Басты жаңалықтар

Облыс әкімі науқастардың жағдайын білді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин COVID-19 ауруына шалдыққан науқастар жатқан фтизиопульмонологиялық орталықтың қызметімен танысып, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын қарап шықты.
Фтизиопульмонологиялық орталық 500 төсек-орынға есептелген, оның ішінде 75 реанимациялық орын коронавирус инфекциясымен ауыратындарға көмек көрсетуге арналған.
Облыс әкімі қабылдау бөлмесін, реанимациялық, рентген-диагностикалық бөлімдерді қарап шықты.
Фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов науқастар тапсырған ПТР-тесттің нәтижесі бір сағаттың ішінде берілетінін айтты. Сондай-ақ, қабылдау бөлмесінде рентгендік зерттеу жасалады, бұл диагноз қойып, соған сай ем тағайындауды жылдамдатады.
Мекеме толығымен жоғары білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген: орталықтың 11 қызметкері қосымша инфекционист, 11 қызметкері пульмонолог мамандықтарына оқытылған. Жұқпалы аурулар бөлімінің жұмысына ангиохирургтар, кардиологтар, эндокринологтар, неврологтар мен хирургтар, барлығы 24​ маман тартылған.
Орталықта дәрілік заттардың екі айлық қоры жасалып, материалдық-техниканы нығайту шаралары қабылданған: өкпені жасанды желдететін 75 аппарат, биохимиялық гемотологиялық талдағыш, рентген-диагностикалық қондырғы, компьютерлік томограф, функционалды кереуеттер және т.б. көптеген құрылғылар бар.

Реанимация бөліміне косметикалық жөндеу жүргізіліп, қуаты минутына 600 л болатын оттекті-концентратты станса орнатылған. Бұл мақсатқа былтыр бюджеттен 618 млн теңге бөлінген болатын.
Оңдасын Оразалин ақтөбеліктердің хал-жағдайларын сұрап, оларға тез сауығып кетулерін тіледі.
«Өңірдің эпидемиологиялық жағдайы айтарлықтай күрделі. Әрине, біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Ең бастысы – пандемияның бірінші толқынындағы қателіктерді қайталамауымыз керек. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға қаражат аударылды, дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Мен сіздердің кәсіпқойлықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңызға шүбә келтірмеймін, өкінішке қарай, бәрі де өңір тұрғындарына байланысты. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы ақтөбеліктердің қауіпсіздік шараларын сақтамауынан болып отыр. Көп нәрсе бізге байланысты», – деді облыс әкімі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев Оңдасын Оразалинге ағымдағы жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде коронавирус ауруына шалдыққан науқастарға көмек көрсететін 41 медициналық мекеме, соның ішінде 15 инфекциялық стационар, 21 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, резервте бес стационар бар.
Медициналық мекемелерде тәулік бойы жұмыс жасайтын 3063 төсек-орын қойылған. Соның ішінде 894-і аудандық болса, оның 465-і – Ақтөбе қаласындағы провизорлық стационарларда, 180-і- облыс аудандарында.
Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 388 адам ем алып жатыр. 36 адам карантин стационарында. Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш пен Шалқар қалаларында 19 томография кабинеті жұмыс жасайды, 10 зертханада ПТР диагностикасы жасалады. Олардың қуаты тәулігіне 5380 талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Вакцина егу науқаны басынан бері облысқа 17800 доза әкелініп, 7460 ақтөбелік егілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button