Жаңалықтар

Сақтық шараларын бұзған 67 субъектіге айыппұл салынды

Брифинг

Инстаграм желісіндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде «Мониторингтік топтардың жұмысы туралы» брифинг ұйымдастырылды. Бұл туралы фейсбуктегі облыстық әкімдіктің парақшасынан да көруге болады.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сергей Лидің айтуынша, Астана және Алматы аудандары бойынша 11 мониторингтік топ жұмыс істейді. Құрамына Астана, Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің өкілдері енген топ қоғамдық орындарда бетперде кимеген, әлеуметтік қашықтық сақтамаған, той, садақа жасаған, яғни еліміздің Бас санитарының және облыстың бас санитарының қаулыларында көрсетілген шектеулер мен тыйымдарды бұзған жағдайларды анықтап жүр.

— Мониторингтік топ жыл басынан бері 331 рейд жүргізді. 1700-ден астам объекті тексеріліп, карантин шараларын бұзған 140 бұзушылық анықталды. Рейд материалдары тиісті шараларды жүргізу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды. Қазіргі таңда 67 субъекті әкімшілік жазаға тартылып, оларға 10 миллионнан астам теңгеге айыппұл салынды, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сергей Ли.

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, былтырғы тәжірибе мониторингтік топ құрамында полиция қызметкерлерінің болуын көрсетті, қазіргі таңда олар күні-түні қызмет істейді.

— Өңірдегі эпиджағдай қолайсыз. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай алдын алу шараларының ойдағыдай болмағанынан іске асып отыр. Ол қандай шара? Бар болғаны, инфекцияға бейжай қарамай, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қоғамдық орындарда бетперде кию. Бар болғаны, мейлінше жиындар мен той-садақаларды шектеу, себепсіз бармау. Сонда ғана індетті жүгендеуге мүмкіндігіміз болады. Әйтпесе соңғы кездері қайтадан босаңсу байқалып тұр. Бәріңізді барынша сақтық шараларын сақтауға шақырамын, — деді облыстың бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин.

Ал Ақтөбе қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Аманжол Өтеғалиев:

— Мониторингтік топтың материалдарын, әкімшілік істерді қарау бізге бекітілген болатын. Бізге жыл басынан бері мониторинг топтан 140 іс келіп түсті. Оның 90-ы қаралды. 67-сіне хаттама толтырылып, 9 миллионнан астам теңгеге айыппұл салынды. Биыл қалалық әкімдікте үйлестіру орталығы құрылған болатын. Орталыққа түскен 24 шұғыл хабарламаның 7-еуі тексерілуде. Қалған істер қаралып, 14 хаттама толтырылып, 904 270 теңге айыппұл салынды. Бүгінгі күнге дейін полиция бөлімінен 87 материал түсті. Оның 31-іне айыппұл салынды. Қалғаны қаралуда, — деді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button