 теңге көлемінде айыппұл салынып, 18 ұйғарым берілген.

  • Биылғы жылғы 31 наурыздағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес облыс қызыл аймаққа кіргені белгілі. Қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға көмектеседі. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Осы орайда облыс тұрғындарына түрлі мерекелік жиындар мен отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз. Қауіп сейілген жоқ. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Сонымен қатар брифинг барысында соңғы тәулікте пневмония бойынша 3 жағдай тіркелгені айтылды. Облыстағы инфекциялық ауруханаларда 463 адам ем қабылдауда. Ал реанимациялық стацинонарда 26 науқас ем алып жатыр.

  • Бүгінде карантиндік стационарға 20 адам жатқызылды. 10 зертхана базасында коронавирус инфекциясына тестілеу жұмыстары жүзеге асырылады. Қазір күніне 5 мыңнан астам анализ жасап отырмыз. Сондай-ақ бүгінде аудандарда 154 науқас емделуде. Оның көпшілігі — Ойыл ауданында, — деді Рүстем Исаев.

Брифинг соңында тұрғындардан әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдарға жауап берілді. Оның ішінде қоғамдық көліктерде қашықтықты сақтау мәселесі бойынша қалалық әкімдікке сұраныс жіберілгендігі, бүгінде облысқа келген 6300 вакцина емханаларға таратылғандығы хабарланды. Сондай-ақ кез келген тұрғын карантиндік шектеу шараларына қатысты құқықбұзушылық фактілерін көрсе, 109 нөміріне хабарласуға болатыны айтылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button