Басты жаңалықтар

Үкімет жағдайды күрт өзгертуге тиіс

Президент эпидемиялық ахуалды жақсарту жөнінде қатаң талап қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздегі коронавирус ін­детіне байланысты эпи­де­миялық ахуал жөнін­де кеңес өткізді», — деп хабар­­лады Президенттің бас­пасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайын­да айтты. Жағдай бүкіл қоғам­ды алаң­датып отыр. Атқару­шы орган­дардың жұмысына азамат­тарымыздың көңілі тол­майды.

— Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутациялан­­­ған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қа­жып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда, – деді Президент.

Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Мұны локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Бүгінде олардың экономикасы мен азаматтары күнделікті өмірде пандемияның зардабын тартып отырған жоқ. Израиль мен Біріккен Араб Әмір­ліктерінде, вакцина салдырудан көш басындағы елдерде туризм, сауда, мейрамханалар желісі, шағын және орта бизнес секілді пандемия алғашқылардың бірі болып шарпитын салалар­­дың жұмысы қайта жандан­ған. COVID-19 індетімен күресте Қытай Халық Республикасы ай­тар­лықтай жетістіктерге жетті. Пандемия қаупіне шұғыл әре­кет ете білу мен жұмыла жұ­мыс істеу қабілеті Қытайдың ін­дет­ке қарсы тиімді күресуіне мүм­кіндік берді.

– Қытай әлемде алғашқы­лар­дың бірі болып коронави­рус­тың жаппай таралуын ауыз­дықтай алды. Сөйтіп, ауру жұқ­тырғандардың санын азайт­ты. Экономиканың қайта қалпы­­на келуін қамтамасыз етті. Қытай­дың үлгісімен Азияның Жап­о­ния, Оңтүстік Корея, Вьет­нам және Сингапур сияқты ел­дері де пандемияға қарсы нақ­ты іс-қимылдар жасады. Сон­дықтан бізге пандемияға қар­сы күресте және вакцина салу кезін­де Қытайдың осы ұтым­ды тәжі­рибесін ескерген жөн. Жал­пы, Қытай —Қазақстанның ұзақ­ мерзімді стратегиялық серіктесі. Әлемнің екінші экономикасы болып саналатын бұл елмен ынтымақтастық біз үшін пайдалы әрі мемлекетіміз­дің ұлттық мүддесіне сай келе­ті­нін түсінуіміз керек, – деді Президент.

Бүгінгі таңда елімізде 47 мың­­дай адам ғана иммунитет қалып­тастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші ком­понентті енді ектірген. Жағ­дай­дың бұлай болу  себебі – вакци­наның жетіспеушілігі.

– Вакцина сатып алу үшін алдын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айы­нан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет «Спутник V» вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бо­йын­ша уағдаластықтар еліміз­дегі вакцинацияны толық қам­тиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған Үндеуімде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мем­лекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қаржылық тұрғыдан тиім­сіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз, — деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вакцина сатып алу проблемасынан бөлек, оны жеткізу, сақтау, тікелей екпе салу мәсе­лесі де шешілген жоқ. Вакци­наны өңірлерге тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланыс­ты емханалардағы қоймалар мен мұздатқыш құрылғылардың жетіспеуі мүмкін. Сондай-ақ вакцина көлемінің өсуін ескере отырып, шприцтер қажетті мөлшерде сатып алынбаған деген мәлімет бар.

— Вакцинация ісін созбалаң­ға салу – жай ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл — азаматтарымыздың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз. Бұл — бизнес кірісінің азаюы, бюджетке салықтың толық түспеуі, жалпы, ұлттық байлығымыздың төмендеуі. Сондықтан бұл жұмыс төңі­регіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алексей Влади­ми­рович, дәл осы уақыт аралығында Ден­саулық сақтау министрі Үкі­меттегі ең негізгі тұлға еке­нін бұған дейін сізге айтқан бо­ла­тынмын. Сіздің ерекше құзы­ре­тіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бәсең­деп қалды. Сәуір айында жағ­дайды күрт өзгертуіңіз керек. Өйтпеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе, — деді Мемлекет басшысы.

Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды деп санайды. Қыз­мет­керлермен және олардың от­басы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

— Мен барлық азаматтары­мыз­ды вакцина салдыруға шақы­рамын. Бұл өзіңізді, ата-ана­ларыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, бір­­жылдық пандемия кезінде жи­наған тәжірибе мен қолдағы құрал-жабдықтардың арқасында қазіргі қалыптасқан жағдайдан шектеу шараларын қатаңдатпай, экономикаға аса көп салмақ салмай шыға аламыз. Алайда негізгі жұмыс әртүрлі секторлардың қызметін шектеп, мониторингтік топтардың рейдтері мен айыппұл салуға бағытталып отыр.

— Бір ғана Алматы қаласы­ның өзінде 250 мың адам жұ­мыс істейтін 50 мың кәсіпорын шектеу шараларының шең­берінде қалып қойған. Шектеу шаралары мен рейдтер біз күткен нәтижеге жеткізіп отырған жоқ. Қайта әлеуметтік наразылыққа себеп болып тұр. Мониторингтік топтың жұмысы бизнесмендер тарапынан сынға ұшы­рап жа­тыр. Тексеру топтары өз жұ­мыстарын алалап, күмәнді жағдайда атқаратыны айтылады. Кей нысандар тексеруден көз ашпаса, ал кейбірінде тексеру мүлде болмайды екен. Жүйелі түрде, қасақана тәртіп бұзатын адамдарды ғана жазалау керек, — деді Президент.

Президенттің пікірінше, про­куратураның жанынан рейдтер барысында орын алатын заңбұзушылық фактілері бойынша шағымдарды қабылдайтын call-орталық ашу керек. Ве­домствоаралық комиссия әкім­дер­мен бірлесе отырып, мониторинг жүргізетін топтардың жұ­мысын реттеуі тиіс.

Өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы бірқатар бұ­рын-соңды болмаған шара­лар қабылданды. Олардың қата­рында салық жүктемесін азайту, жеңілдікпен несие беру жә­не қолдаудың басқа да түрлері бар. Сонымен қатар бизнестің кей­бір түрлері әлі де карантинге бай­ланысты шектеуде қалып отыр.

— Үкімет келесі мәселелер­ді жедел пысықтауы керек. Бірін­­ші, зардап шеккен салаларда­ғы шағын және орта бизнес нысандары үшін салықтың жекелеген түрлерін және төлемдердің мерзімін шегеру. Екінші, са­лық және кеден қарыздарын мәж­бүрлеп өтеуді уақытша тоқ­тату. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқ­татылғанға дейін жалғасуы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелері бойынша төлемдерді шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет жаппай вакцина салу арқылы пандемия жағдайын сәуір айында жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады. Көп нәрсе тұрғындарға, соның ішінде шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина салудың қаншалық­ты сәтті өтетініне байланысты болмақ.

Цифрлы шешімдерді жедел қолдану карантин жағ­дайындағы шектеулер кезінде халықтың қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте «ASHYQ» жобасының аясын ұлғайту бизнестің ғана міндеті емес. Үкіметке жүйені кеңейтуді және белсенді енгізуді қамтамасыз ету қажет. Цифр­лы шешімнің тағы бір түрі ретінде бизнес объектілердегі азаматтардың көп шоғырлануын анықтауға мүмкіндік беретін, мобильді операторлардың мәлі­меттері негізінде қызмет ететін «жылу карталарын» енгізуді пысықтау тапсырылды.

— Мен елімізге мутацияланған штамдардың кірмеуі үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған едім. Елімізге келетін азаматтардан ПТР-тесттің теріс нәтижесі қатаң түрде талап етілуі тиіс болатын. Алайда бұл тапсырмалар орындалған жоқ. Ақпан айынан бері ПТР зерттеулерінің қоры­тындысын алмаған әуе жо­лау­шыларының саны екі есеге көбейген. 2020 жылдың қар­а­ша айында Қазақстанға кел­ген ПТР анықтамасы жоқ азамат­тар­дың үлесі 7,3 пайыз бол­са, қазір­гі уақытта бұл көрсет­кіш 27 па­йыз­ға жетті. Нәтиже­сінде елі­мізде жұғу қаупі өте жоға­ры мута­цияға ұшыраған үш бірдей штамм расталды, — деді Президент.

Қазіргі уақытта дертке шал­дыққан адамдардың саны күн санап өсіп барады. Сон­дай-ақ ауыр және аса ауыр жағ­дай­дағы науқастардың саны да көбейген. Бұдан бөлек өлім жағ­дайлары да артқан. Соны­мен қатар дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар мен жабдықтар жетіс­пейді. Жан­сақтау бөлімдері 64 пайызға ғана жабдықталған.

— Денсаулық сақтау саласына шектен тыс күш түсу қаупі бар. Оның алғашқы әсерін сезініп те үлгердік. Үкіметке және өңір әкімдеріне жан сақтау бөлімшелерін жабдықтау бо­йынша шараларды қабылдауды және оған бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларын жауапты ретінде бекітуді тапсырамын. Былтырғыдай жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді басқа стацио­нарлардан алу жағдайларына жол бермеу қажет, — деді Мем­лекет басшысы.

Жұғу қаупі жоғары штамдар анықталғаннан кейін жеке қорғаныш заттарымен қам­тамасыз ету мәселесі де өзек­ті бола түсті. Ең біріншіден, медицина қызметкерлерінің өздерін қор­ғау қажет. Жекелеген ай­мақ­тарда сатып алынатын жеке қор­ғаныш заттарының тап­шылығы немесе сапасыздығы байқалады.

– Біз «СК-Фармация» басшы­лығын ауыстырдық. Бұл — жаңа басшылықтың басқарушылық мүмкіндіктері көрінетін сәт. Болмаса, қызметінен босатыла­ды. Денсаулық сақтау министр­лігіне медицина қызметкер­леріне арналған жеке қорғаныш заттарының сапалы болуын және жеткілікті көлемін қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімінен қазақ­стандық вакцина шығаратын зауыт­тың пайдалануға бері­лу мерзімі туралы сұрап, кәсіп­орынға өзі баратынын айтты.

— Вакцина құю желісі 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылады. Зауыт осы кезден бастап вакцина шыға­ра бастайды, — деді Бердібек Сапарбаев.

Президент жиын соңында Қазақстан халқын вакцина салу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге  сенбеу­ге шақырды. Барша қазақстан­дықтардың денсаулығы және материалдық игілігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.

Жиында Премьер-Министр­дің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абы­лай Мырз­ахметов, Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгінов, Алма­ты қаласының әкімі Бақыт­жан Сағынтаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі.

 egemen.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button