Денсаулық

Фтизиопульмонология орталығында 197 адам ем алып жатыр

Наурыз айынан бастап Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққандардың саны өсті. Қазіргі күні облыстық фтизиопульмонология орталығында 197 науқас ем алып жатыр. Орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша,  500 кереует дайын тұр. Жансақтау бөлімінде де кереует саны жеткілікті.

Сегізінші наурыздан кейін коронавирусқа шалдыққандардың саны өсті. Бірақ тұрғындар арасында өткен жылғыдай үрей жоқ. Вирус анықталса, бірден қаралып, ауруханаға орналасуда. Келген науқастарды кейін қайтарып жатқан жоқпыз. Дәрі-дәрмек, маман жеткілікті. Өткен жылы қажетті аппараттар алынды. Күніне отыз, қырық адам келеді. Оның ішінде дәрігердің кеңесін алатындар бар. Бұл індетпен ел болып күресуіміз керек. Топтасып ас ішіп, отбасылық кештерді ұйымдастыруды тоқтата тұру керек. Әсіресе, вирус үлкендерге қауіпті. Қазір адамдардың барлығының көзі ашық, сауатты, елдегі жағдайды біліп отыр. Үлкен кісілер тойға, садақаға барамыз десе, жібермеген жөн. Жалпы бұндай басқосуларды уақытша тоқтата тұрған дұрыс. Егер адам  қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінсе, учаскелік дәрігерді немесе жедел жәрдем көлігін шақыртқаны дұрыс. Дәрігер науқасты қарайды. Қатты жөтел, қызу жоғары болса, ауруханаға жатқызады. Ал жағдайы қалыпты болса, үй карантиніне жібереді. Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып, дәрігердің айтқанына құлақ асқаны жөн, — дейді Ерлан Тәтімов.

Ауруханада өкпесі қабынған жиырма тоғыз адам жатыр. Науқастардың туыстары аурухана ішіне кірмейді. Тәртіп қатаң. Бас дәрігер тұрғындарға арақашықтықты сақтап, медициналық бетперде киіп жүру керектігін ескертті. Қарапайым қауіпсіздікті сақтасақ, аурудың жұғу қаупі азаяды. Бір бетпердені бірнеше күн киюге болмайды.

Егер қауіпсіздікті сақтамасақ, айтқанға құлақ аспасақ, жағдай қиындап кетуі мүмкін. Адамдардың барлығы сақтанып жүрсе ғана вирустың алдын аламыз, —деді Ерлан Тәтімов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button