Жаңалықтар

Жергілікті тауар өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында еңбек дауы, кәсіпкерлікті дамыту және өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы туралы мәселелер талқыланды. Оған «Ақтөбе» ӘКК» АҚ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалин былтыр өңірде кәсіпорындар мен мекемелерге 588​ тексеру жүргізіліп, 721 заңбұзушылық анықталғанын, олардың алдын алып, болдырмау үшін 471​ ұйғарым​ берілгенін жеткізді.

Оның айтуынша, 13,4 млн​ теңгеге 47 әкімшілік айыппұл салынған. 930-дан астам жұмысшының айлығын 10 пайыздан​ 40 пайызға дейін (оның ішінде 50-ден аса орта және ірі компаниялар орташа еңбекақы мөлшерін​ 15%-ға дейін) көтерген. Жыл басынан бері бірқатар кәсіпорындар, оның ішінде мұнай саласындағы​ «Каспий нефть ТМЕ»​ АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ,​ «СНПС-АТК»​ ЖШС, «Сағыз Петролиум» ЖШС жұмысшыларының еңбекақысы​ 20%-ға,​ «КМК Мұнай» АҚ 6 %-дан​ 20%-ға,​ «AltynEx Company» АҚ​ 25%-ға​ көтерілген.

— Өкінішке қарай, еңбекақыны көтеру, еңбек қатынастары, ұжымдық келісімшартты сақтау, өндірісте жарақат алу мәселелері өзекті болып қала береді. Осыған байланысты профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, жұмыс берушілермен және жұмысшылармен тығыз байланыста болуы керек, — деп тапсырды облыс әкімі.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов 2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің​ 2416​ жобасы қолдау тапқанын жеткізді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 45%-ға көбейген. Сондай-ақ 1,3 мыңнан аса субъектіге «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілген. Осы бағытта Ақтөбе облысы республикада көш бастап тұр.

— Бағдарламаның жаңа шарттары кәсіпкерлерді белсенді етуге ықпал етіп, нәтижесінде осы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 500-ден аса жоба қолдау тапты. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 есе көп. Биыл кемінде 2200 жобаға қолдау көрсетіледі деп күтіліп отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 217 жобаны жүзеге асыруға 59 миллиард теңге бөлінді, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, былтыр өңірдегі карантин мен шектеу шараларына қарамастан, пандемияға байланысты жұмыс жасап жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны​ 4,5%​-ға өсіп,​ олардың саны 61,8​ мыңға жеткен. Бұл салада​ 154,7​ мың адам жұмыс жасауда, былтыр​ 782,5 млрд​ теңгенің өнімі шығарылған. Ал ішкі туризмді дамыту шаралары барысында өткен жылы өңірге​ 85​ 050​ турист келген.  Туристік нысандарды насихаттау мақсатында облыста туристік бағыттар жаңартылып, барлық ауданға 12 ақпараттық тур ұйымдастырылған. Байғанин, Қарғалы, Ойыл, Қобда, Мәртөк аудандарына бес потенциалды бағыт анықталған.

Біздің өңірде ішкі туризмді дамытуға барлық жағдай жасалған. Қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл саланы дамытудың нәтижесінде біз туристердің көбеюіне, қызықты жобалар мен жаңа жұмыс орындарына қол жеткіземіз, — деді облыс әкімі.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы​ 110,2%-ға өсіп, бағалар көрсеткіші​ 102,5%​-ды құраған. Бұл — еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш.

Азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында облыс әкімі жергілікті тауар өндірушілермен мақсатты жұмыс жүргізуді, оларды ынталандырып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Бұдан кейін жиында облыстық​ индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы​ Иран Шархан​ былтыр облыстағы кәсіпорындар 1,8 трлн теңгеге өнім өндіргенін айтты. Соңғы үш жылда​ өңдеуші өнеркәсіп​ секторының үлесі​ 28​%-дан​ 34,5%​-ға өскен. Бұған облыстың шикізатқа деген тәуелділіктен арылып жатқаны дәлел.

Өткен жылы​ 647 млрд​ теңге инвестиция тартылып,​​ 1​156​ жұмыс орны ашылған, 23 инвестициялық жоба жүзеге асқан. «Ақтөбе» индустриалды аймағында​ 28​ жоба жүзеге асырылуда, оның 8-іне шетелдіктер үлес қосуда. Жалпы жобалар құны​ — 43,7 млрд​ теңге. Биыл​ 6,2 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, жыл соңына дейін​ 21,8 млрд​ теңгеге тағы 5 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Қазіргі таңда «Гебзе» ерекше индустриалды аймағын дамыту шаралары қабылданып жатыр.

Биыл өңірге​ 801 млрд​ теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.​ 54,2 млрд​ теңгеге 600 жұмыс орнын ашатын 10 жоба пайдалануға беріледі. Олардың ішінде «ЭкоТехПрогресс»​ ЖШС-ның мұнай құрамды зиянды қалдықтарын қайта өңдейтін зауыты, «Global Service Company»​ ЖШС-ның диализатор өндіретін зауыты бар.

Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button