Жаңалықтар

Қажығали есімі — Астана төрінде

Құрмет

Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы оқу залы ашылды.

Оқу залының ашылуына кітапхана қызметкерлері, астаналық қаламгерлер, Қажығали Мұханбетқалиұлының жақындары қатысты.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева:

— Біз таным көкжиегі кең, жан-жақты білімді, елін, халқын сыйлайтын жастар тәрбиелесек дейміз. Оқу залы сол мақсатта ашылып отыр. Биыл — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Ал Қажығали Мұханбетқалиұлы — еліміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында аянбай тер төккен жазушы, оның қажырлы еңбегі ертеңгі күні осы залға білім, ғылым іздеп келетін жастарымызға үлгі етуге лайық, — деді.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіков:

— Қажығалимен ұзақ жылдар сыйлас, дос болдық. Оның достыққа деген адалдығы айрықша еді. Ол өз шығармашылығында да ізгілікті, тазалықты дәріптеумен өтті, — деді.

Оқу залының ашылуында, сондай-ақ ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, белгілі жазушы Марат Мәжитов, т.б. сөз сөйледі.

Көрнекті жазушы, жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлына «Тар кезең» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілген болатын. «Тар кезең» романының бас кейіпкері — ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің басшысы, би әрі батыр Сырым Датұлы. Роман 2012 жылы жарыққа шыққан.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button