Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы шаралар басталды

Брифинг

Облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар басталды. Қазіргі күні облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар құрылып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірде су басу қаупі бар аймаққа жататын 30 елді мекен анықталыпты. Онда 11 мыңнан астам адам тұрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар» тақырыбында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Құмар Тұрмағамбетов мәлімдеді.

Бекітілген іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Бүгінгі таңда облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар құрылып, жұмыс жасап жатыр. Ғарыштық мониторингтің деректері бойынша,  қазіргі уақытта облыс аумағындағы қар жамылғысының көрсеткіші  — 80 пайыз. Бұл Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Ойыл, Темір аудандарының оңтүстік аумақтарында қар толығымен еріп кеткендігін көрсетеді, — деді Қ.Тұрмағамбетов.

Оның айтуынша, қазір департамент мамандары «Қазгидромет» мекемесі  қызметкерлерімен бірлесіп Елек және Қарғалы өзендерінің бассейндеріне маршруттық тексерулер жүргізіп жатыр. «Бүгінгі күні қала аумағындағы 3 ірі су қоймасындағы су көлемі анықталды. Атап айтсақ, «Ақтөбе» су қоймасына 49,59 миллион текше метр су жиналды. Жобалық меже — 245 миллион текше метр. Сол сияқты, «Қарғалы» су қоймасының 12 пайызына, «Сазды» су қоймасының 11 пайызына ғана су жиналды, — деді ол.

Биыл облыста су тасқынына қарсы іс-шараларға 218 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Қазіргі күні аймақта сыйымдылығы 13 мың адамға шақталған 76 уақытша орналастыру пункті дайындалыпты.

Бүгінгі таңда өңірде су басу қаупі бар аймаққа жататын 30 елді мекен анықталды. Мұндай елді мекендердегі жалпы саны 1524 үйде 11 мыңнан астам адам тұрады, — деді Қ.Тұрмағамбетов.

Брифингте департамент өкілі су тасқыны жағдайын жою мақсатында жалпы саны 1584 адам, 467 бірлік техника, 73 бірлік жүзу құралы, 229 бірлік мотопомпа жұмылдыру жоспарда барын айтты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button