Әлеумет

Мүгедектер құқығын заң қорғайды

Түрлі әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарда, көліктерде мүгедектердің басқалармен бірдей еркін жүруі қамтамасыз етілуі керек. Бұл елімізде заңмен қаралған.

Айталық, 2005 жылы «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданған. Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 83-бабында көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарда мүгедек жандардың еркін жүріп-тұруы қамтамасыз етілмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту қаралған.

ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің мамандары осы заңдардың орындалуын, яғни мүгедектер құқығының қорғалуын бақылауда ұстайды. Өткен жылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің мамандары жүргізген жұмыстар қорытындысында осы бағыттағы 150 құқықбұзушылық анықталып, бұл жағдайлар бойынша 44 ескерту жолданды. Қазіргі күні 17 ескерту бойынша шаралар қабылданған, яғни заң талабына сай нәтижеге қол жеткізілді.

Биыл жыл басынан бері 12 нысанда тексеру жүргізіліп, 32 құқықбұзушылық анықталды. Олардың барлығына ескерту жолданды. Ескертулерде көрсетілген құқықбұзушылықтар тиісті мерзімде орындалған жағдайда ешкім әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Сонымен қатар бөлім мамандары заңды тұлғалар мен азаматтардың арыз-шағымдары бойынша да тексерулер жүргізеді. Өткен жылы жүргізілген осындай тексерулердің қорытындысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 83-бабына сай кәсіпкерлерге 400 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Забира ӘБДИЕВА,

халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button