Басты жаңалықтар

Облыс қызыл аймаққа енді

Мектепке қай сыныптың оқушылары барады?

Кеше біздің облыс қызыл аймаққа енді. Соған байланысты 30 наурыз күні шыққан облыстың бас санитар дәрігерінің  қаулысына өзгеріс енгізілді. Бүгін жаңа оқу тоқсаны басталды. Бала саны 300 оқушыға дейінгі 170 білім шаңырағында оқу процесі қашықтан ұйымдастырылып жатыр. Қаулыдағы өзгерістерге сәйкес, аталған білім мекемелеріндегі тек 9 және 11 (12) сынып оқушылары ғана мектепке барады.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Шараға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан қатысты.

Бүгіннен бастап біздің облыс сары аймақтан қызыл аймаққа көшті. Індетке шалдығушылардың көбеюіне, оқушылардың да саны артуына байланысты қаулыға өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар, яғни 9 және 11 (12) сынып оқушылары мектепте оқиды. Оларға сабақ аралас форматта өтеді. Сабақтың 70 пайызы мектепте, қалғаны қашықтан ұйымдастырылады, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кету керек, 30 наурыз күнгі мәлімет бойынша бір тәулікте індетке шалдыққан 82 науқас тіркелді. Оның 52-сі симптомды. Аурудың бұл түрінің 40-ы — Ақтөбе  қаласында,  Алға мен Ойыл аудандарында 4 адамнан тіркелді. Симптомсыз түрі — 30 жағдай. Оның 26-сы облыс орталығында анықталды. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 1,6 пайыз.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, жаңа оқу тоқсанында бала саны 300 оқушыға дейінгі мектептерде оқу процесі штаттық режимде өткізіледі. Облыста жалпы 416 мектеп бар.

Оның 246-сында дәстүрлі форматта (сыныптардағы бала санын 25  оқушыдан асырмай) білім беріледі. Бұл негізінен — ауыл мектептері.  Аталған білім шаңырақтарындағы бала саны —  23 820 оқушы (14,9 пайыз). 170 мектеп қашықтан оқытады. Ондағы оқушы үлесі — 135 782 бала (85,1 пайыз).

Білім беру ұйымдарында індет жұқтырғандар анықталған жағдайда сыныпқа карантин белгіленіп, барлық оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылады, — деді Жолдас Батырхан.

Қаулыға сәйкес, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттар, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың (М.Құсайынов атындағы МИ, Білім-инновация лицейі, облыстық физика-математика МИ) жұмысына рұқсат беріледі.

Брифинг барысында аталған департамент және басқарма басшылары тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button