Жаңалықтар

Ауланың қарын кім тазартады?

Көктем басталса, ауладағы қыс бойы жауған қалың қарды тазарту — кезек күттірмес мәселе. Осыған орай Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп, көп қабатты тұрғын үйлердің аула аумақтарын тазалауға қатысты КСК, кондоминиумдарға рейд жүргізуді бастады.

Кеше осындай топ 11-шағын аудан, 34-үйдің ауласына жиналды. 34,35,36 үйлердің аула ортасына шалшық су едәуір жиналып қалыпты. Балалар алаңы қардан тазартылмаған, жалпы біраздан бері қар шығарылмағаны көрініп тұр.

Бұл үйлердің аула тазалығына жауапты кондоминиумның басшысы Бейбіт Шарова да осы жерден табылды.

— Адам жүретін жерлерді әліміз келгенше тазарттық. Жиналған суды да сорғымен тазалаттым. Мұз ою, қар мен қоқыстан тазалау — әдеттегі шаруамыз. Кондоминиум басқарғаныма да он жылдан асыпты. Биыл қар қалың түсті. Соның салдарынан еріген қар лайланып, шалшық су көптеп жиналуда. Кешегіде есік алдын тазартуға шыққанбыз. Мені көрген танитын тұрғындар бұрылып, қайта келіп көмектесті. Әп сәтте оннан астам адам жиналып, мұз ою, аула тазарту жұмыстарына атсалысты. Түсінбейтінім, кей тұрғындар осы аулаға көліктерін қояды, бірақ ауланы тазартуға келгенде, мойындары жар бермейді. Негізі, жер актісі бойынша үш үйдің ортасы, яғни, су жиналып қалған жер кондоминиум  территориясына жатпайды. Біздікі үйдің алдындағы жиектастарға дейін, — деп көліктер тұрған жерді қолымен нұсқап көрсетті.

Бұған Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 2-бабы, 14-тармағына сүйеніп, кондоминиумның жер актісіне енгізілмеген үйлер арасында бос жатқан жерге сол үйлердің ортақ үлесі барын түсіндірді.

Бұл — тек қана бір ғана кондоминиумның басындағы жайт емес.

Ақтөбе қаласында 1855 көппәтерлі тұрғын үй, 970 аула бар. Оларға 94 ПИК, 16 сервистік компаниялар (ЖШС, БК, ЖК), 585 кондоминиум және 23 мүлік иелерінің бірлестігі, сондай-ақ 23 жай серіктестік қызмет көрсетеді.

Ақтөбе облысы бойынша абаттандыру қағидасына сәйкес, жеке және заңды тұлға өзінің меншік иесіне қарамастан, міндетті әрі тұрақты түрде көп қабатты пәтер ауласын абаттандырып, сонымен қатар қарды уақтылы шығаруға  тиіс. Осындай жұмыстарды КСК, кондоминиум басшылары өз бетінше жасай алады. Болмаса, қар шығаратын компаниялармен келісімшартқа отыру арқылы да жүзеге асыруына болады. Көп қабатты үйлердің аула аумағының жай-күйіне оларға қызмет көрсететін КСК,кондоминиум, басқарушы компаниялар сынды мекемелер осы үйлердегі пәтер иелерімен бірге жауапты.

Соған қарамастан, мердігер компаниялар көп қабатты үйлердің аулаларына кедергісіз кіруді ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Еріген судың жертөлеге (подвалға) кіруіне жол бермеу үшін КСК, кондоминиум, басқарушы компания тұрғындармен бірге әрекет ету керек, қарды аула аумағынан уақтылы шығару қажеттігін тағы да еске саламыз. Егер көп қабатты үйдің алдынан уақтылы қар шығарылмай, аулада су жиналып қалған болса, қала тұрғындары Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясының 44-56-04 телефонына немесе 109 байланыс орталығына хабарласуларына болатынын ескертеміз. Болмаса, Ы.Алтынсарин көшесі, 2, 2-кабинетке келулеріне болады.  Егер шағымда айтылған жайттар расталса, онда жауапты КСК, кондоминиум басшысы әкімшілік жазаға тартылатынын ескертеміз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева.

Ал №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Рустам Сағынтаев егер өзіне жүктелген міндеттерді орындамағаны расталса, онда жауапты кондоминиум, КСК басшысы жауапкершілікке тартылатынын, кінәларын мойнына алса, бекітілген 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдың жартысын ғана төлейтінін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button