Жаңалықтар

Жоспардан тыс тексеру көп заңбұзушылықты анықтады

Анық-қанық

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде құзырлы орган өкілдері «Парижская коммуна-ХХІ» ЖШС-ында анықталған заңбұзушылықтар мен оған қатысты қолданылатын шаралар жөнінде брифинг өткізді.

Облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғындарының өтініші негізінде былтыр 20 қараша-3 желтоқсан күндері аралығында өзі басшылық ететін мекеме «Парижская коммуна-XXI» ЖШС-ның 2018-2020 жылдардағы қызметі бойынша ҚР табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мәселелеріне сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізген.

— Жоспардан тыс тексеру кезінде тұрғындардың арызында көрсетілген барлық заңбұзушылықтар расталды. Яғни  биологиялық, құрылыс және қатты-тұрмыстық қалдықтардың  шошқа кешенінің іргелес аумағындағы траншеяларға жүйелі түрде көмілгені анықталды.

Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзуға жол бергені үшін серіктестікке жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеге 13 айыппұл және сұратылған мәліметтерді ұсынбағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама  толтырылды, нәтижесінде 1250100 теңге  әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бұл әкімшілік айыппұлдар мәжбүрлі түрде өндіріліп алынды.

Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залалды өтеу туралы жалпы сомасы 7 027,5 миллион теңгелік  6 шағым берілді.  Бүгінгі таңда департаменттің залалды өтеу туралы талаптары Ақтөбе облысының мамандандырылған экономикалық сотында қаралып жатыр.

Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының,    атап айтқанда, көң қоймасын пайдалану  һәм тоғандар мен   жер бедерін ластайтын     өндірістік сарқынды суларды ағызуды тоқтату туралы талаптарын орындамағаны үшін    «Парижская коммуна-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметін тоқтату жөнінде екі талап-арыз, сондай-ақ мекемені мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы мен қоршаған ортаға эмиссияға  рұқсаттан   айыру жөнінде бір талап-арыз берілді.

Бұл мамандандырылған экономикалық сотта қаралып, департаменттің талабы түгелдей қанағаттандырылды.

«Парижская коммуна-ХХІ» ЖШС сот шешіміне аппеляциялық шағым түсірді.  Ол биылғы   7 сәуір күні  қаралатын болады.

Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 321-бабының 4-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мәселелері бойынша 1 сәуірде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа «Парижская коммуна-XXI» серіктестігінен 7 027 459 824 теңге мөлшерінде экономикалық залалдың жалпы сомасын өндіріп алу туралы талап-арыз жолдады, — деді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Ал облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Айгүл Иманғазина аталған заңбұзушылыққа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің  332-бап 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс әлі сотта тексеріліп жатқанын баяндаса, Ақтөбе облысы бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қайрат Таңқаев барлығының заң талабына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button