Спорт

Айсұлтан мен Мират — күміс жүлдегерлер

Темір ауданының спортшы жастары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жыл өткен сайын шеберлігін арттырып жүр. Пандемия кезінде де олар бұл қарқынынан қайтқан жоқ. Қуантарлығы сол, спорттың қай түрінен болсын, жетістіктер көп. Жақында Түркістан қаласында волейболдан өткен ел чемпионатынан да темірлік жас талаптар олжалы оралды.

Атап айтсақ, Түркістан қаласында 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған волейболдан ел чемпионатында Айсұлтан Сәдуақасов пен Мират Жақсылық күміс жүлдегер атанды. Темірлік жас спортшылар бұған дейін де облыстық сайыстарда осындай нәтиже көрсеткенін айта кету керек. Мират 2018 жылдан бері Темір ауданындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде волейболмен шұғылданса, ал Айсұлтан 6 жасынан осы спорт түріне ден қойған. Екеуі де болашағынан зор үміт күттіретін жеткіншектер. Бірнеше жылдан бері облыстың волейбол құрама командасында ойнап, түрлі бәсекелерде Ақтөбенің намысын қорғап жүр.

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев өрендерді жеке қабылдап, осынау жетістігімен құттықтады, олардың жаттықтырушысы Қуанышбек Селбаевқа алғысын білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button